– «Көтермесе көңілді кір басады» дейді қазақтың қасиетті қара өлеңінде. Көңіл көтеру деген – жеңіл, ойсыз күлкі емес, үрейден, қорқыныштан, ауру қай жағымыздан келеді деген уайымнан бір сәтке болса да басты алып қашу керек. Қазақстанның басқа қалаларында мұндай жағдай жоқ, тек Алматыда ғана залдың елу пайызына көрермен шақырып, спектакль көрсетуге рұқсат берілді. Соның арқасында сіздермен қауышудың мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі жағдайға байланысты шектеулерге қарамай, онлайн режимде дайындаған жаңа қойылымдарымыз, бұрыннан сахналанып жүрген спектакльдеріміз бар. Өнеріміз сіздер үшін. Өздеріңізді көргенімізге қуаныштымыз, – деді театр директоры Еркін Жуасбек.Бұл күні терең ойлы Абай шығармаларын сахналау өте қиын екені, оның өлеңдері мен қара сөздерінің ішіндегі нақыл сөздерді сахна тіліне айналдырып, көременге жеткізу үшін біраз еңбек еткені айтылды.
– Қымбатты көрермен қауым, сіздерді көрмегелі көп болды, сағынып қалдық. Көрерменсіз театр жоқ. Актерлер де көрерменін, сахнасын сағынды. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, осы тақырыпқа көбірек көңіл аударып, театрымыз Абайдың қара сөздері, өлеңдері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділерден екі спектакль дайындады. Театрға келіңіздер, шүйіркелесіп әңгіме айтып, пікір алмасыңыздар, – деді Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.«Абай жолы» романының желісімен, Абайдың қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен белгілі жазушы-драматург Мәдина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. Абай рөлінде – «Құрмет» орденінің иегері Б.Әбділманов. Жас Абайдың рөлін Н.Қуанышбайұлы сомдаса, Құнанбайдың образында белгілі актер С.Мерекеұлы, Зере мен Ұлжан бейнесінде Г.Тұтова мен Ш.Асқарова, Тоғжан рөлінде Д.Үсенова ойнайды. Әбдірахман – Ж.Қонысбай, ал Оспанның бейнесінде Е.Тұрысовты көре аласыздар.