"Қазақстандағы ЖОО бизнестің емес, білім көзіне айналуы тиіс"
"Қазақстандағы ЖОО бизнестің емес, білім көзіне айналуы тиіс"
180
оқылды

18 қазанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Төрағалығымен өткен жиында партия Төрағасы ЖОО-ның оңтайландыруға қатысты пікір білдіріп, сапа емес, сан қуған отандық оқу орындарын сынаған еді. Осы орайда саясаттанушы Сейілбек Асанов Қазақстанда демографиялық тұрғыдан алып қарасақ, Жоғары оқу орындарының санының мейлінше көп екенін айтады.

«Бізде айталық 20 миллион адам бар, оларға біздегі университеттердің саны көп. Олай болмауы керек. Қарапайым мысал, Түркияның өзін алып қарасақ, ЖОО-да білім алу үшін әрбір жиырма адамға бір орыннан келеді. Басқа шет мемлекеттің тәжірибесінде міндетті түрде ЖОО-да оқу керек деген талап жоқ. Мектеп бітірген соң адам әскерге баруы мүмкін немесе біраз тәжірибе жинақтап, жетілгісі келеді. Біздегідей мектеп бітірген соң, міндетті түрде университетке түсу деген ол дұрыс емес. Оған түсу үшін үлкен жауапкершілікпен қарайды», - дейді саясаттанушы.

С.Асанов кешегі жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев көтерген ЖОО санын қысқартып, сапасын оңтайландыру керек деген пікірді қолдайды. «Саны көп, сапасы сын көтермейтін оқу орындары бар. Оларды оңтайландыру керек. Республикада мықты университеттер бар, сәйкесінше ортаңқол университеттер де бар, олардан да төмендері бар. Бәрі білім беріп жатыр. Негізінде қазір ағылшын тілінде білім беретін оқу орындарының сапасы да, бағасы да мықты болып тұр. Айталық, Назарбаев университеті, КБТУ, КИМЭП, С.Демирель атындағы университет ағылшын тілінде білім бергендіктен, жұмыс берушілер оларды аяқтап шыққан түлектерді бәсекеге қабілетті санайды. Сондықтан ондай оқу орындарында берілетін білім мен тәрбие ерекшеленіп тұрады. Меніңше оны жұмыс берушілер де сезеді», - деген саясаттанушы осы орайда университеттерді оңтайландыру міндетті түрде жүру керек дейді.

«Университеттерді оңтайландыру қажет. Негізі ЖОО-ды ғана қалдыру керек. Және болашақ талапкерлерді университеттерге түсуге дайындау керек. Мысалы Шымкент, Қарағанды, Алматы немесе Нұр-Сұлтан т.б қалалар болсын, оқу орындары өте көп. Оларды қазір бизнестің көзіне айналдырып жіберген. Білім беру ошағы емес, бизнестің көзіне. Біз ЖОО-ға бизнестің көзі емес, білім, тәрбие беретін, білікті кадр дайындайтын мекеме деп қарауымыз тиіс», - деген С.Асанов бірақ мұның бәрі бір күнде жүзеге аспайтынын, тек стратегиялық нақты мақсат қоюмен түйінді шешуге болатынын алға тартады.

Сейілбек Асанов шетелдік білім беру стандарттарын республикада тәжірибеден өткізіп көруге болатынын, бірақ оны әр ЖОО әрқилы пайдаланатынын айтады. «Білім деген тәрбиемен ұштасып жатқан процесс. Әр елдің өзіне тән салты мен дәстүрі бар, соған сай білім берілуі керек. Қазір тәрбие берілгені дұрыс. Өйткені білімнің барлығы Интернет желісінде бар», - дейді ол.

Асанов Қазақстандағы жоғары оқу орындары нақты мамандықтар қатарын қалдыруы тиіс деп есептейді. «Оған IT, технология, ғылым, педагогиканы жатқызуға болады», - деген саясаттанушы қазір білім сапасы нашар еместігін атап өтті. Оның сөзінше Елбасының бастамасымен негізі құрылған «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген үш мыңға жуық түлек бүгінде Қазақстан білімінің өсіп-өркендеуіне серпіліс берді.