Бердіғалидың берекелі бизнесі
Бердіғалидың берекелі бизнесі
178
оқылды

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында кәсібін кеңейтіп, қызметін жетілдіргендер көп. Солардың бірі – жаңаөзендік кәсіпкер Бердіғали Берекетов. Ол мұнайшы мамандығын оқып жүргенде қонақ үй бизнесімен айналысамын деп әсте ойлаған емес. Бірақ Стамбұл сапарынан кейін оның өмірі басқа арнаға бұрылды.

– Стамбұлдағы сапарым ке­зінде қонақ үйлері қатты ұна­ды, туған жерім – Жаңаөзенде жұрт мақтайтын осындай қо­нақүй неге ашпасқа деген ойға қалдым. Сөйтіп, 2012 жылы тә­уекел деп іске кірістім. Жа­ңа­өзен­ді Стам­бұлмен салыстыр­ғанда, біздің қаланың қонақ үй бизнесінің ақсап тұрғанын тү­сіндім. Оның үстіне Жаңаөзен қаласынан Түркіменстан шека­расына дейін сапарға шығатын­дардың жолда арзан тұрғын үй жоқтығынан көп машақат ше­гетіні есіме түсті, содан анализ жа­сауға кірістім. Қаламыз өсіп ке­леді, жан-жақтан қонақтар ке­­ліп жатыр, арасында шетел­дік­тер де бар. Олардың қонатын же­рі жоқ. Жаңаөзенімді жаман­дап кетпесе екен деп осы істі қол­ға ал­дым, – дейді Берді­ғали Берекетов.

Бұл салада тәжірибесінің жоқ­тығына қарамастан, бастаған ісі жемісті болуы үшін көп із­денді. Ғимарат тауып, оны қайта жаңартып, жабдықтап шығады. «Эконом» кластан тұратын екі кісілік 18 бөлмелі қонақүйге айналдырды. Халықтың жағда­йына қарап, 1 бөлменің құнын 4 000 теңге деп бекітті. Жаңаөзен­дегі «Ақсарай» қонақүйі осылай пайда болды. Сұраныс көбей­ген­нен кейін қонақүйді кеңейту қа­жеттігі туындады. Оған аз қар­жы кетпейтінін түсінген Берді­ғали Берекетов несие алу туралы шешім қабылдайды.

– Осы мақсатпен 2016 жылы «Сбербанкке» келдім. Банкте «Биз­нестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарттары туралы кеңес берді, мен үшін тиімді екенін түсіндім. Сөйтіп, 70 млн теңге несиені жы­лына 14 пайызбен 60 айға ал­дым. Бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде жо­бама субсидия төленді, яғни мен 14 пайыздың 4 пайызын ғана төлеймін. Қалған 10 пайызын мемлекет қайтарымсыз негізде өтейді, – дейді ол.

Б.Берекетов арзан несиенің арқасында 3 қабатты ғимаратты қайта жаңартып шығады. Бү­гіндері «Ақсарай» қонақ үйінің жалпы алаңы 1 500 шаршы метр­ге жетті. Қазіргі таңда қонақүй кеңейтіліп, бөлмелері 33-ке жет­ті. Жаңаөзенге келетін қонақ­тарға заманға сай қызмет көрсе­тіліп жатыр. 40-қа тарта адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Күре жолдың бойында, Жа­ңаөзен қаласының кіребері­сінде орналасқан. Жолдың келе­сі бе­тінде автовокзал мен алыс рейс­тердегі жүк автокөліктері үшін көлік тұрағы бар. Бұл ны­сандар да – Бердіғали Береке­товтің кәсібі. Қонақүйдің жа­нында Жаңаөзендегі ірі төрт мұнай-газ компаниясы орналас­қан. Мұның барлығы да қонақүй бизнесінің дамуына ықпал етіп отыр.

Бердіғали Берекетовтің әу бастағы мамандығы мұнайшы болғанын айттық. Қонақүй биз­не­сіне келген соң қаржыгер ма­ман­дығын оқып алды. «Себебі кәсіп бастаған соң ақшамен жұ­мыс істеуді де меңгеру керек, қаржылық есеп беруді білгенім өзіме жақсы» дейді ол. Одан кейін құрылысшы мамандығын да меңгерді. Оқу-тоқу мен алған білімінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр.