Ақтаулық үшемдер көктемгі шақыру кезінде әскер қатарына қабылданған. 18 жастағы ағайынды Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс Зеккеновтер көктемгі әскерге шақыру кезінде сарбаздар қатарына қосылды. Мұндай жағдай Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан әскерінің тарихында алғаш рет болып отыр. Үшемдер қазір Орал қаласындағы әскери бөлімде қызмет етіп жатыр. Олар «Болашақ» академиясы колледжін «Су көлігін пайдалану» мамандығы бойынша бітірген. Әскери қызметке шақырту алған кезде бір-бірінен бөлмеуді өтінген. Әскери комиссариаттағы қызметкерлер олардың өтінішін орындаған. Қазір Зеккеновтер бір бөлімде қызмет етеді. «Әскерде қызмет ету біздің балалық арманымыз болды. Отанды қорғау – бұл әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы», – дейді олар. [caption id="attachment_80509" align="alignnone" > Фото: Интернеттен алынды[/caption] Психолог мамандар үшемдердің бет-әлпетінде ғана емес, мінездерінде де ұқсастық барын байқаған. Олар мектепте де бірдей оқыған болып шықты, яғни бірдей баға алған. Бір ғана айырмашылық бар. Ақарыстың бойы екеуінен төрт сантиметрге ұзын. Жігіттер дене шынықтыруда да бірдей нәтиже көрсетеді. Үшеуі де спортпен белсенді түрде айналысады. Бекарыс пен Ақарыс «каратэ-до» секциясынан қатысады. Ал Жанарыс – самбо күресінен спорт шеберіне үміткер. Қазір ағайындылар Оралдағы қоғамдық тәртіпті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет етіп жатыр. Әскерден кейін ағайынды Зеккеновтер туған жері Ақтауға барып, жоғары заңгерлік білім алуды және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуді мақсат етіп отыр.