Мектептегі дәретхана мәселесіне ұсақ-түйек деп қарауға болмайды – Аймағамбетов
Мектептегі дәретхана мәселесіне ұсақ-түйек деп қарауға болмайды – Аймағамбетов

Сондықтан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі дәретхана мәселесіне бей-жай қарауға болмайтынын айтты. Бұл туралы "Қазақпарат" жазды.

«Бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізілді. Бізге қатысты «бұл министрлік деңгейінде қарайтын мәселе емес» деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ балалардың қауіпсіздігі, денсаулығына байланысты мәселе болғаннан кейін бұған ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Өте маңызды мәселе. Тараз қаласында орын алған оқиға әлі де естеріңізде шығар. Сондықтан бізге бұл мәселені шешу үшін 10 ай бұрын Мемлекет басшысы тапсырма берді. Осы кезге дейін 2 456 мектепте жылы дәретханалар салынып, пайдалануға берілді. Қалғаны – 245. Оның 195-і қазір салынып жатыр. Қалған 50-і де салынады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр жылы дәретханалардың тұрақты жұмыс істеуін қадағалауды да тапсырды.

«Дәретхананы салғанымен оны жауып қойып, даладағы дәретханаға барып жүретіндей жағдайға жол бермеуіміз керек. Ондай жайттар да кездеседі. Оны алдыңғы жылы көрдік. Сондықтан үлкен жұмыс жүргізілді деуге болады. Дегенмен, өңірлер бойынша жылдың соңына дейін жүргізілетін жұмыс көрсетілді. Білім басқармаларының басшылары осыны басты бақылауға алуы керек. Желтоқсанда бұл мәселені қайта қараймыз», – деді министр.