Жол апаты: ширек ғасырда 80 мың адам көз жұмды
Жол апаты: ширек ғасырда 80 мың адам көз жұмды
143
оқылды
Әйтсе де, бұл саладағы қазіргі жағдай біраз түзелгені байқалады. Оны Ішкі істер министрлігінің соңғы таратқан ақпараттары нақ­тылай түседі. Соңғы 6 жылда рес­пуб­лика жолдарындағы апат­тар саны 29%-ға азайыпты. Апат салдарынан болатын кісі өлімі 21%-ға, жарақат алу 26%-ға ке­мі­ген. Бұл динамика биыл да бай­қалып отыр. «Өткен 9 айда елімізде 8 933 жол-көлік оқиғасы тіркелді, мұнда 1 265 адам қаза тауып, 11 780 адам жарақат алды. Өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда ЖКО 22%-ға, яки 11 484-тен 8 933-ке дейін төмендеген. Сәйкесінше қаза тапқандар саны 19%-ға, 1 552-ден 1 265-ке және жараланғандар саны 23%-ға, 15 324-тен 11 780-ге дейін азайды», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов. Жол-көлік оқиғаларының ең бірінші себебі – әдеттегідей жол қозғалысы ережелерін бұзу. Соның ішінде ең көбі, яки үштен бірі – жыл­дамдық режимін асыру. Мұн­дай 2 883 жол-көлік оқи­ға­­сы­нан 527 адам қаза болып, 3 918-і жарақат алған. Сондай-ақ бар­лық қаза болғандар мен жа­рақат алғандардың ширегі жаяу жүр­гіншілер екен. Олар сәйкесінше 344 адам – 24% және 2 897 адам – 27%. Ал жас­өспірімдердің қатысуы­мен болатын жол-көлік оқиғалары орташа есеппен алғанда 30%-ға төмендеген. 165 баланың өмірін қиып, 2 049 бала жарақат алған оқиға саны – 1 825. «Жүргіншілердің кінәсінен биыл 356 ЖКО бол­са, онда 75 адам қаза болып, 298-ы жа­рақат алды. Жол көлік апатының ең көбі, 75%-ы елді мекендерде болады. Қаза болатындардың 40%-ы және жарақат алатындардың 70%-ы осында. Мәселен, жыл ба­сы­нан бері ауыл-қалаларда 6 740 оқи­ға болып, 516 адамның өмірі қиы­лып, 8 341 адам зардап шекті», –дейді Серік Амантайұлы. Жол ережелерін бұзудың, соның ішінде жол-көлік оқи­ғаларының азаю себебінің бірі автоматты бейнебақылау жүйе­лерінің осы салаға дендей ене бастағанында екен. Жолдағы ере­же бұзу деректерін автоматты түр­де тіркейтін бұл жүйелер жол қозғалысы қатысушылары тәрті­бінің дұрысталуына айтарлықтай әсер етіп отыр. «Қазіргі уақытта республика жолдарында барлығы 11 мыңға жуық осындай жүйе жұмыс іс­теп тұр. Техникалық бақылау құ­ралдарының көмегімен рес­публика бойынша жыл сайын 1,2 миллион заңбұзушылық анық­талады. Бұл – жол қозғалысы ережелерін бұзудың 40%-ы. Мұндай шаралардың нәтижесінде бюджетке 7 млрд теңгеден ас­там қаржы түсіп отыр. Олар жол қозғалысын қадағалауда және оған қатысушылардың тәрті­бін арттыруда өз тиімділігін дә­лелдеді», – деді полиция под­полковнигі. kolik apati1 Осылайша, бейнебақылау ка­мераларының мұндағы үлесі 40% болып отыр. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері барлығы 3 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анық­таған болса, соның аясында 119 мың жүргінші әкімшілік жа­уапкершілікке тартылып, көлік құралын мас күйде басқарған 13 мың жүргізуші ұсталған. Сот үкімі­мен 15 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылған болса, 12,5 мың ереже бұзушы әкім­шілік қамауға алынған. «Бірақ тәртіптің сақталуын ақпараттық техникалар ғана ба­қыламайды. Патрульдік полиция нарядтары көлік ағыны күшті және апаттық деңгейі жоғары болатын неғұрлым күрделі учаскелерде жұмыс істейді. Мәселен, елді ме­кендерде олар жүретін 2 мыңнан астам бағдар белгіленген болса, қала сыртындағы автожолдарда 211 патрульдеу бағдарлары бар. Мүдделі мемлекеттік ор­гандармен бірлесіп, тұрақты түр­де жедел-профилактикалық іс-ша­ралар өткізіліп тұрады. Олар – «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Борышкер» және т.б. рес­публикалық шаралар», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары. Ішкі істер органдары сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағ­дайына да қадағалау жасайды. Мәселен, жыл басынан бері жол ин­спекциясы 388 268 километрді қамтитын жолға 19 738 зерттеу жүр­гізіп, жол қозғалысы қауіп­сіздігіне теріс әсер ететін 39 529 жол ақауын тапқан. Оның ең көбі Жамбыл (9 213 ақау), Алматы (5 163 ақау) және Түркістан (4 510 ақау) облыстарында екен. Осы ретте оларды жою бойынша 19 715 алдын ала ескерту беріліп, жол күтіміне жауап беретін 2 347 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды. «Жыл басынан бері 1 358 тексеру жүргізіп, 145 лауа­зымды тұлғаны әкімшілік жауап­кершілікке тарттық. Біз берген алдын ала ескертулер бойынша 4 700 жол белгілері қойылып, 5 000 км жол жолақтары сызылды. Ұзына бойы 250 метр жасанды кедергілер орнатылып, 380 шаршы метр кедір-бұдыр жолақтар жағылды. Мұндай тексерулерге Біздің департаменттің әкім­шілік полиция басқармасы қыз­меткерлері мен облыс әкім­дігінің, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Қа­зақ­автожол» ЖШС өкілдері қа­тысты», – дейді Жамбыл облысы ПД ӘПБ бастығы Мәмбет Смаилов. Елімізде 24 мың шақырым республикалық жолдар бар болса, оның тең жартысы ғана жақ­сы жағдайда, 9 км жолдың жағдайы орта­ша, ал қалған 3 мың шақырым жол күрделі жөн­деу­ді қажет етеді. Облыстық деңгейдегі жер­гілікті жолдардың жалпы ұзындығы – 70 мың километр. Олардың 25%-ы ғана жақсы жағ­дайда, 48 пайызы қанағаттанарлық, ал 21 мың жолға күрделі жөндеу қажет. Жол сапасының қозғалыс қауіпсіздігінде рөлі зор екені рас. Бүгінгі таңда елімізде 4,2 миллион автокөлік бар болса, оның 400 мыңы жүк көліктері. Ендеше соңғы жылдары елімізде көлік санының артып отырғанына қарамастан, ЖКО деректерінің азайғаны, әрине қуантады.

Нұрлан ҚОСАЙ