Дәрігер тапшы. Елге кім сақшы?
Дәрігер тапшы. Елге кім сақшы?
273
оқылды

Пандемия елдегі ақсап тұрған са­лалардың кемшілігін ашып көрсетті. Соның бірі – медицина. Ауруханадағы орын мен құрал-жабдық жетіс­пегенімен қоймай, дәрігер таппай тағы сергелдең көрдік. Яғни, Қазақ­станның медицина саласына ма­ман­дар жетіс­пейді. Ал жыл сайын маман атанып жатқан жас дәрігерлер тапшы­лықтың орнын неге толтыра алмай отыр?

Сын көтермейтін медицинаның міні көп

Қазіргі кезде Қазақстанда 250 мыңнан астам дәрігер бар. Жуырда Денсаулық сақ­тауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев дәрігерлер жетіспеуіне байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөзіне сенсек, еліміздің медицина са­ла­сына әлі де 12,7 мың қызметкер (4 222 дәрігер мен 8 583 орташа дәрежедегі ма­ман) қажет. Ол мамандардың 58 пайызы қалаларға, 42 пайызы ауылдарға сұранып тұр. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, лаборант, акушер-гинеколог, инфекционист тапшы. Бір қызығы, елден кетіп жатқан маман­дар аз емес. Соңғы 3 жылда 3,5 мың меди­цина қызметкері шетелге көшкен. Демек, бұл үрдіске айналған болса, жыл сайын мың­даған дәрігерден қол үземіз. Көші-қон мә­селесінің зардабы – осы. Мамандар эми­грациясы бойынша тағы сол Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары алда тұр. Енді дәрігер тапшы өңірлердің жайын айта кетсек. Мұндай аймақтар қатарына Қостанай, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстары енген. Мәселен, маусым-шілде айларында елде күн сайын 1,5-1,6 мың адам індет жұқтырғанын білеміз. Сол кезде дәрігерлері жеткілікті Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларынан өзге облыстарға көмек ретінде мамандар жіберілді. Ол бір төбе, көрші Ресей мен Қытайдан тәжірибелі дәрігерлерді шақырып, көмек алғанымыз да жасырын емес. Ақырында медицина саласы сынның астында қалған болатын.

 Түлектер қайда кетіп жатыр?

Дәрігер тапшылығы мәселесінде Қостанай облысы көш басында тұр – 624 маманға зәру. Сол секілді Батыс Қазақстан облысына – 389, Атырау облысына 185 кадр жетіспейді. Бұл тек дәрігерлерге байланысты қажеттілік, ал орташа дәре­жедегі мамандарды қосар болсаңыз, бұл сан бірнеше есе көбейеді. Қызметкерлер жеткілікті деп отырған Алматы қаласының өзінде дәрігерлердің 11 пайызы зейнет жасына жақындап қалған. Ал өңірлерге мамандарды қалай тартып жатырмыз? Сауалымызға орай Атырау облысының әкімдігі жас мамандарды тартудың жолын «әкімнің гранты» арқылы іске асырмақ ниетте екен.
– Өңір халқына медициналық көмекті 7 995 медицина қызметкері көрсетеді, оның ішінде 7 091 медицина қызметкері мемлекеттік ұйымдардың мамандары. Соңғы 3 жылда облысқа 406 дәрігер ма­ман келді. Қазір 278 кадр жетіспейді. Биыл облысқа 93 жас маман келіп, соның ар­қасында жетіспеушілік 185 маманға азай­ды. Тапшылықты азайту үшін жыл сайын еліміздің медициналық жоғары оқу орындарына облыс әкімінің гранты бөлінеді. Соңғы 4 жылда 171 мектеп түлегіне және 98 резидентураға облыс әкімінің гранты бөлінді, – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Қалымбайұлы.
Қош, енді мынаны қараңыз – біз жо­ғарыда 4 222 дәрігердің жетіспейтінін айттық, осыдан 5 жыл бұрын, 2015 жылы елімізде 4 мыңға жуық дәрігер тапшы болған. 2018 жылы 3 116 маманға қажеттілік туған. Биылғы меже белгілі, өзгеріс жоқ, «баяғы жартас сол жартас». Ал медицина саласы бойынша білім беретін оқу орындарының түлектері қайда кетіп жатыр?  Мәселен, Астана медициналық университетінің баспасөз қызметі  оқу орны жыл сайын 1 000 маманды даярлап, еңбек нарығына қосатынын айтады. Сөздеріне сенсек, түлектердің 97 пайызы жұмысқа тұрған. Ал С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медициналық университетін 2020 жылы 1 271 адам тәмамдаған. 815-і (64,1 пайызы) университет нұсқауымен жұмысқа орналасса, 452-сі өз бетінше қызмет тауып­ты.
– Түлектердің қайда барып жұмыс іс­тейтінін шешетін арнайы комиссия бар. Медициналық ұйымдар жас маманмен еңбек келісімшартын жасайды. 2019 жылдан бастап «Білім беру туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған азаматтар оқуын бітірген соң 3 жыл бойы мемлекеттік емханаларда жұмыс іс­теуі тиіс. Сол бойынша түлектер жұмысқа барып жатыр, кейбірі резидентурада білім­ін жалғастырғанды құп көреді, – дейді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің баспасөз хатшысы Марина Александрова.
Одан бөлек, республикадағы 26 мем­ле­кет­тік, 37 жеке колледжді қоса ке­тіңіз. Орта есеппен жылына 12 мың меди­цина қызметкерін түлетеді. Ендігі еңбек нарығында дәрігер жетіспеушілігі бол­ма­са керек-ті. Әлде, жас мамандарды ынта­лан­дыра алмай отырмыз ба?

 Жастарды ұстап тұра алмаймыз

Ынталандыру демекші, мемлекет тара­пынан ауылдық жерлерге барып жұмыс іс­тегені үшін 1 млн теңге сыйақы беріліп, уа­қытша баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірақ медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев болса, ынталандыру шарасы мәселені мүлде шешпейтінін алға тартады.
– Медицина мамандарының жетіспеуі Қазақстанға емес, әлемге тән үрдіс. Бүкіл Еуропа елдері мен көрші Ресейде, АҚШ-та осы жағдай. Індет өршіп тұрғанда АҚШ үкіметі дәрігерлер жетіспеуі себебінен еріктілерді жалдады. Осы мақсатта мол қаржы жұмсады. Енді елдегі жайды айтайық. Біз жастарды ұстап тұра алмаймыз. Өзім дәрігер болған соң білемін, менімен қатар адамдар, жас мамандар басқа салаға ауысады немесе шетелге кетеді. Жастар тіл меңгерген, жол ашық. Тіл білмесеңіз, жай ғана орыс тілін білсеңіз болды, Польша мен Германия, Латвияда айына 1 500-2 000 еуро төлейтін дәрігерлік қызмет орындары толып тұр. Ал бізде жаңа бастаған маманды ауылдық жерге жібереміз. Бар болғаны бастапқыда айлығы 73 мың теңге болады. Содан кейін кадр жетіспейді деп неге айтамыз? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының былығы әшкере болды. Мен сенімді түрде айта аламын, осы салаға қатысты басшылықта отырған азаматтардың біразы нағыз «май­данда» жүрген дәрігерлерге жетпейді, бі­лімі аз. Сөйте тұра жоғары жалақы алады. Оның үстіне, қоғамның дәрігерлерге деген сыйластығы жоғалған. Бұл да саладан мамандардың кетуіне әсер етті, – дейді ол.
Жалақы жағына көшсек, 2017 жылы дәрігерлердің орташа айлығы 98 мың теңге болса, қазіргі таңда 253 мыңға жет­кен. Жақында 2025 жылы медицина қызметкерлерінің орташа айлығы 550 мыңға жететіні жайлы айтылды. Бірақ жоғарыдағы басшының айлығы өсе ме, әлде дерттің ортасында жүрген нағыз маманның айлығы өсе ме, күмәнді дүние. Әйтеуір, өсті деген аты бар. Қорыта айтсақ, дәрігерлердің жетіспеу­шілігі бұл салада біз білмейтін біраз былық­тың барын аңғартқандай. Аз жалақы мен қоғамның сый-құрметінен ада салаға айнал­ған жерге жас маманның үйір бола қоймасы анық.  

Мадияр ТӨЛЕУ