Мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі орындауда жергілікті фракцияның қауқары жетеді – Бейсенбай Тәжібаев
Мемлекеттік бағдарламаларды жүйелі орындауда жергілікті фракцияның қауқары жетеді – Бейсенбай Тәжібаев
144
оқылды

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың пікірінше Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың міндеттеген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қайта жүйелеп, пысықтауда жергілікті аймақтық Мәслихат фракциясының толық мүмкіндігі бар.

«Елбасы жиында кейбір бағдарламалардың нәтижелі орындалмайтынын алға тартты. Расында орталықтан кейбір бағдарламалар айтылады, бірақ жүзеге асырылуы әрқилы. Сосын қадағалау болмағаннан кейін де олқылықтар пайда болады», - деген Б.Тәжібаев мұндай жайттарда көбіне адами факторлардың рөл ойнайтынын атап өтті. Оның сөзінше басшылардың тәжірибесіздігі, біліксіздігінен қабылданған бағдарламаның барлығы аймақтарда жүз пайыз жүзеге асып жатыр деу қиын. «Осы тұрғыда Елбасы бұл мәселелерді қадап айтып, партия мүшелеріне оны шешуді міндеттеп отыр. Қазір аймақтарда негізінен жергілікті атқарушы органдардың тоқсан я тоқсан бес пайызы партия, фракция мүшелерінен құралған. Сондықтан Елбасы қойған міндеттерді орындауда олардың бұған толық мүмкіндігі бар, жасай алады. Қауқарлы әрі қабілетті», - деді Тәжібаев.

Бұдан өзге Бейсенбай Тәжібаев партия мүшелерінің халықпен жұмыс істеуде белсенділігін арттыру керек деп санайды. Мұны кеше жиында Елбасы атап өткен еді. «Қазір қоғамда түрлі жағдайлар болады, сынға іліккен жайттар да жоқ емес. Мәселен, бұған дейін болған көпбалалы аналар мәселесі, атаулы әлеуметтік көмек жайы т.б – халық өз реніштері мен пікірін білдіріп жатқан тұста олармен партия мүшелері дұрыс диалог орната білуі тиіс. Әсіресе жергілікті атқарушы органдардың мәселені өз уағында шешіп, дұрыс шешім қабылдауы жолда қалып қойып жатады. Кеңесуге, пікір алмасуға түрлі себептермен аяқ тартып, бармай жатады. Елбасы міне осы түйіткілдерді жолға қойып, нақты шешуді міндеттеп отыр. Мен мұны толығымен қолдаймын», - деді ол.

Кеше жиында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия мүшелерінің БАҚ-пен ашық жұмыс істеуде кемшіліктердің барын айтып, сынаған еді. Бұл тұрғыда Б.Тәжібаев партия мүшелерінің жұмысында ашықтық болмаған соң, бұқара әлеуметтік желіде тараған түрлі жалған, әртүрлі бағыттағы ақпараттарға иланып жататынын алға тартады. Еш жауапкершілігі жоқ ақпараттар тараған соң, халық соған сеніп, белгілі бір шешім шығарады. «Аталған еш негізсіз ақпараттар басымдық алып кетеді де, қолында осы жайтқа қатысты нақты ақпараты бар азаматтар тиісінше жедел оны түзегеннің орнына қалыс қалып жатады. Партия төрағасы, Елбасы осыған өте орынды тоқталды. Әрі оларды жүйелеуді тапсырып отыр. Аймақтарда БАҚ-пен жұмысты күшейту керек», - деп түйіндеді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.