Шымкентте шешендер шаршы алаңға шықты
Шымкентте шешендер шаршы алаңға шықты
168
оқылды

Демалыс күндері Шымкент қаласындағы М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде британдық және америкалық форматта «Jas Otan» Жастар қанаты мен Республикалық пікірсайыс федерациясының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогына арналған XVIII Республикалық пікірсайыс турнирі болып өтті. Екі күнге созылған турнирге еліміздің 17 өңірінен 36 команда келді. 2 млн теңге көлеміндегі жүлде қоры бар жүл­делі орындарға бақ сынасқан командалар 5-12 қа­зан аралығында өңірлік іріктеуден өткен болатын. Үздік спи­кер Линкольн-Дуглас форматы бойынша іріктелген барлық ойындар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.

Жас белсенділер арасында ше­шендік өнер бойынша қоғамдық саясаткерлерді, пікірсайыс жүргізе алатын өзіндік көзқарасы қалып­тасқан, өз тобының қызығушы­лығын сауатты аргументтермен қорғай алатын жастарды қолдау мақсатында өткізіліп жүрген бұл турнир 18 жылдан бері пікір­сайысшы жастардың сүйікті жиыны болып кеткен. Бұл турнирде спикерлер қоғамдағы ең өзекті тақырыпты талқылайды. М.Әуезов атындағы университеті «Ақиқат» пікірсайыс клубының мүшесі Ақерке Ермұхан карантин жағ­дайына байланысты турнирдің барлық санитарлық талаптарға сай өткізіліп жатқанын атап өтті. «Еліміздің түкпір-түкпірінен жи­нал­ған пікірсайысшылар бүгінгі таңдағы маңызды тақырып бо­йынша өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Финалдың тақырыбы бойынша спикерлер отбасылық өмірдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу механизмін ұсынады. Яғни, өздерінің идеясы арқылы зорлық-зомбылықтың статисти­касын анықтап, азайту мақсатын көрсетеді. Сонымен бірге дағдарыс кезіндегі банктердің рөлі де тақы­рыпқа айналды. Мұндай қарарлар пікірсайыс клубында 7-8 жылдық тәжірибесі бар жандардың талқы­лауы нәтижесінде бекітіледі», – дейді Аружан. «Jas Otan» Жастар қанаты төрағасы Елнұр Бейсенбаев тур­нирдің өте сәтті, тартысты өткенін атап өтті. «Белсенді жастар жинал­ған турнирде бүгінгі күннің тақы­рыптары қозғалды. Қабылданған 12 қарардың ішінде праймериз, тұрмыстық зорлық-зомбылық (ажырасу, балалар арасындағы суицидті қайтсек азайтамыз), білім және тағы басқа тақырыптар бар. Жастар әртүрлі кейстерді ұсынды. Біз мұндай турнир арқылы жас­тардың додада айтқан ой-пікірін, оны шешу жолдарына қандай пікір қосатынын біліп, жіті бақылап, оны партия деңгейінде іске асыра­тын боламыз. Жуырда өткен прай­мериз кезінде де дәл осындай дебат түрінде белсенді жастар көзге кө­рінген. Бұл орта жастарды жаңадан ойлай білетін, кез келген мәселені шешу жолдарын айта алатын орта қалыптастырады деп айтуға бо­лады», – дейді Е.Бейсенбаев.
Екі күнге созылған турнир өз мәресіне жетіп, соңында жеңім­паздар марапатталды. «Үздік төреші», «Белсенді қатысушы» сынды номинация иелеріне 100 мың теңге көлемінде сертификат табысталса, 3-орынға – 200 мың, 2-орын иегеріне 300 мың теңге қаржылай сыйлық ұсынылды. Ал 400 мың теңге тағайындалған 1-орынды қазақ лигасынан Алматы қаласының «Праймериз» ко­мандасы мен орыс лигасынан Павлодар қаласының жастары жеңіп алды. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысқан Білім және ғылым министрлігінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орын­басары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы «Nur Otan» партиясы төра­ғасының орынбасары Мұратәлі Қалмұрадов пен «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Елнұр Бейсенбаев бел­сенді жастарды құттықтап, сәттілік тіледі. Ең қиыны шаршы топта сөз бастау екенін атап өткен Шыңғыс Мұқан: «Сөз сөйлеу адамның ең алдымен қауіпті сезім мүшелерін оятады. Сіздер сол қауіптен қорық­пай сөз сөйлеп қана қойған жоқ­сыздар, ойларыңызды ашық ай­тып, қарсыластарыңызға дәлелдеп, оның пікірін өзгертуге үлес қос­тыңыздар. Аудиторияны өзіңе ерітетіндей сөз сөйлеу – үлкен өнер» деп жастарға жігер берді.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы