Басты міндет – коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайтуға бағытталған санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету. Мониторинг тобы құрамына аудан әкімдіктерінің, жергілікті полиция қызметінің, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының, Кәсіпкерлер палатасының мамандары кіретін 26 мониторинг тобы күнделікті тексеру іс-шараларын жүргізуде.
Кеше сағат 20.51-де Медеу ауданының мониторингтік тобы «Қазақстан» қонақ үйінің «Ball room» залында (жертөле қабаты) үйлену тойын анықтап, жолын кесті. Оған 80-ге жуық адам жиналған. Барлығы ғимараттан шығарылып, тиісті шаралар қабылданды. Іс-шара қонақтарына Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулы нормалары түсіндірілді.
Сонымен қатар, кеше сағат 17:05-те мобильді топ Әуезов ауданында Ақсай 3, 14а мекенжайы бойынша «Інжу» мейрамханасында көпшіліктің қатысуымен өтіп жатқан шараны (құдалық) анықтады: той бірінші қабатта 40 адамға, екінші қабатта 50 адамға өткізілген. Сағат 17:45-те рейдтің мобильді тобы Шамғон Қажығалиев,15 мекенжайы бойынша орналасқан «Аделлина» мейрамханасында 50 адамға арналған құдалықты анықтады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-бабы бойынша хаттамалар толтырылды.