Подполковниктің «еркелігі»
Подполковниктің «еркелігі»
101
оқылды
Соңғы кездері әскери сала маман­дарының  еліміздің қорғаныс өнер­кәсібі  кәсіпорындарына қырын қа­райтыны байқалып жүр. Жыл басынан бері бірқатар сарапшы мен кәсіпорын өкілдері Қорғаныс министрлігінің отандық өнімге құмар емес екенін алға тартып келеді. «Арлан» және «Барыс» бронды автокөліктеріне қа­тысты пікірталас масс-медиада  көп жарық көргені – соның айғағы. Енді әс­керилердің қырсықтығының кесірі­нен зардап  шеге бастаған тағы бір кәсіпорын бар екені анықталды. Жуырда  редакцияға Петропавл қаласында орналасқан «С.Киров атын­дағы зауыт» АҚ  Бас директорының орынбасары Қайрат Әлібеков бастаған зауыт өкілдері  келді. Әри­не,  кәсіпкерлер ел астанасына  өзге шаруа­лармен ат басын бұрғаны анық, де­генмен кәсіпорын төңірегінде қалыптаса бастаған келеңсіз жайдан медиа өкілдерін құлағдар етуді  де жөн көрсе керек. Өйткені  әскери шенеуніктердің «еркелігі»  зауыт жұмысына  кедергі келтіріп тұрса керек. Соны айтпаққа бекініпті. Біз де базынаға құлақ астық.  

Зауыт жайлы  бірер сөз

«С.Киров атындағы зауыт» АҚ сонау 1928 жылы Ресейдің Иванов облысы Алек­сандров қаласында құрылған. 1941 жылдың қарашасында Солтүстік Қа­зақстан облысының орталығына кө­шірілді. Соғыстың қиын-қыстау күн­деріне қарамастан  зауыт Қазақстан же­рі­нде алғашқы өнімдерін  1942 жылғы ақ­панда шығара бастаған. Содан бері жұ­мыс істеп тұр. Зауыт – азаматтық және әскери салаға  қатысы бар өнімдер шы­ғаратын, заман талабына бейім, бә­секеге қабілеті бар кәсіпорын. Кеңес ке­зінде танымал болған «Романтик»  және «Қазақстан»  магнитофондары осы за­уытта құрастырылатын. Ал әскерилер  өздеріне  қажетті  жабдықтарды, байланыс құралдарын жасатуға тапсырыс беріп жататын. Қазір де зауыт азаматтық және әскери сала өнімдерін жасауда. «Қаз­МұнайГаз» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ тәрізді ірі кәсіпорындардың талай тапсырысын орындады. Қорғаныс  министрлігінің де әскери тапсырыстарын мүлтіксіз орындап келеді. БТР-лерді командалық-штабтық машина етіп қайта жарақтандыру, әскерге қажетті  радиостансалар, радиоэлектронды қор­ғаныс жүйелерін жасау тәрізді  жұмыстар зауыт үшін қалыпты дүние. Зауыттың Техникалық департаментінде екі бірдей конструкторлық,   бір технологиялық, бір метрология және сынақ бюросы бар. Қазір зауыт компьютер мен план­шет құрастырудан бастап, электр есеп­теуіш құралдар,  темір жол, мұнай мен газ, әскери салаға, тұрмысқа қажет жаб­дықтар өндіреді. Өз инженерлері, конструкторлары бар кәсіпорында 500 ден астам адам еңбек етеді. Солтүстік Қазақстандағы белді зауыттардың бірі саналатын кәсіпорын серіктестерімен әріптестік барысында кемі 2 000 адамға жұмыс беріп отыр. Бірақ соңғы бірер жылда әскери шенеуніктердің «еркелігі» зауыт жұмысына кедергі келтіре бастаған.  

Әскерилер ақы төлеуге асығар емес

Негізі, «С.Киров атындағы зауыт»  азаматтық мақсаттағы  өнімдерді өндірсе де, күнін көре алады. Бірақ біз сөз етіп отырған мәселе әскери тапсырыстарға қатысты болып тұр. Зауыт жанында  «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығы» РММ деген мекеменің  №14 әскери өкілдігі жұмыс істейді. Осынау орталықта басшылық қызмет атқарған  подполковник Мұрат Апбозовтың «еркелігінің» кесірінен зауыт 2017-2018 жылдары орындалған тапсырыстың біраз ақшасын, дәлірек айтқанда 174 млн теңгеден астам соманы Қорғаныс  министрлігінен әлі ала алмай жүр. Одан бөлек, 2019 жылғы тапсырысты орындауда тағы «ұтылып» қалды. Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан облысы Экономикалық тергеу департаменті ара­ласып, зауыт басшылығының да, жұ­мысшылардың да берекесін ала бастаған.  Себебі зауыт әскерилер үшін радиостанса жасағанда бюджет қаржысын  артық жұмсап қойыпты-мыс. Бірақ редакцияға келген зауыт басшылары әр тиынның есебі бар екенін айтады.  

Еркінсіген подполковник

Егер әңгімені әріден бастасақ, 2017 жыл­дың  26 мамырында Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ  БТР база­сындағы  4 дана командалық-штабтық ма­шинаны модернизациялау туралы  келісім жасасқан. Тапсырысты  2018 жылдың 25 қарашасына дейін орындауға келіскен. «Қазақстан инжинириг» Ұлттық компаниясы» АҚ тапсырысты орындауды акционерлік қоғамға қарасты  «С.Киров атындағы зауыт» АҚ-на  жүктейді. Тап­сырыс құны шамамен 1,7 млрд теңге болған. Мемлекеттік қорғаныстық тап­сырысты орындауға  зауыт  құлшына кіріс­еді.  Зауыт жанындағы Қорғаныс  ми­нистрлігінің №14 әскери өкілдігінің басшысы М.Апбозовқа командалық-штаб­тық машиналарға қатысты барлық  құ­жат таныстырылған. Әскери өкіл зауыт бас­шылары мен инженерлері өткізген әр­бір жиналысқа қатысып отырған. Тап­сырысты орындау  процесімен толық та­нысқан. Процесс барысында ешқандай  ес­керту, ұсыныс айтпаған. Оған зауыт цех­тарын еркін аралауға және өндіріс  про­цестерімен  қалаған уақытында танысуға мүм­кіндік берілген. Өйткені мемлекеттік қор­ғаныстық тапсырысты орындау кезінде әс­кери өкілдерге кедергі жасалмауы керек. Сөй­тіп,  подполковник зауыт тапсырысты аяқтағанға дейін  процестермен әбден танысқан. Алайда 2018 жылдың 23 қа­рашасында М.Апбозов әлгі Р-145БМ  машиналарын әскерилер қабылдап алар кезде  онда бірқатар кемшіліктер бар екенін алға тартқан Акт әзірлепті. Под­полковник радисттің отыратын жерін, құрылғылардағы белгі беретін шамдардың түсін ұнатпаған. Қосымша тағы да  біраз ескертуін айтса керек. Сөйтіп, зауыт офицер айтқан ескертулерді түзетуге кіріскен. Алайда подполковник нақты  нені өзгерту керек екенін көрсететін жоспар-сызба да ұсынбаған. Жыл бойы үнсіз жүріп, өнімді қабылдайтын кезде «қылық шығарған»  офицердің кесірінен зауыт  командалық-штабтық машиналарды 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсырып үлгермеген. Осылайша, мұндай машиналарды 15 жылдан бері жасап келе жатқан зауыт алғаш рет осылай «таяқ жейді».  Қорғаныс министрлігі сот арқылы зауыттан «тапсырысты дер кезінде орындамадыңдар» деп 2 982 445 теңге өндіріп алған. Бірақ кейін подполковник айтқан «ескертулер» түзетілген соң да министрлік 4 БТР-дің ақшасын толық аудармапты. Әлі күнге министрлік зауыт алдында 174 млн 638 мың теңге қарыз. Осыншама соманың айналымнан шығып қалуы жыл сайыт зауытқа 22 млн 703 мың теңге зиян шектіріп жатыр. Өйткені  «С.Киров атындағы зауыт» АҚ банктерден несие алуға мәжбүр болған. Ал несиенің жылдық өсімі  – 13 пайыз.  

Зауытты қыспаққа алу күшейді

Екінші оқиға 2019 жылы болған. Қорғаныс министрлігінің зауыттағы өкілі 2019 жылдың 31 қазанында №2 құрастыру цехын жауып тастаған. Ал онда 2019 жылдың  күзінде жасалған келісімдерге сәйкес радиостансалар құ­растырылып жатқан еді. Сөйтіп, екі күн жабық тұрған цехтардың кесірінен 6 млн 746 мың теңге зиян шегіпті. Дегенмен зауыт Қорғаныс министрлігінің  тапсырысын орындаған. 2019 жылыдң 4 қыркүйегінде  жасалған №КЕ-ГОС/38(279-ГУС) және  № КЕ-ГОС/41(280-ГУС) келісімшарттары  бойынша зауыт радиостансаларды жасап, сынақтап өткізіп,  әскерилерге тапсырған.  Алайда подполковник М.Апбозов 2020 жылдың 17 наурызында зауыт 279-ГУС тапсырысын орындағанда  93 млн теңге, 280-ГУС тапсырысын орындаған кезде 25 млн теңге артық қаржы жұмсады деген ше­шім шығарған. Сөйтіп, зауыт енді 118 млн теңгені желге ұшырған болып есеп­теліп отыр. Бірақ зауыт басшылары  өнімді жасау барысында кеткен қосалқы шығындарды әскерилер есептемей отыр дейді. Оның үстіне, әскери өкілдік басшысы  мәселені СҚО Экономикалық тергеу департаментіне хабарлаған. Енді зауыттың  жұмысын солар тексеріп жатыр. Бір атап өтер жайт, М.Апбозовтың өзі 2018 жылдың сәуір айында Қорғаныс министрлігінің бюджеттік өтінімдерін жасағанда радиостансаларды құрастыру барысында  кететін қосымша шығынды көрсеткен. Ал өнімді қабылдап алған кезде  қосымша шығындарды есептен шығарып тастаған. Соның кесірінен зауыт бюджет қаржысын орынсыз жұмсаған болып шы­ғыпты. Оның үстіне, Экономикалық тергеу департаменті барлық банкке  зауытты тексеріп жатқаны туралы хабар­лама жолдап, банктер несие пайызын өсі­ре бастаған. Бірқатар банк зауытқа не­сие беруден бас тартқан. Қысқасы, қазір зауыт министрліктен ақшасын ала алмай жүргенімен қатар  тергеушілердің де назарына ілігіп отыр. Ал бұл шиеленістен қатардағы инженерлер мен  жұмысшылар ұтылатыны сөзсіз.  

Біздің де айтарымыз бар

Әрине,  редакцияға келген зауыт өкілдерінің бізге ұсынған құжаттары,  айтқан уәждері ойландыратыны өтірік емес. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің де айтар уәжі болуы бек мүмкін. Алайда   жыл басынан бері қорғаныс өнеркәсібі  кәсіпорындарының дүркін-дүркін Қор­ғаныс  министрлігіне базына айтуына қа­рап,  әскерилер мен кәсіпорындар өз­ара келісе алмай  жүр-ау деген ой келеді. Тіп­ті, сырт көзге Қорғаныс министрлігі «Қа­зақстан инжиниринг» Ұлттық ком­паниясы» АҚ  құрамына кіретін зауыттар мен кәсіпорындар өнімдерін көзге ілмей отырғандай көрінеді. «Парамаунт инженеринг» өндірген «Арландарға» қатысты дау бітпей жатып, түріктің Otokar кәсіпорны жасаған 8х8 үлгісіндегі бронды автомобилі бізде сыналатын болғаны ай­тылды. Әрине, үздік болса жақсы ғой, бірақ тура 8х8 үлгідегі доңғалақты бронды машинаны Қазақстан да жасап жатыр. «Барыс» деген әдемі аты бар оның. Егер «Барыс» сынақтан өтпесе Otokar өнімін жарнамалауға болады. Ал әзірге әскерилер  түріктердің көлікті сынау үшін тегін бе­ретінін айтып жатыр.  Рас, қорғаныс үшін ең алдымен сапалы дүние керек. Өзі­міз нашар, өзгелер сапалы жасаса, амал жоқ олардан аламыз. Алайда мәселенің екінші жағы тағы бар. Қорғаныс деген сала тек қару-жарақ және әскер саны­мен өлшенбейді. Елдің қорғаныс қа­білетінің мықты болуы зауыттарының жұ­мыс істеп, азаматтарының бақуатты өмір сүргеніне, армия мен халықтың ара­сындағы байланыстың бекемдігіне,  бұ­қараның әскер мен қолбасшысына де­ген сеніміне, жол-логистика, резерв, ал­тын-валюта  қоры, аумағының  көлемі тә­різді жүздеген факторға байланысты бо­лады. Ал шамасынша  қорғанысқа қа­жетті  дүние жасап жатқан зауыттардың өнімін қабылдамай қойғанда сол зауыттағы жұмысшылардың табысы азаятынын,  тіп­ті кәсіпорындар банкрот болуы мүмкін екенін әскерилер білмегені ме? Әлде министр Нұрлан Ермекбаев «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығы» РММ қыз­меткерлерінің  зауыттарды тығырыққа тірей бастағанынан хабарсыз ба? Біздің пайымдауымызша,  әскерилер арасында  импорттық техникаға тым құмар шенділер мол сияқты. Әйтпесе, қорғанысқа жұмыс істеп жатқан зауытты тығырыққа тіремеген болар еді.   P.S.

Айтпақшы, «атақты» подполковник қазір Петропавлдағы зауыттың жанындағы  №14  өкілдікті басқармайды екен. Бірақ оның ықпалы әлі де сақталып отырғанын айтады зауыт өкілдері. «Нағыз подполковник» екен-ау деген ой түйдік біз.

 

Ардақ СҰЛТАН