Туа сала кезек күтетін ел
Туа сала кезек күтетін ел

Қазақстанда тағы бір кезектің үлкен ауқымға жеткені анықталды: 500 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға бара алмай, өз кезегін күтіп жүр. Оның 437 мыңы 1-3 жас аралығындағылар. Күте-күте мектеп жасына жетіп қалғандары да жетерлік. Бұл деректерді Мәжілісте өткен Үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жария етті.

Оның айтуынша, елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі 3-6 жастағы балалардың 95,2 пайызын қамтыған. Бірақ кезегін күткендер өте көп. Сондықтан балаларды толық қамту үшін тиісті шара қабылдау қажет.

Балабақшаға баратындардың сапалы тәрбие алатынына еш кепілдік жоқ: бұл ұйымдар кадрлармен тек 60 па­йызға жуыққа қамтылған. Бұл ретте де­путаттарды балабақшаларда бала тәрбие­сімен және оларды оқытумен айналы­сатын қызмет­кердің 40 пайызында тиісті білімнің болмауы алаңдатады.

Вице-спикердің айтуынша, апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқы­татын мектептердің проблемасы ше­шілмей келеді. Бүгінде олардың жалпы саны 160-тан асады. Сондықтан білім беру са­ласындағы мембағ­дарламадан үш ауы­сымды және апаттық мектептер бойынша нысаналы көрсеткішті алып тастаған министрліктің әрекетін ол «негізсіз» деп бағалады. Оның үстіне бұл Nur Otan пар­тиясының Сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндет пен меже болатын.

Мектептерді жылдамдығы секун­дына 4 мегабит болатын кеңжолақты интернет­пен қамтамасыз ету көрсеткіші бір қа­рағанда, артығымен орындалған. Бірақ 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалыпты. Интернеттің жыл­дамдығы мә­лім­делгеннен әлдеқайда төмен мектептер де аз емес.

Азаматтар тегін жоғары білім алуы үшін гранттар саны артуда. Мәселен, 2019 жылы мемтапсырыс 71,5 мыңға жетті. Алайда 3 мыңнан астам гранттың берілмей қалғаны депутаттарды қайран қалдырды.

Өз кезегінде Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан 2021 жылы 12 жылдық білім беруге кө­шуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

– Бізде бүгінде қағаз жүзінде де, іс жүзінде де бұрынғы 11 сыныптық білім беру қалуда. 11 жылдық жаңартылған мек­­теп бағдарламасы 2015 жылы бекі­тілді. Қа­зір барлық сыныптардың 95%-ы соған көшті. Келесі жылы 11-сыныптар көшеді деп жос­парлануда. Егер біз алдын ала да­йын­дық­сыз 12 жылдық білім беруді енгіз­сек, онда үлкен проблемаға маңдай соға­мыз! Өйт­кені ол мектептер инфрақұ­ры­лымына ауыр жүктеме түсіреді, педа­гог­тар­дың дайын­дығын талап етеді, жаңа оқу­лық­ты шы­ғару қажет болады, – деді министр.

Оның үстіне министрлікке бұл мәсе­лені мемлекеттік тілдің латын қарпінің енгізілуімен үйлестіру жүктеліпті. БҒМ басшысының пайымдауынша, 12 жыл­дыққа көшуді жылдамдатса, бұл үш ауы­сымды мектептер жағдайын қиындатып жібереді. Сондықтан әзірге ол науқан 2021 жылға қалып тұр.