Жыныс ауыстырғандардың ЖСН-і өзгере ме?
Жыныс ауыстырғандардың ЖСН-і өзгере ме?
142
оқылды
Халықтан көп шағым түсетіндіктен, бұл мәселе бойынша ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді.
«Әр азамат үшін ЖСН қалыптастыру – туу туралы куәлікті, жеке куәлікті немесе паспортты беру кезінде қолмен емес, ақпараттық жүйеде автоматты түрде жүреді. Осы нөмір бірегейлік пен өзгермеушілік қағидатына негізделген. Яғни әрбір қазақстандықтың ЖСН-і басқа адамның нөміріне ұқсамайды, тиісінше, бірдей екі ЖСН жоқ. Бұған қоса, ол адамға тек бір рет тағайындалады және өмірінің соңына дейін өзгертілмейді», – дейді министр.
Дегенмен мамандардың айтуынша, кей жағдайда өзгереді. Мысалы, қолданыстағы «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» заңына сәйкес, жетім бала асырауға берілсе, оның жеке басына қатысты құпияны сақтау үшін ЖСН-ы ауыстырылады екен. Сондай-ақ осы рәсім жеке сәйкестендіру нөміріндегі бақылау разряды (соңғы цифр) оны есептеу алгоритміне сәйкес келмесе, ЖСН өзгертілуі керек деп жазады inbusiness.kz.  Министрдің айтуынша, азамат өмірінде аты-жөнін, туған күнін, тіпті жынысын және басқа деректерін өзгертуі мүмкін. Алайда ЖСН-ы бәрібір өзгеріссіз қалады. Себебі бұл – меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі сол азаматтың басты идентификаторы. «Егер мемлекеттік мекемелер, банктер не басқа да ұйымдар адамның туған күні, туылған ғасыры, жынысы оның ЖСН-ындағы цифрларға сәйкес келмейтінін сылтауратып, төлем қабылдаудан, қызмет көрсетуден бас тартса, бұл заңға қайшы екенін атап өтемін!» – деді Ішкі істер министрі. Түсіндіре кетер жайт, бастапқыда ЖСН-да адамның туған ғасыры мен жынысы көрініс тапты. Мәселен, 12 цифр 4 бөлікке бөлінді. Бірінші бөлік 6 саннан тұрады, ол адамның туған жылын, айы мен күнін білдіреді. Екінші бөлік 1 цифрден құралған, оған қарап, адамның жынысы мен туылған ғасыры анықталатын. Нақтылай кетсек, 1 саны – XIX ғасырда туылған ер адамдарға, 2 – XIX ғасырда өмірге келген әйелдерге, 3 – ХХ ғасырда туылған ерлерге, 4 – ХХ ғасырда дүние есігін ашқан әйелдерге телінеді. Келесі ғасырларда қазақстандық атанатындар үшін 5, 6, 7, 8, 9 және 0 цифрлары резервке қойылған-тын. Тақ сандар – ерлерге, жұп сандар – әйелдерге қатысты болады. Үшінші бөлікке бірден 4 сан жатады және олар тіркеудің ақпараттық базадағы реттік нөмірін көрсетеді. Төртінші бөлікке соңғы 1 цифр тиесілі, ол – бақылау цифрі. Дегенмен 2013 жылғы 26 тамыздағы №853 Үкімет қаулысымен азаматтың туған күні, туылған ғасыры, жынысы және басқа да деректерін ЖСН-ге енгізу тәжірибесінен Қазақстан бас тартты. Өйткені бұл азаматтың жеке басына қатысты құпия деректерін сыртқа шашу саналып, сынға ұшырады. Мысалы, ЖСН-ының екінші бөлігінде тақ сан тұрса, ал өзі әйел болса, онда бұл адамның жынысын өзгерткенін білдіріп тұрады. Немесе болашақта Қазақстан тұрғыны жас көрінуі не басқа себеппен жасын өзгертуі мүмкін. Ал ескі ЖСН-ы оның шын туған күнін әшкерелеп тұрады. Айтқандай, бұл жаңалықтардың игілігін тек 2013 жылдан кейін жарық дүниеге келген қазақстандықтар пайдалана алады. Министрліктер қанша түсініктеме бергенімен, «ЖСН-ың дұрыс емес» деп меморгандар бәрібір адамның бетін қайтарады. Еңбек жолын жаңа бастаған Бақытжан Тастанов сондай проблемаға маңдай соқты.
«Мен 1998 жылы туғанмын. Ал ЖСН-ымның бастапқы сандары 98 емес, 02 болып тұр. Бұған дейін ЖСН-іме қатысты еш қиындық туындамаған. Жұмысқа кіргелі осы мәселе істі қиындатуда. Себебі жалақыдан ұсталатын әлеуметтік аударым, салық, зейнетақы жарнасы және басқа төлемдерге аударылған қаржы кері қайтып жатыр. ХҚКО-ға бардым, олар «ЖСН өзгермейді» деп шығарып салды. Маған тым болмаса соны растайтын бір тілім қағаз да бермеді. Сонда бұған билікте кім жауап бере алады? Жол, жөн көрсетер ешкім жоқ», – деп қамығады жас маман.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов азаматтардың шағымына байланысты әртүрлі меморгандарға ЖСН-ды адамның жеке куәлігіндегі туған күнімен салыстырмай, сол күйінде дұрыс деп қабылдау керектігі жөнінде хат жолданды дейді. «Банкке, медициналық және басқа да мекемелерге жүгінгенде, ЖСН-ге байланысты проблема туындағаны туралы ұқсас арыздар түсуде. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Ұлттық банктің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясының, Зейнетақы төлеу жөніндегі меморталықтың атына хат жолдады. Онда ведомстволық бағынышты ұйымдарының, банктердің азаматтарға ЖСН-і үшін қызмет көрсетуден бас тартуына қатысты шаралар қабылдауды сұрады. Бұдан бөлек, оларға өз мекемелері мен ұйымдары арасында тиісті түсіндіру жүргізіп, ЖСН-ның автоматты түрде қалыптастырылатынын, бірегей және өзгермейтінін, қазіргі ЖСН-ның 12 саны адамның туған күнімен, жынысымен және басқа да айқындамалық деректерімен еш байланысы жоқтығын ұғындыру ұсынылды», – деді Мұрат Талапұлы. Өз кезегінде аталған меморгандар өз ұйымдарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат ұсынды.