ШҚО полициясы жоғалып кеткен 9 жасар баланы тапты
ШҚО полициясы жоғалып кеткен 9 жасар баланы тапты
Фото: ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі
9 жасар бала Айбар Егізбаевты іздеу сәтті аяқталды. Семей қаласы ІІБ Әуезов полиция бөлімінің қызметкерлері бүгін таңертең Бобровка ауылының көшелерінің бірінде баланы тапты, деп хабарлайды kazlenta.kz. Қазір тәртіп сақшылары баланың осы уақытқа дейін қайда болғанын анықтап жатыр. Полиция қызметкерлері баланы ыстық шаймен жылытып, ата-анасына тапсырды. Баланы медициналық қызметкерлер тексеріп, оның өміріне еш қауіп жоқ екенін айтқан. Іздестіру жұмыстарына 1 200 - ден астам адам - құтқарушылар, еріктілер мен құқық қорғау қызметкерлері, сондай-ақ 50-ге жуық техника жұмылдырылды. Іздестіру шаралары ШҚО полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында болды. Жұмылдырылған күштер мен құралдардың іс-әрекетін үйлестіру үшін ШҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Жанболат Қалетаев бастаған жедел штаб құрылды.     Іздестіру жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды. Екі күн бойы Семей қаласы маңындағы Бобровка ауылында саяжай алқабы мен маңайларына тексеру жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті 2-сынып оқушысын іздестіруде белсенді көмек көрсеткені үшін барлық азаматтарға алғыс білдіреді. Еріктілердің көп болуының арқасында іздеу периметрі айтарлықтай кеңейген. Бұл бүлдіршіннің орналасқан жерін тез арада анықтауға мүмкіндік берді.