Компания қаржысын қайда жұмсайды?
Компания қаржысын қайда жұмсайды?
5,126
оқылды

Еліміздегі жер қойнауын пай­даланушы компаниялар әлеу­меттік саланы дамытуға қомақты қар­жы бөледі. Оны әлеуметтік ин­вес­тиция деп атайды. Жер қой­на­уын пайдаланушылар құйған әлеу­меттік инвестицияның көлемі мен қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Себебі Қазақстан 2000 жылдардың ортасында Өндіруші саланың ашықтығы бастамасының (ӨСАБ) мүшесі болды. ӨСАБ – өнеркәсіп секторындағы кірістердің ашық­тығын іске асыруға бағытталған стандарт. Дүниежүзі бойынша өн­діруші компаниялар жыл сайын осы стандартқа сәйкес табысы мен шығындары туралы ашық есебін жариялайды. Біздің елдегі жер қойнауын пайдаланушылар бұл есепті жариялауға келгенде шабандау болып тұр.

«Эхо» үкіметтік емес ұйымының бағ­дарлама директоры, ӨСАБ бойын­ша жетекші маман Мария Лобачева жер қойнауын пайдаланушы компания­лардың ашықтық деңгейіне үлкен зерт­теу жүргізген. Оның айтуынша, бер­тінге дейін еліміздегі жер қойнауын пай­да­ланушы компаниялар өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен инфра­құрылымын дамытуға бөлінетін қар­жыны әкімдіктермен жасалған ме­морандумдар шеңберінде бөлетін және ол қаржы бюджетке емес, бір­ден нысан құрылысын жүргізетін мер­ді­гердің шотына аударылатын. Мер­дігер әлеуметтік нысан құрылысын бітір­ген соң, әкімдік балансына тап­сы­ратын. Кейін азаматтық қоғам өкіл­дері мұндай механизмнің айқын емес­тігін мәселе етіп көтерген соң, бюджет кодексіне «Жер қойнауын пайда­лану­шы­лардың аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық дамуы және оның инфра­құ­рылымдарының дамуына аудары­мы» деп аталатын арнайы бюджет­тік клас­­си­фикация коды – КБК 206114 енгізілді. Сөйтіп, компаниялар әлеу­мет­­тік инвестицияны мемлекеттік бюд­жетке бере бастады.

Бірақ одан жер қойнауын пайда­лану­шылар ашықтыққа тұтас бет бұра қойған жоқ. Олар да, әкімдік те әлеуметтік жо­баларға жұмсаған қаржы туралы ақ­паратты ашық жариялай қоймайды. Жариялаған күннің өзінде цифрлар сәйкессіздігі анықталып қалады. Бұл ашықтықтың жоқтығынан.

– Мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік саланы дамытуға бөлген қаржысы 1 млрд тең­ге­ден асатын 6 облысты зерттеп көрдім, оның үшеуі – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай-газ кен орындарын игеруші ком­паниялар. Қалған үшеуі – Шығыс Қа­зақстан, Павлодар, Қостанай об­лыс­тарындағы жер қойнауын пай­да­ланушылар – тау-кен өндірісімен ай­налысушылар. Осы өңірлердің ішінде әлеуметтік саланы қолдауға қомақты қаржыны Атырау облысындағы компаниялар құяды екен. Мысалы, 2016 жылы әлеуметтік-инфрақұрылым жобаларына (ӘИЖ) жұмсалған жалпы шығын 20 730 млн теңгені құраған. Осылайша Атыраудың әлеуметтік дамуына бөлінген 20 млрд теңгеден астам қаржыны «Теңізшевройл» (14 198 млн тг), NorthCaspianOperatingCompany (4 706 млн тг), КТК (1 826 млн тг) ау­дарған. Бұл қаржы Атырау облысының ауылдары мен қалаларында жалпы саны 3 290 орынды құрайтын 15 балабақша, Атыраудағы дарынды балаларға арнал­ған гимназия, техникалық гимназия құрылысына, ауылдар мен қалалардағы жалпы саны 1 414 орынды 7 мектеп, жалпы алғанда 2 100 орынды 6 ауыл клубы мен 2 мәдениет үйі, ауылдардағы 4 үй (60 пәтер), 3 денешынықтыру-сауық­тыру кешені, Атырау перинаталды орта­лығындағы перзентхананы қалпына келтіру және ауылдық-дәрігерлік ам­бу­латория құрылысына жұмсалған, – дейді М.Лобачева.

Ал келесі мұнайлы өңірдің бірі – Маңғыстау облысында ӘИЖ-ге 2016 жылы 6 332 млн теңге жұмсалған. Бұл шығыстардың барлығын жал­ғыз Норт Каспиан Оперейтинг Ком­па­ни көтерген. Соның есебінен Ақ­тау қаласында көпфункциялы спорт кешені, жалпы ұзындығы 4,9 шақы­рым­ды құрайтын жолдың екі бөлігі, Форт-Шевченко қаласындағы 550 орын­ды мектепті 120 орынды ин­тер­натымен бірге салып берген. Осы тұста салыстыру үшін айтсақ, Ақтау қала­сындағы спорт нысандарын да­мы­туға жергілікті бюджеттен 88 млн теңге бөлінген, бұл жер қойнауын пайда­ланушылар бөлген қаржыдан 37 есе аз екен. Мектеп-интернат салынған Форт-Шевченко қаласы Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы са­на­лады. Аудандық бюджеттен 2016 жылы орта білім беру нысандарының құ­ры­лысы мен қалпына келтіру жұмыс­та­рына қаржы бөлінбеген.

Батыс Қазақстан облысын­дағы компаниялар 2 373 млн теңге бөліп, жастар сарайы, кітапхана, 2 балабақша мен мектеп салған. 1 мектептің жөндеуіне, футбол манежі мен денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына, «Сарыарқа» спорт клубының ғимараты мен аурухана жөн­деуге, аудандық ішкі істер бө­лі­мі­­нің жедел басқару орталы­ғы ғи­маратын салуға, су желісі құ­быры мен канализация кол­лек­торын қалпына келтіруге, квар­талдар ішіндегі кіреберістер салуға, жол жөндеу, саябақты абаттандыру сияқты жұмыстарға жұмсалған. Бір айта кетерлігі, аталған нысандардың барлығы БҚО-ның Бөрлі ауданында ор­наласқан.

Облыс бюджетінен 2016 жылы денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына 1 015 млн тг, мектепке дейінгі бі­лім беру саласына 332 млн тг бөлінген. Сонымен бірге жолдар мен елді мекендердің көшелерін күрделі және орта жөндеуден өт­кізуге 5 706 млн теңге бөлін­ген. БҚО-ны дамыту үшін бюд­жеттен тыс шығындарды ау­дар­ған жал­ғыз компания – Қара­шы­ғанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.

Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы жер қойнауын пай­даланушылар 2016 жылы ӘИЖ-ге 5 965 млн тг жұмсапты. Ол қар­­жыға медициналық жабдық­тар сатып алынған. Мамандан­ды­рылған екі интернат пен сая­бақ салынған, қазандық жөн­деліп, балалар үйі, қарттар үйі, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларды қаржылай қолдауға бөлінген, спорт нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру, хоккей клубының жұмысын, Теннис орталығының қызметін қаржыландыруға, мерекелер өт­кізуге, діни мекемелерді қол­дауға, мәдениет үйінің жұмы­сын қолдау, ардагерлерді газет­ке жаздыруға, кітап өнім­дерін шығару, демалыс үй­лері мен жаз­ғы лагерьлер жұмы­сын қол­дау, мемлекеттік күзет ар­да­гер­лері кеңесін қаржыландыру, бас­қа да ұсақ-түйек шығындарға жұм­салған.

– Байқағаныңыздай, ШҚО-ның компаниялары қаржысын пайдалану құрылымы мұнайлы өңірлерден көп ерекшеленеді. Қаржының жартысына жуығы спортқа жұмсалады: 809 млн теңге хоккей клубына және 215 млн теңге хоккей модульдері құры­лысы мен қалпына келті­руге және олардың жабдық­та­рына, 158 млн теңге теннис орта­лы­ғының жұмысына жұмсалған. Сонымен бірге ӘИЖ шығыстары есебінен мерекелер өткізуге – 203 млн теңге, діни ғимараттарды қаржылай қолдауға – 48 млн теңге, балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың шығындарын қаржыландыруға 113 миллион теңге жұмсалған. Біздің зерттеу барысында әкімдіктің ӘИЖ-на жұмсаған шығындарына жер қойнауын пайдаланушы компанияға (Казцинк) қарасты «Синегорье» және «Айна» де­малыс базаларының жұмысын қолдау шығындарын да қосып қойғаны белгілі болды, – дейді Мария Лобачева.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, 2 799 млнтеңге немесе ӘИЖ шығын­дардың 47 пайызы тапсырыс орындаушыларға «Парыз» қайырымдылық қоры арқылы бөлінген. Ал компаниялардың дерегі бойынша, олар «Парыз» қорына 3 554 млн теңге аударған, бұл ӘИЖ шығындарының 62 пайызын құрайды делінген.

Павлодар облысы да тау-кен өндірісіне тән өңір, жер қойнауын пайдаланушылардың ӘИЖ-ға аударғаны – 1 754 млн теңге. Ол қаржы 3 колледждің материалдық-техникалық ба­засын бекітуге, балабақша ғи­маратын қалпына келтіруге, балалар ойын алаңына құрыл­ғы­лар алуға, скверді күрделі жөн­деуге, жылу магистралін жөндеуге, медициналық орта­лық жобасына, «Волейбол клубы» мекемесінің жарғылық қызметіне, «Спорт клубы» ком­муналдық мемлекеттік кәсіп­ор­ны­ның жарғылық қызметіне, сонымен бірге «Екібастұз» футбол клубына демеушілікке, «Екібастұз болашағы үшін» қоғамдық бірлестігін қолдауға, туристік құралдар сатып алуға, басқа да шығындарға жұмсалған.

Бұл облыста да жер қойнауын пайдаланушылар бөлген қаржы­ның жартысынан астамы спорт­ты қолдауға жұмсалған. Атал­ған облыстағы негізгі жер қой­науын пайдаланушы компа­ниялар – «Еуразия энергетика компаниясы КҚ» АҚ ӘИЖ-ге қаржыны «ERG Көмек» корпоративті қоры арқылы бө­­леді. Бұл қор компанияға кі­ре­­тін компаниялардың әлеу­меттік және қайырымдылық жоба­­ларын жүзеге асыру үшін құрыл­ған.

Қостанай облысындағы жер қойнауын пайдаланушылар ӘИЖ-ға 1 251 млн теңге бөле­ді. Бұл қаржы магистральді су құбырын жөндеу, үйлерді абат­тандыру, тротуар мен жолау­шы­лар жолдарын жөндеу, 3 аял­да­маның құрылғысы, 6 ойын алаңы мен 1 спорт алаңын құру, колледждің оқу-материалдық базасын жаңарту, интернаттың сынып бөлмелерін жабдықтау, медициналық жабдықтар алу, ауыл мектебінің оқушылары үшін тамақтану, мешіттерді жөндеу және салу, мерекелік шаралар, жер қойнауын пайдаланушылар үшін рекреациялық іс-шаралар өткізу, «Ұрпақ» қорының пай­далану шығындары, діни бір­лес­тіктердің коммуналдық қыз­меттеріне ақы төлеу сияқты мақ­саттарға жұмсалыпты.

Біз жер қойнауын пайда­ла­ну­шы компаниялардың әлеуметтік-экономикалық да­му үшін бөлген қаржының қан­дай салаға бағытталатынын әдейі таратып жаздық. Көріп отыр­ғанымыздай, Қостанай өңі­ріндегі ӘИЖ-ға бөлінген шығын­дардың тең жартысы дінді қол­дауға жұмсалған. Облыс әкі­мінің есебіне сәйкес, әкімдіктің еншілес кәсіпорыны – «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­по­рациясына ӘИЖ үшін 550 млн теңге бөлінген, бұл қаржыға Қостанай қаласында мешіт салу, Қостанай қаласының Аэропорт шағынауданын автономды жы­лу­мен қамту көзделген. Алайда есепте мешіттің баланстағы құны 550 млн теңге деп көрсетілген. Демек, қаржы мешітке ғана жұмсалған болып шығады. Сон­да бұл облыста мешіт ашудан маңызды әлеуметтік мәселе болмағаны ма?

Жалпы, мұнайлы өңірлердегі компаниялар бөлген қаржы инфрақұрылым жобаларының құрылысына жұмсалса, тау-кен өндірісі басымдыққа ие өңірлердегі әлеуметтік демеу қаржының 42 пайызы түрлі іс-шараларға беріледі. Ал ондай іс-шаралардың ұзақмерзімді пайдасы жоқ деуге болады.

– Сондықтан жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік және инвестициялық жобаларға қаржы бөлу, жұмсау және есеп беру процесінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін міндетті жарияланымдар тізімін жасау қажет. Меморандумдар мәтіні, тұрғындар қажеттілігін бағалау нәтижесі, жер қойнауын пай­даланушы компаниялардың әр­қайсысы әлеуметтік инвестиция бойынша есебін жариялағаны жөн. Ол есепте жоба атауы, жүзеге асырған өңір, жобаны орындаған мердігер мен жұм­сал­ған қаржы көлемі жария көрсетілуі тиіс, – дейді «Эхо» ҮЕҰ-ның бағдарлама директоры.

Оның айтуынша, әкім­дік­тер азаматтық қоғам өкілде­рі­мен және жер қойнауын пай­да­лану­шылармен қоғамдық қатысу механизмін енгізіп ӘИЖ қаржысы нағыз қажет деген жо­ба­ларға бағытталуын қам­та­масыз етуі керек. Ең бас­ты­сы, Үкімет пен Парламент нор­ма­тивтік-құқықтық актілерге әлеу­меттік инфрақұрылым жоба­ла­рының тізімін нақтылап көр­сетуі тиіс. Әйтпесе, әлеу­меттік салаға бөлінген қаржы 2016 жылдағыдай басқа бағытқа бөлініп кетуі мүмкін.

– Шығыс Қазақстан облы­сындағы ірі компаниялар әкім­дікпен жасалған меморандумға сәйкес, ӘИЖ-на бағытталған қар­жыны «Парыз» қоғамдық қо­рына аударады. Ал қордағы қар­жыны жұмсау туралы ше­шімді қордың қамқоршылар кеңесі қабылдайды. «Парыз» қоры 2010 жылы су тасқыны мен өрт салдарымен күресу үшін құрылған. 2011 жылдан қор ШҚО әкімдігі мен өңір кәсіпорындары, соның ішін­де жер қойнауын пай­да­ланушы­лармен жасал­ған ын­тымақтастық меморан­думы шеңберінде іс-ша­­раларды жүзеге асырумен ай­­налыса бас­­тады. Содан бері қор­дағы қаржыны пайдалану мақ­саты бірнеше рет өзгерген. Ақпа­рат құралдарындағы жария­ла­нымдар мен ИПДО есе­­біне сүйен­сек, ол қаржы меди­цина­­лық қондырғылар сатып алу­ға, мектептерді заманауи сынып­тармен жарақтандыруға, спорт ны­сандарын салуға жұмсалған, – дейді М.Лобачева. Осы тұс­та айта кетейік, 2016 жылы Қаз­цинк­тің бір өзі «Парыз» қорына 2 666 млн теңге аударған екен. Алайда осы қордың есебін еш жерден кездестіру мүмкін болмады. Бұл біздің елдің өндіруші салалардың ашықтығы бастамасына әлі толық дайын еместігін көрсетсе керек.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ