Қазынаға қол сұққан адам кешірімге қаншалықты лайық?
Қазынаға қол сұққан адам кешірімге қаншалықты лайық?

11 қазан күні Шымкент қаласы Абай ауданының соты бұрынғы Ұлттық эко­номика министрі Қуандық Бишім­баевты мерзімінен бұрын шартты түрде бостан­дыққа шығарды. Экс-министр 2017 жыл­дың қаңтарында жемқорлық қылмысы үшін ұсталып, 2018 жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Екі жыл тоғыз ай темір торда отырған оған сот үкімімен жеңілдік жасалды.

Жалпы, еліміз тәуелсіздігін жариялағалы бері жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған қылмыс саны аз болған жоқ. Сонау 1996 жылы Міндетті медициналық сақтандыру қоры төрағасы Талапкер Иманбаевтан (906 млн теңге жымқырды деген айып тағылған) бастап, кешегі күнгі Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваға дейін шенеуніктердің есім-сойынан қорған соғуға болатындай жағдайға жеткеніміз жасырын емес. Шекара асып, халықаралық іздеуде жүргені қаншама. Әйтсе де, Қазақстанның саяси-экономикалық аренасында аты мәлім фамилиялардың темір торда ұзақ отыруы сирек құбылыс. Көбісі жазасын шартты түрде орындап, қылмысының өтеуін дүние-мүлкін мемлекетке өткізіп, айыппұлмен құтылып кетеді. «Жаздым, жаңылдым» деп Мемлекет басшысының атына хат жазып, кешірімге ие болғандары, заңда қарастырылған ізгілік қағидасы – рақымшылыққа ілінгендері де бар. Дегенмен мемлекет алдында Ант беріп, лауазымды қызмет тұтқасын ұстағаннан кейін антты бұзып, қазынаға қол сұғуы кешірімге қаншалықты лайық? Жемқорлық айыбымен сотталған шенеуніктерді мерзімінен бұрын босату қаншалықты дұрыс? Бұл тұрғыда заңда не көрсетілген, қоғамның көзқарасы қандай?

 

Нурлан.JPG
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Мәжілістің Заңнама және
сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі:

– Заңда экономикалық қылмыс жасаған тұлға істе­ген қылмыстық әрекетін айып­пұл арқылы өтеу мә­се­лесі көрсетілген. Арнайы кон­цепция бар. Дамыған ел­дерде бұл концепция жолға қойылып, нәтиже бе­руде. Біздің еліміз де нарықтық қатынасқа көшкелі осы әдісті қолданып жатыр. Дегенмен бұл мәселе жұртшылық ойында күдік тудыратыны да жасырын емес. Қылмысын айыппұл арқылы өтетіп, шартты түрде соттау ісін кейбір адамдар қолдамайтыны рас. Ол жеңіл жаза секілді көрінуі мүмкін. Бірақ айыппұл көлемі де оңайға соқпайды. Әрине, ұсақ-түйек қыл­мысқа барғандардың бәрін соттай беру де тиімсіз. Неге десеңіз, түрмедегі әр адамға күнделікті 1 500 теңгенің үстінде бюджеттен қаржы жұмсалады. Егер түзету мекемелеріндегілер саны артып кетсе, мем­лекеттің шығыны да арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан экономикалық қылмыс жасағандардың жазасы қылмысының көрсеткішінен бірнеше есе жоғары болуы тиіс. Бұрынғы уақытта қазақ қоғамында ата-бабаларымыз жазаны бір ғана азаматқа емес, әулетке, тіпті тұтас руға кесетін болған ғой. Мысалға, барымталап айдап келген бір үйір жылқының үстіне бірнеше үйір қосып қайтаратын жағдайлар кездескен. Қазір де солай айыппұл көлемін бірнеше есе өсіріп, қылмыс жасаған адамның өзінің ғана жиған-тер­ге­нін емес, жақындарының мүлкін де тәркілеп, ауырт­палықты сезіндіретіндей жаза тағайындау қажет. Оған қоса, жазаға тартылған лауазымды тұлғаға қа­тыс­ты ақпарат халыққа ашық түрде тарап, айып­пұл мөлшері айқын көрініп тұруы тиіс. Рас, біздің елі­міздің заңы бойынша қылмыс жасаған адамның ақталып шыққаннан кейін мемлекеттік қызметте істе­уіне жол берілмейді. Біле білгенге осының өзі ауыр сынақ болса керек. Әйтсе де, айыппұл көлемі ба­рынша қомақты болып, жаза мәңгі есінде қала­тын­дай ауыртпалық келтіретін болса, кез келген аза­мат қылмысқа бармас еді деп ойлаймын. Бір жағы­нан азаматтарымыздың көңілінде де күдік қалмайды.

 

Қанат.JPG
Қанат ҚОЖАБЕК,
заңгер, әл-Фараби атындағы 
ҚазҰУ-дың доценті:

– Негізі мұның барлығы Қылмыстық-процессуалдық кодекспен реттелініп қойған. Жазаның белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін барлық елде мерзімінен бұрын босату қолданылады. Тіпті, адам өлтірсе де. Мерзімінен бұрын босатуға келісемін. Өйткені бұл – қылмыстық заңның ізгілік қағидасы. Бірақ мерзімінен бұрын босатудың талаптарын күшейту және қатаң сақтау қажет! Мәселен, жасаған қылмысының ауырлылық дәрежесіне қарай босап шығу үшін белгілі бір бөлігінің өтеу мерзімін жоғарылату. Ал айыппұл төлеумен алмастырумен келіспеймін. Өйткені оның сомасы кейбір тұлғалар үшін әсер етерліктей болмайды. Жазаның белгілі бір уақытын өтеген соң қалған уақытын айыппұлмен өтеу деген де бар. Бірақ оның біркүндік баламасы 800 теңге ғана шамасында. Ол жағдайы бар тұлғалар үшін, әсіресе лауазымдағы азамат үшін ақша емес. Сондай-ақ рақымшылық қағидасы мен кешірім беруді шатастырмау керек, екеуі екі бөлек. Белгілі бір тұлғаға оның кезіндегі лауазымды қылмысына орай кешірім беру қылмыстық заң қағидасына қайшы. Менің ойымша, қылмыскерге кешірім болмауы керек. Ол заң қағидасына орай дұрыс емес. Әрине, мерзімінен бұрын босату заңымызда қарастырылған. Дегенмен оны жазаның кем дегенде жартысын өтегеннен кейін, оның өзінде күшейтілген талап бойынша қарастырған дұрыс.

 

Алмас.JPG
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
заң ғылымдарының кадидаты:

– Бұған дейін де айтып жүр­генімдей, әрбір жем­қор – САТҚЫН. Өйткені ол – мем­лекеттің іргесін ыдыратушы. Көптеген жойылып кеткен елдердің түбіне жемқорлық жетті. Ал Отанын сатқанға қандай аяушылық болуы мүм­кін. Бірақ ол шын жемқор болса, біреуге ұнамай қалып, жемқорлықты құрал қылып ілігіп кеткен адам болмаса. Біздің елде бәрі мүмкін болып қалды. Бір миллион доллар пара алып, бір күн де түрмеде отырмаған В.Нидің ісін білесіз. Оған түсініктеме берген судья «жәбірленушілерден шағым болмағандықтан» босады депті. 4 мың пара алған мен 400 мың пара алғанның жүгі бірдей. Ал сіз айтып отырған тұлғалар – алдымен, мемлекеттің беделіне, содан соң бюджетіне зиян келтіргендер. Сонымен қоса олар мерзімінен бұрын босап шығып жатқан жоқ, өтелмеген мерзімді айыппұлға айырбастап шығып жатыр. Ол Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш, де­мек, жылына 230 500 теңге. Ол миллиардты жұт­қан­дарға сөз бе екен. Керемет бір бизнес жобаға ұқсайды: миллиардты жейсің, миллионды делдалға бересің, мыңдарды «айыппұл» деп мемлекетке бере­сің. Болды, боссың. Сондықтан жемқорлығы шын дәлел­денген тұлғалардың кесілген мерзімнің кемінде төрттен үшін өтеген соң ғана өзге жазаға ауыстыруға болады деген ереже қылмыстық заңға енгізілуі қажет. Содан соң жеп қойған қаражатты құстырудың ме­ха­низмдері жетілдірілу керек. Әйтпесе, жыланды үш кессең де кесірткеден әлі қалып жатқаны жасырын емес.

 

Әзірлеген
Бауыржан БАЗАР