Үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды: Жамбылда жаңа карантин енгізіледі

Үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды: Жамбылда жаңа карантин енгізіледі

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитары Салтанат Әлібаева қаулы қабылдады. Жаңа қаулының талаптары 19 қазан сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді. Қаулы бойынша, мереке және демалыс күндері жабық азық-түлік базарларының, сауда орталықтарының және азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Тек сауда орталығының ішіндегі супермаркет пен дәріхана ғана жұмыс істейді. Мұнымен қоса букмекер кеңселері, боулинг, компьютер клубтары, караоке, бильярд, кинотеатрлар, көңіл көтеру орындары, балалар аттракциондарының жұмыс істеуіне шектеу бар. Той, мерекелік шара, конференция, форумдар өткізуге болмайды, мал базарлары жабылады. Кісі өлгенде жерлеу рәсіміне 30 адамнан артық қатысуға рұқсат жоқ. Тұрғындардың кешкі сағат 23:00 кейін жүріп-тұруына шектеу қойылады. Паркте, көшеде бір отбасы мүшелері болмаса, жалпы үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Жасы 65-тен асқан кісілердің сыртқа шығуына шектеу қойылады. Қоғамдық тамақтану орындары таңғы 6-дан кешкі 22:00 дейін ғана жұмыс істейді, дәмханадағы қонақтар саны 50-ден аспауы керек. 2 метр арақашықтық сақталып, маска режимі бұзылмауы тиіс. Қоғамдық моншалар, сауналар алдын ала жазылу арқылы таңғы 6-дан кешкі 22:00 дейін, ғимаратты 50 пайызға дейін толтырып қызмет көрсетуіне рұқсат.

С.Сатылғанов