Әл-Фараби мұрасын жаңа қырынан танытқан жыл

Әл-Фараби мұрасын жаңа қырынан танытқан жыл

Халықаралық Түркі академиясы еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы мен ЮНЕСКО жөніндегі Иран ұлттық ко­миссиясының қолдауымен ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына арналған «Жібек жолындағы өркениеттер үндес­тігі» атты халықаралық форум ұйым­дастырды.

Жиынға дүниежүзінің 30-ға жуық мемлекетінен танымал ғалымдар қатысты. Сонымен қатар форум жұмысына әлемнің алты тіліне ілеспе аударма жасалып, әлеуметтік желілер арқылы тікелей көрсетілді. Онлайн режимде өткен форумға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Иран Ислам Республикасының ғылым, зерттеулер және технология министрі Мансур Голами, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ИСЕСКО Бас хатшысы Салим Әл-Малик, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы ғылым-технология жөніндегі тұрақты комитеттің (COMSTECH) директоры Мұхаммед Икбал Чаудари, IRSICA Бас хатшысы Халит Ерен, Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, сонымен қатар іргелі халықаралық ұйымдардың жетекшілері, Ұлттық комиссиялардың басшылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ректорлар, Ғылым академияларының жетекшілері, дипломаттар, белгілі фарабитанушы ғалым­дар қатысты.
Алқалы жиынды кіріспе сөзбен аш­қан Қырымбек Көшербаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын айтып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Халықаралық ұйым басшылары мен шетелдік көрнекті ғалымдарға қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, әл-Фарабидың өркениет тарихындағы орнын атап өтті. «Қорыта айтқанда, мерейтойлық жыл Қазақстан және дүниежүзінде адамзаттың дамуы үшін әл-Фараби мұрасының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Осы жылы ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаудағы қол жеткізілген жетістіктер міндетті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық» ‒ деді, Қырымбек Елеуұлы. Пленарлық отырысты Халықаралық Түркі академиясының пре­зиденті Дархан Қыдырәлі жүргізді. Осы­дан кейін халықаралық форум арнайы тақырып­тар бойынша секцияларға бөлініп жалғасын тапты.
 

Жадыра АҚҚАЙЫР