Блок-бекетте қос әріптесін қағып өлтірген экс-полицей 10 жылға сотталуы мүмкін
Блок-бекетте қос әріптесін қағып өлтірген экс-полицей 10 жылға сотталуы мүмкін
138
оқылды
Бүгін Қарасай ауданында 25 мамыр күні Алматы маңындағы блок-бекетте болған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысының тыңдалымы өтті. Апат салдарынан 2 полицей көз жұмып, бір құқық қорғау қызметкері ауыр жарақат алған болатын. Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Арыстан Әлікенов 26 жастағы күдіктінің кінәсі дәлелденгенін жеткізді. Ол соттан Азаматовты 10 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын өтеу үшін орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге жіберуді сұрады. Сондай-ақ прокурор айыпталушыны өмір бойынша көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тараптардың өкілдері өз кезегінде барлық талаптармен келісті. Блок-бекетте болған жол апатына қатысты тараптардың пікірталасында айыпталушы соңғы сөзін айтып, қылған әрекеті үшін кешірім сұрады.
«Өкінемін. Мені кешіріңіздер, әдейі жасаған жоқпын. Кінәмді мойындаймын. Егер уақытты кері қайтару қолымнан келсе, солармен бірге бақилық болар едім...», - деді Азам Азаматов.
Бұған дейін сотталушы Азат Азаматов өз кінәсін мойындаған болатын. Оның айтуынша, апатқа дейін ол бұрынғы әріптестерімен бірге 2-3 бөтелке сыра ішкен. Одан кейін не болғаны есінде жоқ. Еске салай кетейік, 25 мамыр күні Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көксай шағынауданына қойылған блок-бекетте жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полицияның мәліметінше, BMW көлігін тізгіндеген Азат Азаматов алдымен бетон қоршауына соғылып, артынша полиция қызметкерлері отырған патрульдік автокөлікті қаққан. Тәртіп сақшыларының бірі оқиға орнында, бірі ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ, тағы бір полицей зардап шекті.