Елбасының тапсырмасымен «Birgemiz» қорынан мұқтаж отбасыларға 50 мың теңге көлемінде атаулы көмек берудің 5-інші кезеңі аяқталды. Оның нәтижесі туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісінде арнайы жазба жариялады.
«Құрметті достар! Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры төлем жасаудың 5-ші толқынын аяқтады. Еліміздің барлық өңірі бойынша тағы ең мұқтаж 100 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды. Сонымен, барлығы 650 мыңнан астам отбасы немесе 2,2 млн. қазақстандық тікелей қаржылық қолдаумен қамтылды. Сондай-ақ, қор қаражаты есебінен 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне қолдау көрсетілді, су басудан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына 20 жаңа үй салынды. Жалпы, #BizBirgemiz акциясының аясында 320 мыңдай отбасы азық-түлік себеттерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Халық арасындағы қорғанысы әлсіз 100 мың отбасыға 5 миллион маска тегін таратылды. Елбасы бастамасымен қорға 34 млрд. теңгедей қаражат жинаған барша демеушілер мен меценаттарға тағы да алғыс айтқым келеді. Коронавируспен күрес кезеңінде мұқтаждарға қолдау көрсету бойынша осынау игі іске атсалыса отырып, еліміз бен халқымыз қажырлылық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті!», – деп жазды Бауыржан Байбек. https://www.facebook.com/baibekbk/videos/849090985833257