Алимент төлемесеңіз, көліктен айырыласыз

Алимент төлемесеңіз, көліктен айырыласыз

Қостанай облысы Сот орындаушылары өңірлік палатасы алимент төлемей жүргендермен күресті күшейтті. Баласының жағдайына бейжай қарайтын экс-отағаларына қатысты заң қатал шаралар қолданбақ. 2020 жылдың басынан бері алименттен қашқан 13 әкенің автокөлігі тәркіленген. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай шара бұдан әрмен жалғаса береді. Осы арқылы жауапкершілікті сезіндіру мақсат болып отыр.

Сот орындаушылары жыл соңына дейін берешек сомасын барынша азайтуды көздеп отыр. Өйткені алимент төлемегендердің қарызы 93 млн теңгеге жеткен. «Қасақана алимент төлемей жүргендермен белсенді күреске барлық өңір бойынша прокуратура қызметкерлерін де қосамыз. Қазіргі ста­­тистика нашар, 9 айдың қорытындысы бойынша 14,5 мың атқарушылық іс түскен. Алимент өндіру мәселесі оңай емес. Сон­­дықтан біз осы бағыттағы жұмысты күшейтуді жөн көрдік және жақын арада борышкерлер үшін рейд бастаймыз», – дейді Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы бас­­­­шысының орынбасары Есімгелді Шодоров.  

Жадыра АҚҚАЙЫР