Жастар жобасы жүрісінен неге жаңылды?

Жастар жобасы жүрісінен неге жаңылды?

Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант  беру мақсатында өңірлік қазынадан 303 миллион теңге бөлінген болатын. Міне, осы қаржыдан өткен жылы өңір жастары өз несібесін алып, 165 жас кәсіпкерге грант берілді. Алайда араға жыл салмай аталған грантқа қатысты айқай шығып, соңы дау-дамайға ұласып отыр.

Қанша кәсіпкер «қара тізімге» ілінді?

Әңгіменің әлқиссасын арыдан бас­тасақ, жас кәсіпкерлерге қолдау білдіруі керек жобаның Жамбыл облысындағы үйлестірушісі ретінде облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инно­вациялық дамыту басқармасы болып бекітілген. Аталған басқарма бөлінген теңгенің тетігін таптырып, миллиондаған қаржыны мақсатты жұмсауы тиіс еді. Алайда құрылған комиссия мүшелері қар­жыны үлестіріп бергенімен, бүгінде жастар жобаларын жүзеге асыра алмай, соңы соттасумен аяқталуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында та­ғайын­далған гранттың қаржысын иге­­руге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мониторинг жасайды. Онда кә­сіп­керлердің қаржыны мақсатты пай­далану және уақытылы есеп беру секілді алгоритмдерге баса мән беріледі. Дәл осы мониторинг нәтижесінде 35 кә­сіпкердің уақытылы есеп бермегені анықталды. Конкурстық комиссия бұл кәсіпкерлердің есеп беру мерзімін кейінге қалдыру ту­ралы шешім шығарды. Осылайша, олар өткен жылдың 25 желтоқсанына дейін аралық есеп тапсыруға міндеттелді. Кейін­нен 16 кәсіпкердің бұл талапқа мойын­сынбағаны белгілі болды. Конкурстық комиссияның соң­ғы отырысында уақытылы есеп тап­сырмаған кәсіпкерлердің  грант нәти­жесінде ие­ленген қаржысын бюд­жетке кері қайтару туралы шешім шы­ғарылды. Олардың екеуі былтырғы жылы қаржысын кері қай­тарып қойған.
«Басқарма тарапынан бұл мәселенің алдын алу үшін барлық қажетті ша­ралар жүргізілді. Біздің мамандар кә­сіпкерлерге хабарласып, есепті уа­қытылы қайтару туралы ескерту жа­сап отырды. Біздің тара­пымыздан бар­лығы заң шең­берінде жасалып отыр»,– дейді басқарманың кә­сіп­керлікті мем­лекеттік қолдау бөлім­інің қызмет­керлері.
Осы ретте жобасын сәтті қорғап, дара­ланған жастардың есеп беруден есе жіберуінің нақты себебін білмекке «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры­ның облыстық филиалына хабар­ластық. Алайда олар тек зерделеу жұ­мыстарына жауапты екенін айтып, басқа мәселені әкімдік пен басқармаға қарай сілтеді.

 Комиссия мүшелерінің шешімі әділ ме?

Әрине, мемлекеттік қолдау ретінде берілген қаржыны мақсатты жұмсаған жөн. Әйтпесе, жастар оны Үкіметке кері қайтаруы тиіс екені түсінікті. Алайда грант алушылардың дені ко­миссия отырысын­да көптеген заң­сыздықтарға жол беріліп, тамыр-туыс­тыққа салы­нып кеткенін айтады. Бұл мәселені  Жам­был облысы бойынша Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қыз­мет мекемесі  об­лыс  әкімдігінің кәсіп­керлік және ин­дустриалды-инновациялық дамыту бас­қарма­сы­на жүргізілген  сыртқы талдау қорытын­дысында да айтқан болатын. Мәселен, «жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъ­ектілеріне мемлекеттік гранттар беру»  бойынша талдау барысында 2019 жылы келіп түскен өтініштерді тіркеу журналдары болмай шық­қан. Сон­дай-ақ конкурстың жеке­леген қатыс­ушыларына заңсыз ар­тықшылық көрсету фактілері мен  басқалардан негізсіз бас тарту жа­йт­тары болған. Атап айт­сақ,  «Тұңғышбай» ЖК бизнес-жо­басын  комиссия мүшелерінің көп­шілігі қолдамағанына  қарамастан мақұл­данған. Дәл сондай  Aitora  ЖШС мен  «Қадірман»  ЖК бизнес-жобалары бо­йынша конкурстық комиссияның шешімдері қарсы болғанымен, соңында оң бағаланып кеткен. Одан басқа,  комиссия мүшелерінің басым бөлігі оң дауыс бергенімен, грант беруден бас тартудың бірнеше фактілері анықталған. Мысалы, «Жансәуле Мың­тай» ЖК және Agrojem ЖК бизнес-жобалары  комиссия мүшелерінің  ба­сым дауы­сын жинағанымен, оларға  грант берілмеген. «Қанатбаев А.Б.» ЖК мен  «Наушарбан» ЖК-да дәл осындай жағдайды бастан кешкен. Бұл аз десеңіз, мұнда да комиссия мү­шелері бола тұрып, өзінің баласына немесе туысына грант жеңіп беру фактісі тіркелген.

Жастардың өзі не дейді?

Міне, осындай жайтқа шағым­данған бұқара комиссия мүшелеріне шүйліккен болатын. Ал олар «грант берсек, жобаларын жүзеге асыра ал­май жатыр» деген дүниені алға тартып, жоғарыда айтқанымыздай бірқатар жастардың құжаттарын сотқа беруге әзірлеп қойған. Алайда болған жайтқа қатысты жастардың айтар өз уәжі бар.
– Қаражат қолыма кеш тиді. Сон­дықтан жобама кірісуде әжептәуір уақыт өткізіп алдым. Нәтижесінде, көкөніс егуді тамыз айында бастадым.  Енді өнімді тек  қараша айында аламын. Менің жобамды жүзеге асыру үшін 2 миллион 500 мың теңге ма­құлданды. Бұл қаржы жылыжай шаруашылығын жүргізуге жетпейді. Сондықтан қажетті материалдарды базардан алуға тура келді. Енді кей­бірін арнайы тапсырыспен қарапайым дәнекерлеушілерге жасаттым. Олар­дың ешқайсысы маған тауар мен қыз­мет құны көрсетілетін түбіртек бер­мейді. Осыдан барып есеп беруде қиын­дық туындады. Ал оған тексеріс тобы қарамай, мені жобасын жүзеге асыра алмай жатқандардың қатарына енгізіп қойыпты. «Қаржы бердік, енді құжат өткіз» деп жанды ала бе­ретін болса, біз бизнесімізді қалай жүр­гіземіз?, – дейді Мойынқұм ау­данын­дағы жас кәсіпкер  Гүлжан Жаманқұлова. 
Жастың базынасын орынсыз дей алмайсың. Себебі ауылдық жерде жылы­жайға қажетті материалды түбір­тегімен сатады дегенге кім сенеді? Сырттан тасу үшін ол қондырғы екі есе қымбат түсе­тіні тағы белгілі. Үнемдеймін деп жү­ріп есеп беруге үлгер­мей жатқан жастардың жағ­дайына басқармадағылар мен басқа арнадағылар түсінік танытуы керек сияқты. [caption id="attachment_81038" align="alignnone" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Тараздық Диас Әзімбеков те облыс­қа тың кәсіп түрін әкелуге тырысыпты. Алайда тұтынушылардың болмауынан бүгінде оның бизнесі тұралап қалған.
– Жобама қажетті франшизаны Ресейден сатып алып келдім. Қа­зақ­стан нарығына кейіннен кел­ген франшиза ұғымы танымал бр­енд­тегі тауарларды, қызметтерді ком­мерциялық мақсатта таратуға рұқ­сат беруді білдіреді. Осындай әдіс­пен Ресейден кофе ыдысын жасаудың әдіс-тәсілін сатып алып келіп, бизнес бастадым. Алайда 1 дананың құны 500 теңге тұратын бұл ыдысты сатып алу Та­раз қаласының тұр­ғындарының қал­тасына әжептәуір салмақ салатын болып шықты. Кәсіптің бұл түрі Ал­маты, Шымкент сынды мега­по­листерде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Ал бізде қызығушылық төмен. Өнімімді өткізу мақсатымен қа­ладағы бірқатар кофеханаларға ұсы­ныс жасап көргенмін. Алайда ешқандай нәтиже бол­мады. Олардың дені мен секілді фран­шизамен жұмыс істейтіндіктен ас мә­зіріне ешқандай өзгеріс енгізе ал­майды екен. Амалым таусылып, енді кәсібімді дайын бизнес ретінде сатқалы отыр­мын. Соның ақшасымен грант ар­қылы ие­ленген 2 миллион 500 мың тең­гемді кері қайтаруым керек, – дейді Диас Қанатұлы.
Кофе ыдысы өндірісін былай қой­­ғанда, кәдімгі  құрылыс шегесін шығару жобасымен грант жеңіп алған Махмудали Мантенов шикізат алуға қаржы таппай шырылдап жүр.
– Құрылыс шегесіне біздің өңір­де сұраныс көп. Оны құрылыс базарындағы сатушылар Шымкенттен әкеліп саудалап жүр. Бұл жобаны жасап шығу үшін нарықты бірер апта зерттеп көргендіктен, оның тиім­ділігіне әбден көз жеткіздім. Алайда конкурстан кейін менің жобама қажетті  3 миллион теңгенің орнына 1 мил­лион 500 мың теңге ғана мақұл­данды. Бұл қаржы шеге шығаратын ап­паратқа жетпейтін болғандықтан, 800 мың теңге несие алуға мәжбүр болдым. Жоспар бойынша мен жұмысты наурыз айында бастауым керек болған. Дегенмен республика аумағына тө­тенше жағдай режимі енгізілген соң аппаратты іске қосатын маман келе алмай қалды, – дейді жас кәсіпкер.
Оның сөзіне қарағанда, шеге шы­ғару үшін шикізат ретінде сым темір алу қажет. Оны Таразға Шымкент қаласынан тасымалдау керек. Ондағы сым темірдің 1 тоннасы 250-300 мың теңгеге бағаланады.
– Маған 1 ай қалыпты жұмыс істеу үшін 10 тонна шикізат қажет. Шикізатқа қажетті қаржы көздерін сұрап, облыстық кәсіпкерлік па­латасына да,  «Даму» кә­сіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалы­на да бардым. Олар көмек көрсете алмады. Бізге жоба басталар тұста өндірістік мақсатта алынған құрал-жабдықты кепілдікке қойып несие алу­ға болады деген. Дегенмен бұл несие шикі­зат сатып алуға берілмейтін болып шықты. 6 пайыздық мөл­шерлемемен берілетін несиеден де қайыр болмай тұр. Айналып келгенде бірнеше айдан бері шеге шығаратын аппаратты сатып алуға алған несиемді төлеудің өзі қиынға соғып жатыр, – дейді Махмудали Көпжасарұлы.
  Түйін

Жалпы, бұл – жобасын жүзеге асыра алмай, енді мәселесі майшаммен қаралып жатқан кәсіпкерлердің бірқатары. Жобалары дұрыс бол­ғанымен, оған қажетті шикізат пен құ­рылғының бағасы қымбат болуына байланысты жастар қарызға белшесінен батып жатыр. Ал шығынның орнын толықтай толтыратын сомаға жастар өтінім бергенімен, комиссия мүшелері оның  тек бір бөлігін мақұлдаған.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және ин­дустриалды-инновациялық дамыту басқармасы  қазір 16 жастың жобасын сотқа жолдағандарын айтады. Алайда сот процесі қанша уақытты алатыны белгісіз.

Басқарма мен жастар осылайша соттасып жатқанда биылғы жылдың гранттарын үйлестіру жұмыстары да басталып кетті. Алайда биыл жас, әлде өзге тұлғалар деп бөлмей, қаржы барлық жобаларға теңдей қаралуда. Бірақ мұнда да комиссия мүшелері мен гранттарды үйлестіруге қатысты айтылып жатқан сын да, тағылып жатқан мін де көп. Ал бұлардың ара­сынан қаншасы «қара тізімге» ілі­ніп, жобасы жүзеге аспағандардың қатарына ілінетіні бір Аллаға аян.

 

Cаятхан САТЫЛҒАН,  Жамбыл облысы