Ұстаздың жанайқайын кім тыңдайды?
Ұстаздың жанайқайын кім тыңдайды?
120
оқылды
 

Сағат алып, сабақ бермей жүр

Әмина Сатай (есімі өзгертілді – авт.)  айтуын­ша, Аты­­рау облысы Қызылқоға ауданы  Қаракөл орта мектебі директоры – денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Алайда өзі сағат алғаны­мен, сабақ бермей жүр. Әмина Сатайға бұл жағдай туралы ата-аналар хабарлаған. Олардың өтінішімен білім бөліміне қанша сұрау салғанымен, жауап бермеген.
«Facebook-ке, Telegram-ға жаз­дым. Сұрау салдым. Жауап жоқ. Содан газетте жемқорлық тақырыбы көтерілген соң мәселені айтайын деп шештім. Қаракөл орта мектебінің уақытша директоры дене­шы­нық­тыру сағаттарын алғанымен, сабақ бермеген. Тіпті, оқушыларға арнап ортақ чат ашпаған. Дәлел ретінде ата-аналардың аудио­хабарламалары бар. Одан қалса, директор қызметін уақытша атқарушы үш рет біліктілік тестін тапсырған, биыл тағы өтпей қалыпты. Бірақ Қаракөл орта мекте­біне директор сайлау туралы кон­курстың сұхбаттасу кезеңіне өткен. Толыққанды директор болуға дайын­далып жүр. Ал сол директорға ұстаздар күні алғысхат табыс­тағанда жағамды ұстадым. Аудан балабақ­шасында төрт рет тестен өтпеген уақытша меңгерушіні басшылыққа сайлайын деп отыр. Қарсылықты қабылдамай, ешкімді жақындатпай жатыр», – дейді ұстаз Әмина Сатай.
Сондай-ақ ұстаз Т. Жанұзақов атындағы бастауыш мектепте мектепке дейінгі білім беру маман­дығын бітірген адамның дирек­­тор болып отырғанын тілге тиек етті. Ал өзі жұмыс істейтін Х.Досмұхамедов атын­­дағы мектепте орыс тілі саба­ғынан информатика пәнінің мұғалімі үш жыл сабақ бергенін айтты. Орыс тілін еркін меңгерген ұстазға осы жауапкершілікті жүкте­ген екен. Қала берді, инфор­матик орыс тілінен жаңар­­тылған білім мазмұнына сай курсқа қатыс­қан. Содан Әмина Сатай бұл істі дау­­лап жүріп, біржақты еткен. Оның айтуын­­ша, көп өтпей аталған мұға­лім өзін-өзі тану пәнінен бір айлық курс оқып, қазір сабақ беріп жүр. Белсенді ұстаз аудиттік тексе­­­рістің қайда қарап жүргеніне таңы бар. Ол осыдан кейін қоғамда ұстаздың беделі түсіп, оқушылар алдында мұғалімнің мәртебесі қалай көте­рілмек деп отыр.  

«Жұмысқа тұруға 1 млн сұрады»

Шымкент қаласы тұрғыны Зияда Райымқұл (есімі өзгертілді- авт.) өзінен жұмысқа кіру үшін 1 млн теңге сұрап отырғанын айтты. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру маманының қолында екі дип­­ломы бар. Шарасыз ұстаз ақша таба алма­­­­ғаннан, жұмыссыз отырғанын атап өтті.
Жұмысқа алу мен сағат бөлудің жайына келгенде Қызылорда Шиелі кентіндегі мектеп-лицейдің мұғалімі Эльмира Бақыт­қызы қазір қолма-қол ақша беру азайғанын айтады. «Факт көп, бірақ ұстатпайды. Kaspi Gold деген бәріне майдай жақты. 18 сағаттың «ставкасы» – 40-50 мың теңге. Ақшаны тиісті адамға ауда­рады, мәселе шешіледі. Лауазымды жұмыстың да құны бар. Мысалы, директордың орынбасары лауазы­­­мына уақытша жұмыс істеу 150-200 мың теңге. Карантин кезі болып жанымыз қалып жүр. Тексеру келсе, ақша жинаймыз. Кезінде мектеп-лицей атын алғанда ұжым болып 2000 теңгеден ақша жинаған едік. Одан қалса, кабинеттегі жалюзи мен есіктің құлпына дейін өз қалтамыздан төлейміз. Олимпиададан, аудандық деңгейдегі сайыс­тардан орын алу жайын да ақша шешеді. Олимпиа­дадан орын алғың келсе, ай бұрын ақша төлейсің», – дейді ұстаз.
Ал С.Сейфуллин атындағы орта мек­­тептің Ардагерлер кеңесінің тө­райымы Кәмила Халыққызы Жам­был облысы Талас ауданы білім бөлімі басшылығының жұмысына наразы. Оның дәлелі де бар. Бірнеше рет білім бөлімі басшылығымен соттасқан екен. Аудан, облыс, қала әкім­­дігіне білім бөлімі басшысы Күлшат Қожа­таеваның атынан арыз жазса да, әкімдер қарастырамыз деумен шектелген. Жалпы, аталған білім бөлімі басшысының атына 8 ескерту, 22 хаттама мен 3 млн теңгеге жуық айыппұл салған деседі. Зей­неткер ұстаз мұның бәрін жең ұшы­нан жалғанған жемқорлық деп отыр.
«Негізі, айтсам, дәлел көп. Мы­салы, тамыз конференциясында С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директорына Күлшат Қожатаева заманауи құралдармен жабдық­­­талған физика кабинетіне арналған серти­фикат табыстаған-ды. Құны 7 мил­­лион теңгеден асады. Бірақ зерт­теудің арқасында әлі күнге физика кабинетіне құрал-жабдық алынба­­ғанын дәлелдедім. Дәлелдерді бір­­қатар мекемеге ұсындым. Аталған мектепке «әжетхана салу мақсатында 8 млн теңге бөлі­­ніп, орталық су құбырынан құбыр тарт­­тық» деген. Құбыр тұрмақ, жер қазыл­маған. Видео-дәлелім бар. Мектептегі мәжіліс залы (актовый залды) жөндеуге 14 млн теңге бөлінген. Сол күйінде тұр. Ал биліктегілер көре тұра көз жұмып отыр», – дейді Кәмила Халыққызы.
 

Ұстаздардың ұсынысы бар

Мұғалімдер білім саласындағы былық­тың беті ашылып, жемқор­лықтың жолы кесілгенін қалайды. Олар әрқашан жіптің бір ұшы басшыға келіп тірелетінін айтады. Мәселен, ұстаз Нұргүл Молда­­бекова мек­тепте жылына 4-5 рет прокура­­туралық тексеріс жүргізуді жөн деп санайды. Оның айтуынша, сонда ішкі ереже, тарификация мен кә­сіпо­­дақ ақшасына дейін тексеруден өтсе, жағдай бірізге түседі.
«Үкіметке, Білім министріне жазып, директорлық лауазымның мерзі­мін бекіту керек. Директорлық мандатты 3 не 5 жыл атқарса жет­кілікті. Егер басшы мектепті гүлден­діріп, нәтиже көрсетсе, басқа мек­­тепке ауыстырған жөн. Саны бар, сапасы жоқ директорларды бірден орнынан алып тастау керек. Осындай жүйеден нәтиже шығады деп ой­лаймын», – дейді есімін атағысы келмеген ұстаз.
Иә, ұстаздар еркін жұмыс істеп, ойын нақты жеткізгісі келеді. Кейбірі бір істің бетін ашып, жариялай қалса, артынан қуда­­лау болатынын алдын ала біледі. Сондықтан өңір­­лерде білетінін ішіне жасы­­рып, бұғып қалатын ұстаздар бар. Еліміз интернет пен баспасөз бостандығы бойын­­ша 60 орынға жайғасқаны белгілі. Ал ішкі цензура мен шолақ­бастықтардың әрекетін кім, қалай бағалайды? Айтпағымыз бұл емес. Бастысы, білім саласындағы жем­қорлықтың су бетіне шығып, ұстаз­дардың «ықты» паналағаны керек.   P.S.

Біз өзімізге хабарласқан ұстаздардың пікірін бердік. «Екінші тарап қайда?» дерсіз, бірақ мұндай өткір мәселе көтерілгенде келесі та­раптың үнсіз қалатынын немесе мүлдем өзге сылтау айтатынын жақсы білеміз. Тәжірибемізде бар. Сондықтан құзырлы органдар ұстаздардың осы шағымдарына назар аударар деп үміттенеміз.

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ