Бұл жоба 2016 жылы қолға алынған екен. Бірақ дәл қазір соны серпін, ғаламат қарқын алды. Биылғы жылдың соңына қарай Нұр-Сұлтанда ақылы автотұрақтар ауданы 10 есе артып, 5 мың орынға дейін жетпек.
Елордалықтар неге естен танды?
Әр мектептің өз автотұрағы бар. Оған мұғалімдер, білім ордасының жұмыскерлері күні бойға машинасын қалдырады. Сондай-ақ баласын мектепке әкелгенде және алып кеткенде оған ата-аналар өз көлігімен кіреді. Пандемияның өршуіне байланысты наурызда карантин енгізіліп, шәкірт атаулы қашықтан оқуға көшкенде бұл алаңдар да бос қалған. Таяуда кейбір ата-ана кезекші сыныпқа жазылған баласын сабағына әкелгенде, жағымсыз жайтқа жолықты. Мектептің автотұрағына оның енді ақылы екенін көрсететін белгі орнатылыпты. Елорданың сол жағалаудағы жаңа орталығында орналасқан №66 мектеп-лицей оқушысының анасы Бақыт Қайдауылова тікелей Нұр-Сұлтан әкіміне жүгінді. «Әкім мырза, біздің мектеп жанындағы автотұрақты ақылыдан қайтадан тегін етуді сұраймыз. Қадам басқан сайын ақылы автотұрақ белгілерін орнатып тастады. Не себепті мектептің жанындағы көліктер тоқтайтын жер ақылы болып кеткен? Қаншама салық төлейміз, сол арқылы әлеуметтік, мемлекеттік ұйымдарды қаржыландырып отырмыз. Мұның сыртында уақытша көлік қойғанымыз үшін де ақша алмақ па?!» деп ашынған ана әкімнен мұндай сорақылыққа тоқтау салуды сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мұның елге ешқандай қиянат емес, қайта игілік екеніне сендіріп бағуда. Оның айтуынша, ақылы автотұрақтар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 2016 жылы 27 сәуірде қабылданыпты. Кейін, 2019 жылғы 8 қазанда МЖӘ тетігі арқылы негізгі қалалық орындарды заманауи тұрақтармен және паркоматтармен жабдықтауға бағытталған шаралар бекітілген.Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-мен бірлесіп, «Астананың ақылы автотұрақ кеңістігін құру және пайдалану» жобасын жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – «қала көшелерін және жолдар желісін жүктемеден арылту, жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалысына қолайлы жағдай туғызу» көрінеді.
Әкім әлгі компанияға ақылы автотұрақтарын қаптатып ашу үшін берілетін барлық жер телімі мемлекеттік меншікте қала беретінін жеткізді.А.Көлгіновтің мәліметінше, белгілер жаппай орнатылғанымен, бүкіл қала бойынша ақы жинау жүйесі әзірге іске қосылған жоқ.«Ақы жинауды енгізу – жүргізушілерді қоғамдық орынды анағұрлым жауапты қолдануға, көлік қою уақытын жоспарлауға ынталандырады. Нәтижесінде, тегін автотұраққа күні бойға қоя салынған автомобильдер саны қысқарады. Тұрақтардағы ол орынды бір күн ішінде мейлінше көп жүргізуші пайдалана алады. Бұған қоса, ақылы автотұрақтар желісін ұйымдастыру жобасы қалада бейберекет-стихиялы тұрақтардың жойылуына септеседі. Жол қозғалысын жүйелендіреді», – деді қалабасы.
«Тек «Нұржол» бульварындағы телімде ғана ақылы автотұрақ істеп тұр. Ақылы автотұрақтан және салынған айыппұлдан түскен қаражат астананың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Атап айтқанда, жол белгілерін, жол таңбаларын жаңғыртуға, автобус аялдамаларын ұстап тұруға, бағдаршамдар мен жолдарды жөндеуге шығындалады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Лондон астанадан неге озық?
Аты айтып тұрғандай, «Парковочное пространство Астаны» (ППА) ЖШС – елорда аумағын ақылы автотұраққа айналдыру үшін құрылған. Ол компаниялар, мектеп не емхана ұжымы, өзге де заңды тұлғалар үшін корпоративтік абонемент енгізбек. Яғни, егер ұйым басшысының өз ұжымының жағдайы үшін жаны ашыса, басы ауырса, абонемент сатып алып, таратсын. Компания астанадағы әр ұлтарақ жерді ақылы етуге қызу дайындық үстінде. Тіпті, осы мақсатта арнайы сайт (astanapark.kz) және Call-орталық құруда. Рас, онда өзекті ақпарат тапшы.«Ақылы автотұрақта 1 сағат тұрудың құны – 100 теңге. Ақша көлік қойылғанға дейін алдын ала енгізілуі тиіс», – дейді «ППА» ЖШС.Бесіншіден, Лондонда автотұрақтардың көбі күзетіледі. Операторлар ондағы автокөліктерге нұқсан келтірілмеуін мұқият қарайды. «Парковочное пространство Астаны» директоры Шыңғыс Досыбаев елордадағы ақылы автотұрақтарда тұратын көліктердің қауіпсіздігіне және бүтіндігіне өздерінің еш жауап бермейтінін ашық айтты.
– Біздің компания сақтандыру агенттіктерімен ықтымақтастық жасамайды. Оған барсақ, тұрақ ақысы 100 теңге болмай, әлденеше есе қымбаттап шыға келер еді. Ашық қалалық автотұрақтарда көліктердің бүтіндігін қамтамасыз ету мүлдем мүмкін емес деп санаймыз. Өйткені ақылы автотұрақта тұрған кезде залал келгенін тіркеу үшін әрбір автомобильдің тұрақтау сессиясына дейінгі және одан кейінгі жай-күйіне талдау жасап, бағалап отыру қажет болады. Бұл тек машиналар ұзақ мерзімге қойылатын ірі, жабық автотұрақтар үшін ғана табысты-рентабельді іс, – дейді Ш.Досыбаев.
Ауадан қанша ақша табады?
Жалпы, астанада даладағы, яғни қар, жаңбыр, бұршақ, дауыл және басқасынан еш қорғалмаған ашық тұрақ үшін ақы жинау 2,5 жылдан бері жүруде: тиісті жоба 2018 жылдың 15 қаңтарында іске қосылды. Әлгінде әкім айтқандай, әзірше тек елорданың басты бір туристік нысаны – «Нұржол» бульварында ғана ақы жиналады. Әйткенмен, соның өзінде табысы шаш-етектен. ППА дерегінше, егер 2019 жылғы қаңтарда 1,7 миллион теңге түссе, 2020 жылғы қаңтар айында 3,1 миллион табыс құйылған. Яғни, кірісі бір жылда 81 пайызға ұлғайды! Былтырғы ақпанда табысы 1 млн 611,2 мың теңге болса, биылғы ақпанда 3 млн 108 мың теңгеге жетті. Елде төтенше жағдай енгізілген наурызда төмендеп, 1 млн 911,1 мың (2019 жылғы наурызда – 1 млн 803,7 мың), сәуірде – небәрі 10,4 мың (өткен жылғы сәуірде – 2 млн 645 мың) теңгені құрады. Есесіне одан кейінгі айларда астаналық ақылы автотұрақтардан түсетін ақша еселеп өсті: 2020 жылғы мамырда – 3 млн 50 мың (2019 жылғы мамырда – 2 млн 456,9 мың), маусымда – 4 млн 526,8 мың (былтырғы маусымда – 2 млн 348,6 мың), шілдеде – 3 млн 415,3 мың (2019 жылғы шілдеде – 2 млн 433,1 мың), тамызда – 4 млн 341,2 мың (2019 жылғы тамызда – 2 млн 390,7 мың), қыркүйекте – 5 млн 386,8 мың теңге (былтырғы қыркүйекте – 2 млн 611,1 мың). Осылайша, ақылы автотұрақтар жалпы алғанда өткен жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллионнан астам, ал биылғы 9 ай қорытындысында – 28,9 миллион теңгедей табыс әкелді. Егер бүкіл Нұр-Сұлтан ақылы болса, бұл кірістің қандай ғаламат ауқымға жетерін бағамдай аласыз. БАҚ-та жазылғандай, ақылы автотұрақтар биыл 5 мың орынға дейін кеңейтілсе, ықтимал түсім 1,8 миллиард теңгеге дейін бармақ. Бөліс келісімі бойынша оның 5%-ы қала әкімдігінің бюджетіне түседі, басым бөлігін, яғни 95%-ын ППА қалтасына басады.Ш.Досыбаев бүгінде «Нұржол» бульварында 487 ақылы тұрақ орны толыққанды жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Нұр-Сұлтанның Есіл және Сарыарқа аудандарында тағы 3 мың 381 орын қолданысқа беруге дайын екен. Дегенмен онда қашан ақы жинау басталатынын қала әкімдігі белгілейді. ППА мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімі бойынша әрекет ететіндіктен, қала басшылығы бекітпей, паркинг желісін өз бетінше кеңейтуге оның қақысы жоқ. Рұқсат етілсе, жыл соңына дейін ақылы тұрақ санын 5 мыңға дейін жеткізуге ниетті. P.S.– Елордада бірыңғай ақылы автотұрақ кеңістігін құру ісі тиімділігін көрсетті. Көлік қоюды ақылы ету, мысалы тұңғыш ақылы аймақтағы жағдайды айтарлықтай жақсартты. Егер бұрын адамдар «Нұржол» бульварына көлігін орта есеппен 4 сағатқа тастап кетсе, қазір ол 40 минуттан да аспайды. Кез келген дамыған қала уақыт өте тұрақтарды тегіс ақылы етуге мәжбүр болады. Нұр-Сұлтанда 1 мың тұрғынға 250-ден астам көліктен келеді. Яғни, қала бөле алатын тұрақ орындарына қарағанда машиналар саны әлдеқайда көп», – дейді «Парковочное пространство Астаны» компаниясының директоры.
Жұртшылықтың пікірі күрсініске толы. «Бұл идеяға жоба қожайындарынан басқа ешкім қуанып отырған жоқ. Жоба бар жүктемені көшеден аулаларға көшіре салады. Сол себепті аулалардағы тегін тұрақтар да ақылы етіледі деп жатыр. Бұлар қашан қақалар екен?» – дейді Аслан Еркімбай. Елорданың ақы жинау жөнінен Лондонмен үзеңгі қағыстырғаны қуанатын іс емес. Одан да бас қаламыз алдымен британ астанасымен жүзжылдықтар бойы тұрар ғимараттар сапасымен, туристік тартымдылығымен, тұрғындарының ауқатымен, қаржы орталығымен теңессе, нағыз мақтаныш сол болар еді.
Елдос СЕНБАЙ