Кемел суреткер келбеті
Кемел суреткер келбеті
220
оқылды

Бұдан елу жыл бұрынғы бір мақаласында Әбең: «Әуезов­тің арқасында қазіргі қазақ әде­биетінің абыройы мен ажа­­ры артып, айбарлана түс­ті, бұл дау­сыз дүние» деп жа­зы­пты. Елу жылдан кейін осы сөзді алып­тардың інісі болған, кейінгі тынысы болған, ізін басып, жарқын дәстүрдің ба­ғын ашқан, жаңа ғасыр әде­бие­тінің көш басындағы клас­сик Әбдіжәміл Нұр­пейісов­тің өзіне арнап айт­сақ та болған­дай екен. Ға­сыр­ға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан Әбеңдей сұңғыла сурет­кері бар қазақ­тың мерейі биік, бақы­ты ерен шығар! Өз басы­мыз өзге жақ­та мұндай кемел жастағы ке­мең­гер қаламгері бар халық ба­рын естімеппіз. Бар да бо­лар, бірақ ол Әбең емес қой...

Жастау шағымызда Мұхтар Әуезовтей айдыны кең, айбары бөлек, тұғыры мықты тұлғаны көр­гендер, қатар жүргендер, дәрісін тыңдап, сөзін естігендер тамсана әңгімелеп жатса – аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз, оларға қа­рап қызығатынбыз. Кейін біздің ұрпақ­қа да есе тиіп, маңдайымызға қос Ға­беңді (Мүсірепов, Мұста­фин) кө­ріп қалу бақыты жазылды. Олар­дың жиналыстарда сөйлеген сөзіне, тағылымды әңгімесіне құ­лақ қо­йып, ұйып тыңдаушы едік. Алып­тар санатындағы сол екі дос әдемі қар­тая білудің, ақсақал­дық­тың та­ма­ша өнегесін көрсетіп кет­ті. Әзіл­дері жарасқан, жұптары жа­­зыл­­маған сол қос құрдас та мы­­­нау жалғаннан желдей есіп өте шық­ты.

Шүкір дейік, алыптар тобы кет­се де сол алыптардың сарқы­тын­дай болған Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов әлі біздің арамызда. Әбең­дей ерен тұлғамен ел тәуелсіздігінің қуанышына бірге бөленіп, бір за­манның ауасымен тыныстап, суын ішіп, дәмін татып отырғаны­мыз­дың өзі бір ғанибет деп білем! Иә, қаламгер ретінде біз Әбеңе қарап бой түзеп, сөз ұстауға ұмтылғаны­мыз рас. Алтайдың аю жортқан алыс түкпірінде жүргенде шағын кі­тапханамызға алдымен «Ымырт», «Сергелдең» атты екі кі­т­ап кел­гені есімде (трилогияның үшін­ші кітабы «Күйреу» 1970 жылы шыққан). Осы екі кітап қолдан түс­пейтін, оларды оқу үшін кезек кү­тіп сарылушы едік. Бұғы бағу­мен айналысатын біздің өңірге бір ға­сырдың жүгін арқалап, бірін-бірі толықтырып, жалғасып оты­ра­тын бұл кітаптағы балықшы қазақ­тардың өмірі мүлдем таңсық болатын.

«Ымырт» пен «Сергелдеңнің» орысы мен кержағы басым біздің ауыл жастарына әкелген әсерін қазір де сағынышпен еске аламын. Ол кезде жазуы күрделі, айтар ойы қат-қабат «Абай жолына» тісіміз батпайды, өреміз жете бермейді. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір ма­хаб­баты», бүгінгі сөзбен айтқан­да, бест­селлер. Бірақ неге екенін біл­мей­мін, ол кітапқа үлкендер тара­пы­нан қатаң цензура қойылған. Тегі «махаббат» деген сөзінен үрке­ді білем. Орыс тіліндегі кітап­та­ры самсаған кішкентай кітапханадағы жалғыз дана «Мөлдір махаббат» кімнің қолында – кезекке тұрған бүкіл ауыл санап-біліп отыратын. Бірінші сыныпқа он жасында барған, бізден бірер сынып жоғары оқыған Бағдат деген етжеңді бір қыз бар еді. Сәбеңнің әлгі рома­нын кезегі жетіп қойшы әкесінің оқып жүргенін Бағдат көреді. Әке­сі қойын жайып тауда жүрген кезін­де, Бағдат оны құрбыларына мақтанып, мектепке әкелсе керек. Сөйтіп, партаның астына жасырып оқып жатқан жерінде оқыс қолға түсе­ді. Содан бұл оқиғаға байла­ныс­ты мектепте «ЧП», яғни «тө­тен­­ше жағдай» жарияланғаны есі­мізде. Әке-шешесі шақырылып, қойшы қызының тәртібі майшам­мен «педсебетте» қатаң түрде қара­ла­ды. Қызды мектептен шығармақ болып, ақыры әке-шешесінің өті­нішімен сөгіспен қалдырады. Ол кезде он жетіге толған Бағдат қыз да қайсар екен, «олай болса мектептерің өздеріңе» дейді де, арада екі айдан соң көрші ауылдың шопыр жігітіне күйеуге қашып кетеді.

Ал жаңағы Әбеңнің екі кітабы­ның жөні басқаша еді. Киносы жоқ, сауық-сайраннан ада біздің ауыл үшін цензура қойылмаған ол кі­таптар кереметтей жаңалық, руха­ни азық болды. Кімге қай томы тиеді, ол жағына қарап жат­қан жан жоқ, бұрқыратып оқи бер­дік. Қалай екені есімде қалмап­ты, мен екінші томнан бастап оқып, көптеген оқиғаны көпке де­йін бытыстырып-шатастырып жүр­дім.         

Есейе келе әлемдік деңгейге кө­терілген Әбеңнің әлемі Арал те­ңізімен ғана шектелмесін сезін­дік. Әбеңнің әлемі шалқыған көк мұ­хит екен, оның көкжиегіне екі­нің бірінің қолы жетпейді, шетсіз, шексіз екен.

Пайымдап қарар болсақ, Мұх­тар Әуезовтен кейін қазақ әде­бие­тін төрткүл дүниеге танытқан да осы Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов екен-ау!

Кескін-келбеті, бүкіл болмысы ерекше жаратылған Мұхаңдай ке­мең­герді кезінде бүкіл Одақтың ақын-жазушылары, ғалым-сын­шы­лары қай елде кездессе де қақ жарылып қарсы алған деседі. Ол жайында куә болғандардың, көз­көр­гендердің естеліктерін оқыдық та, естідік те. Енді, мінеки, біз де қара жаяу емеспіз, Мәскеу бара­мыз, Питерде жүреміз, шығандап шетелге де шығып кетеміз. Содан ұққанымыз – төл әдебиетіміздегі ұлылық дәстүрдің алтын жібі үзіл­меп­ті, Мұқаңдай ұлы суреткердің ізін басқан Әбең бар екен. Оны әлгі шетелдік қаламгерлердің Әбеңе деген құрметінен байқай­тын­быз, олардың Әбеңнің алдында құрдай жорғалап, иіліп тұрғанынан көре­тінбіз. Бөтен жұрттың тара­пы­нан сезілген әлгіндей риясыз көңіл, шынайы сыйластықты бай­қап, іштей тәубе ететінбіз.

Әбең туралы шама-шарқынша олар айтты да, жазды да. Дегдар мінезді Луи Арагон, Андре Стиль, Жорж Буйон сияқты әлемдік тұл­ға­лардың жақсы пікірлері, бер­ген жоғары бағалары бар. Аме­ри­ка әдебиетін зерттеуші үлкен ғалым Николай Анастасьев Нұрпейісов туралы күректей монография да жазып шығарды. Анастасьев осы зерттеу кітабында: «Нұрпейісовтің бүкіл шығармашылығында биік талғампаздық пен талап, кісілік пен кішілік, азаматтық адалдық жа­тыр. Көркем дүниесін былай қой­­ғанда, әдебиет жайындағы тол­ғауы мен мақаласының өзі ар­тық-кемі жоқ шымыр, тілі төгі­ліп тұра­ды. Бұл сөзімізге «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағындағы танымдық дүниелер дәлел бола ала­ды» деп жазыпты.

Ал испандық әйгілі әдебиет сыншысы Аугуст Видаль Әбеңнің «Қан мен тері» туралы: «Трилогия напи­сана в классических тради­циях русской прозы – эпический размах, глубина изображаемых событий, вереница разнообразных персонажей и художественное мас­терство заставляет вспомнить «Тихий Дон». Вероятно, можно сказать, что Нурпеисов в опреде­лен­­ном смысле «Шолохов казах­ской литературы» деп жазған екен. Бұл – Әбең шығармашылығының әлемдік деңгейге көтерілгенін мойындаған ілтипат.

Әбеңнің соңындағы біз сияқты қаламгер інілері Нұрпейісовтің әдебиетке соншалықты адалдығы­на, қасиетті қазақ сөзіне сонша­лық­­ты ұқыптылығына ылғи да қай­ран қалумен келеміз. Бұл ел ішін­де аңызға айналған шындық. Екінің бірінің қолынан келмейтін, санаулы ғана саңлақтарға тән си­рек мінез. Әңгіме Әбеңнің өзі­нің «Қан мен терін» өмір бойы көз ма­йын тауысып қайта-қайта қара­уын­да, бірде түзеп, бірде күзеуі жайында болып отыр. Кейінгі аты­шу­лы дилогиясы – «Соңғы парыз­ды» да көңіл таразысынан қанша рет өткізді десеңізші! Мұндай жанкештілік, сірә, Әбең­дей ұлының ғана қолынан келетін іс шығар тегі. Көпіртіп көп жазбау­дың арғы жағында өзіне деген осын­­дай қатаң талап жатқан шы­ғар тегі. Романдарына жылыс­та­­ған жылдарды ғана емес, бүкіл ғұмы­рын арнап, қадала үңіліп, арқандай ширатып, шылбырдай шегелеп шы­ғаруы – өлшеусіз еңбектің нә­ти­жесі. Содан болар, бүгін Әбеңнің ше­берліктің шыңына шығып, қа­лам­ды құдірет тұтқандардың бар­ша­сына үлгі болып отырғаны.

Әбеңнің төл әдебиетіміздің жау­­­һарына айналған өз туынды­ла­рын орыс тіліне аудару кезіндегі талап­шылдығы да қайран қалды­ра­ды. Аударма сапасына ежіктей қарап, әр сөйлеміне терең мән бе­ріп, орыс көркемсөзінің айтулы өкіл­дері Юрий Казаковты, Анато­лий Ким мен Петр Красновты тар­туын, өзінің жақын досы, қазақ сөзі­нің құдіретіне қанық Герольд Бель­герді араластыруын – ұрпақ ал­дындағы жауапкершілікті се­зі­нуі, сондай-ақ әдебиетке адал­ды­­ғының айқын көрінісі деп білеміз. Оны айтасыз, орыс тілін қойып, әлем­нің көптеген тілдеріне ауда­рыл­ған романының аудармасына да атүсті қарамай, білікті маманды тартып, мән беретінінен хабардар­мыз. «Аз жаз, бірақ саз жаз» қағи­да­сын ұстанған үлкен қаламгердің тәлімі бұл.

Иә, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке адалдығы, бізге ғана емес, кейінгілерге де өнеге бола­ты­ны рас. Бір ғасырлық халқы­мыз­дың тарихын кестелеген, өмір­­дің сан өткелінен қырандай қай­­мықпай, болаттай майыспай өт­кен ұлы суреткердің 95 жылдық ме­рейтойы – ұлтымыздың тойы, бүкіл қазақстандықтың мейрамы. Осы уақытқа дейін Әбең бірде-бір рет өзінің мерейлі жасын – алпы­сын да, жетпісін де, сексенін де, тіпті тоқсан жасын да атап өтіпті дегенді естіген емеспіз. Бұл пенде ретінде бізді бір жағынан таңғал­дыр­са, екінші жағынан ойға бас­тар, тәрбиелік тағылым сияқты қа­был­дадық.

Әңгімемізді Әбеңнің Әуезов тура­лы айтқан сөзінен бастап едік. Енде­ше, әңгіме түйінін сол Әбең­нің енді Сәбит Мұқанов туралы айтқанымен: «Қазақ халқы Сәбит Мұқановты осынша неге қадірлей­ді? Оның творчестволық өсу жолы мен өмір жолының әрбір елеулі ке­зеңін неге ұлттық мереке етіп өт­кізеді? Бұған себеп көп. Соның ішін­дегі ең басты себебі – Сәбит Мұқановтың өз халқына деген шексіз адалдығы» деген сөзімен аяқтауды жөн көрдік.

Иә, Әбеңнің өзі де Сәбит Мұқа­нов секілді халқының өмір жо­лын, қилы тағдырын өшпестей етіп тасқа басқан кемел суреткер. Суреткердің ұлылығын өзінің көз ал­дында аспандатып, мерейлі то­йын бүкіл елдің тойы ретінде абы­рой­мен атап өтіп жатқанымыз – біздің де өскеніміздің, өркениет ауылына шындап бет бұрға­нымыз­дың бір көрінісі болмақ.

 

 

Әлібек АСҚАРОВ,
«Тіл-Қазына» ұлттық
орталығының бас директоры