«Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институтының қазан айындағы сауалнама нәтижесіне сәйкес партияны қолдау деңгейі 76,8 пайызды құрады. Дауыс берушілердің 70,7 пайызы партияның саяси салада бәсекелестері жоқ деп санайды, ал респонденттердің 69,2 пайызы елдің дамуын тек «Nur Otan» партиясымен ғана байланыстырып отыр. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская айтып өтті.
\Партияны қолдаудың жоғары деңгейі, бұл пандемия кезеңінде халықты қолдау жұмыстарының күшеюінің, кері байланыстың онлайн арналары мен қоғамдық қабылдаулардың нығаюының, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуын бақылау жөніндегі мақсатты жұмыстарының нәтижесі. Сондай-ақ партия рейтингтерінің артуына қоғамда сұранысқа ие болған партияішілік праймеризді өткізу ықпал етті. Қазақстандықтардың 65,3 пайызы партиялық сайлау туралы хабардар. Олардың 62 пайызы праймеризді «жақсы тәжірибе» деп санайды. Праймеризде партия мүшелерінің 82,4 пайызы дауыс берді, 10 мыңнан астам кандидат тіркелді. Олардың 55 пайыздан астамы қалалық және аудандық мәслихаттар тізіміне өтті. Бұл партияішілік сайлау болғанына қарамастан, оған партия мүшелерінен басқа миллиондаған қазақстандықтар қатысты. Жаңа көшбасшыларды іріктеу нәтижесінде қалалар мен облыстар мәслихаттарының партиялық тізімдері үшін праймеризге 5 500 үміткер таңдалды. Айта кетейік, биылдан бастап елге партия бастамасымен Birgemiz қоры арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін көмек көрсетіп жатыр. Аталған қор арқылы атаулы әлеуметтік көмек 550 мың отбасына жетті. 5 000-нан астам жасотандық волонтер 300 000 отбасына 5 миллион бетперде мен азық-түлік себетін тегін жеткізді. Партияға деген сенімділіктің өсуінің негізгі көрсеткішінің бірі –қоғамдық қабылдаулар желісіне деген сұраныстың артуы. Қабылдау бөлмелеріне 2019 жылы азаматтардан 231 мың өтініш келіп түсті, 2020 жылдың басынан бастап қабылдауға 356 мың азамат тіркелді. Қабылдауда талқыланған мәселелердің көпшілігі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы оң шешімін тапты, басқалары бойынша толық түсіндірмелер берілді. Негізінен әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, жұмыспен қамту және еңбек құқықтарын сақтау мәселелері халықты жиі толғандыратыны анықталды. Пандемия жағдайында да «Nur Otan» қоғамдық қабылдау бөлмелерін қашықтан онлайн режиміне ауыстыру арқылы үздіксіз жұмыс істеуін жалғастырды.– Әлемдік пандемия мен еліміздегі экономиканың құлдырауына қарамастан, Қазақстандағы қалаларды дамыту, жол салу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасын тапты. Қыркүйек айында Елбасы Түркістан қаласына барды, оны жандандыру туралы шешім 2018 жылы қабылданған болатын. Осы уақыт ішінде қалада заманауи дамыған туристік-қалалық инфрақұрылым құрылды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына барып, онда Абайдың рухани мұрасын насихаттауға арналған іс-шараларға қатысты, сондай-ақ Семей қаласының Қарағайлы шағынауданындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Президент «жаңа шағынауданның құрылысы Қазақстан тарихында маңызды рөл атқаруы және қаланың жаңғыруының символына айналуы керек» деп атап өтті, – дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская.Партияішілік праймериз «Nur Otan»-ның партиялық өрістегі абсолютті үстемдігін растады, партияның нақты мақсаттар мен нақты істердегі имиджін шоғырландырды, «халықтық» партиялық тізімдердің қалыптасуына негіз болып, әр кандидаттың белгілі бір аумақта танылуына мүмкіндік сыйлады. Қорыта айтқанда, еліміздегі жетекші партия әрқашан халықпен бірге екенін дәлелдеді. Басымдық аймақтарға берілді. Тәуекел карталары жасалды және жергілікті жерлерде қоғамдық сұраныстарға жауап беретін негізгі мәселелерге талдау жасалды. Партиялық саяси даму тарихында тұңғыш рет «Nur Otan» бюджеттік мүмкіндіктермен байланыстыра отырып, әр аумақ үшін жеке сайлау бағдарламаларының 216 жобасын жасады. Мұны партияның мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қосқан үлесі деп қарау қажет. Сайлауалды бағдарламалар аумақтарды дамыту бағдарламасының негізін қалайды, бұл атқарушы биліктің жауапкершілігін және оларды жүзеге асыру үшін өкілетті органдардың нақты бақылау рөлін арттыра түседі.