Бопсалауға бойсұнба, борышкер!
Бопсалауға бойсұнба, борышкер!
Қазіргі таңда Қазақстанда 193 коллектор агенттігі бар екен. Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2019 жы­лы атал­мыш ұйым­дардың іс-әре­кет­теріне қа­тысты 353 шағым түссе, 2020 жыл­дың сегіз айында 158 шағым тексерілген. Бір қара­ғанда, бұл шектеулер жалпы жағ­дайды жақсартатын сияқты. Алайда кейбір азаматтардың әлі де көңілі күпті. «Ақжүніс» аналар қоғамының жетекшісі Жұлдыз Ақтанжанованың пікірінше, қағаз жүзінде бәрі керемет болғанымен, іс жүзінде коллекторлар заңды орындауға асықпайды.
– Бұл «өзгерістер» ештеңе өз­гертпейді. Коллекторлардың сот орындаушыларымен сыбайла­са жұмыс істейтінін, тағы бас­қа әрекеттерін ескерсек, өз ісін он­ша меңгермегенін байқай­мыз. Олар қай шаруамен қа­лай ай­налысу керегін дұрыс түсін­бейді. Қазақстанда бұл жаңа қызмет түрі болғандықтан, кол­лек­тор­лар­дың көбі біліксіз. Банк­тен, сот орындаушысынан қан­дай айыр­масы барын да біле бер­мейді. Былайша айтқанда, профессионалдар емес, – дейді Өскемен тұрғыны. Жұлдыз Ақтанжанова бас­қа­ратын «Ақжүніс» аналар қо­ғамы коллекторлық қызмет мәсе­лесін көптен бері көтеріп жүр. Өйткені көпбалалы, жалғызбасты аналардың дені банкке берешек. Көбінің ісі коллектор агенттігіне өтіп кеткен. Олардан жапа шек­кен қорғансыз әйелдер екі күн­нің бірінде мұңын шағады екен. Сон­дықтан «Ақжүніс» ана­лар қоғамы Президентке ашықхат жазып, «Жекеменшік компаниялардың мүддесі неге Үкіметтің әлсіз топтарды қолдау саясатынан жоғары тұр?» деп сауал тастаған. – Негізі, коллекторлар шетелге барып, тәжірибе алмасып қайтса, жақ­сы болар еді. Шетелдің коллек­торлық қызметі адамды толықтай қарыздан алып шыққанға дейін кон­сультациялық жұмыс жүр­гізеді. Борышкердің дивидендін, қаржылық мүмкіндігін, бүкіл жай-жапсарын зерттейді. Қарыздан құтылу амалдарын көрсетеді. «Мен сені қамаймын, қырам-жоям» деп бопсаламайды. Олар адамды қарыздан құтқаруға мүдделі. Міне, мәселе қайда жатыр! Ал біз­дікілер өз пайызын алса болды, адамның кейінгі тағдырына бас қатырмайды. Яғни, Қазақстанда бұл қызмет әлі дамымаған, – дейді Жұлдыз Ақтанжанова.
Осы орайда, шетел тәжірибесіне көз жү­гіртейік. The Guardian газетінің мәліметіне сенсек, әрбір екінші ағылшын отбасы ипотеканы есептемегенде банкке 10 мың фунт берешек екен. Егер азамат қарызын өтей алмаса, мемлекет бөліп төлеу сияқты түрлі жеңілдік ұсынады. Ағылшын коллекторлары да күн сайын телефон соғады, жұмыс орнына барады. Бірақ жылжымайтын мүлік немесе өзге де дүниелерді тартып ала алмайды. Жалпы, Еуропа елдерінде коллектор агенттіктері лицензия алуға міндетті. Өз қыз­меті туралы үкімет орындарына есеп береді. Еуропа шенеуніктері коллекторлардың көмегімен салық пен тендер борыштарын, айыппұлдарды қайтарады. Ал Германияда Коллектор агенттіктерінің ассоциациясы құрылған. Жаңадан ашылғандары сонда тіркелуі керек. АҚШ-та коллекторлардың жұмысы қар­жы кеңесшісіне көбірек ұқсайды. Коллек­торлық қызметті реттейтін 19 тараудан тұра­тын заң 1977 жылы қабылданған. Заң бойын­ша коллекторлар қоқан-лоқы жасап, үздіксіз телефон шалмайды. Психологиялық қысым көрсетуге құқығы жоқ. Жұмыс орнына хабар­ласу борышкердің беделіне нұқсан келтірсе, оның бір-ақ өтінішімен қоңырау­латуын бірден доғарады. Көрші Ресейде ахуал қиын. Сәбидің бетін күйдіру, «балабақшаны жарамын» деп қорқыту, «қарызыңды қайтармасаң, жезөк­шелікпен айналысасың» деп қорлау – кейбір орыс коллекторларының тұрақты әдісі. Мәселен, Ульяновск қаласында коллектор 4 000 рубль (53 доллар) несие алған пәтер иесінің терезесіне «Молотов коктейлін» лақтырған. Шөлмек төсекте жатқан екі жасар сәбидің қасында жарылып, баланың беті мен денесінің 40 пайызын күйік шалған. 3 миллион рубль (40 мың доллар) несие алған сібірлік ағаш кесуші жүкті әйелін, екі баласын өлтіріп, артынан өзін атқан. Мұндай қадамға баруына зорлықшыл коллекторлар кінәлі деседі. Ростов облысында коллекторлар балабақ­ша қызметкеріне «қарызыңды қайтармасаң, балабақшаны жарамын» деген. Полиция балабақшаға арнайы иттері мен қызмет техникасын апарып, шұғыл түрде балалар мен қызметкерлерді эвакуациялаған.
– Бізде әзірге ондай оқиғалар тіркелген жоқ. Бірақ қорқытатыны рас. Олар өздерінше ішкі істер органының құзыретін иемденіп алған. «15 тәулікке жабамыз», «мал-мүлкіңді тәркілейміз», «ата-ана құқығынан айырып, балаларыңды тартып аламыз» деп бопсалайды. Боқтайды, ар-намысыңа тиеді, – дейді Жұл­­дыз Ақтанжанова. «Коллекторлық қызмет туралы» заң жоба­­сы 2016 жылы қабылданғаны белгілі. Оған дейін коллекторлардың қызметі арнаулы заңмен реттелмейтін. Заң жобасында «банкке борышкер адамдардың қарызын қайтару жайы, коллекторлық қызметтің дамуына қо­лайлы құқықтық жағдай жасау, қарызды өндіріп алуда қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру, борышкерлердің құқығы мен мүддесін коллектор агенттіктері тарапынан болуы мүмкін заңға қайшы әрекеттен қорғау, коллекторлықтың жариялылығын қамта­­масыз ету» жөні қамтылған. Бірқатар депутат оны сынап-мінеп, Үкіметтің қайта қарауына жіберуді талап еткен. Мысалы, атышулы Мұхтар Тінікеев заң жобасын рэкетті заңдас­­тыратын антихалықтық жоба деп атаған. – Заң жобасын «Атамекен» ұлттық пала­­­тасы, қаржыгерлер қауымдастығы, қар­­­­жы ұйымдары қауымдастығы, коллекторлық ұйымдары мақұлдады депсіздер, ал мойнында несиесі бар жұрт мақұлдады ма? Сіздерде қара­пайым борышкерлердің пікірі бар ма? – деп шүйліккен. Тінікеевке қарсы шыққан Гүлжан Қара­­ғұсова «заң жобасы – коллекторларды тізгін­деп ұстауға таптырмайтын тәсіл» деп жақтап сөйлеген. – Мафиямен күресу үшін оны басқару керек деген сөз бар ғой. Міне, енді бұл мафияны мемлекет осы заңмен реттейді. Кешіріңіз, дұрыс айтпадым, бірақ принципі солай, себебі тиісті ережелерді орнату керек. Қарыз алушылардың құқығын Консти­­­туциядан бөлек заңдармен де қорғау қажет, – деген еді Қарағұсова.
Байқадыңыз ба, халық қалаулылары «мафия», «рэкет» деген сөздерді еш тайсақ­тамай, емін-еркін айтады. Демек, коллек­торлардың ұйымдасқан қылмыстық топқа ұқсайтынын мойындайды. Былтыр Бас прокурордың көмекшісі Қайрат Райысов та «коллекторлық қызметпен бұрынғы қарақ­шы­лар айналысып жүр» деп дабыл қаққан. Айтпақшы, осы Бас прокуратура арнайы тексеру жүргізіп, коллекторлар мен жекемен­шік сот орындаушыларының ымыраласып заңсыз схема құрғанын анықтады. Сот орындаушыларының электронды қолтаңба кілтімен мемлекеттік ақпараттық базаға кір­ген коллекторлар халықтың мүлкін тұтқын­дап, сатуға шығарған, банк шоттарын бұғат­таған. Бір ғана Алматының өзінде 35 кол­лектор агенттігі осы әдісті қолданыпты. Сот орындаушылары сол үшін ай сайын 250-300 мың теңге сыйақы алып отырған. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, коллекторлардың қорлығына көніп, жалған ақпаратына сеніп, заңгерге жүгінбейтін азаматтардың да қарасы қалың. Олар ақшаны пайыздарымен, өсімақысымен, айыппұл­дарымен төлеп, өз еркімен оңай олжаға айналады. Әрине, коллектор біткенге топырақ шашпаймыз. Әдептен озбай, тәртіп бұзбай қызмет атқаратын агенттіктер де бар. Деген­мен алда-жалда біреудің құқығы тапталса, Ұлттық банкке арыз-шағым жолдауына болады. Заңға сәйкес, коллекторлар борыш­кер туралы деректерді көпшілікке жария қылса, 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл төлейді. Әрекетінде қылмыс белгілері болса, 2,5 жылға бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ