Той қонақтары жазалануы мүмкін
Той қонақтары жазалануы мүмкін
192
оқылды
Елімізде мониторинг топтары қызметін күшейтіп, рейд санын күрт көбейтті. Нәтижесінде, барлық өңірде жасырын той-томалақ өткізгендер әшкереленуде. Мысалы, ақтөбелік полицейлер карантин талаптарын бұза отырып, той ұйым­дастырған көптеген мейрамхананы анықтады. Учаскелік полиция инспекторларына Ақтө­бенің Заречный-2 ауданында орналасқан мейрамханада той қызып жатқаны туралы ақпарат түседі. Тексеруге аттанған тәртіп сақ­шылары 60 адамға арналған үйлену тойының үстінен түсті. Бастапқыда мейрамхана күзетшісі инспекторларды кіргізбей қойыпты. Сондықтан олар оның қолын артына қайырып, кісендеп алып кетті: сауатсыз «секьюритиге» «Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне бағынбау» бабы бойынша іс қозғалып, айыппұл салынды. Ал мейрамхана иесі Әкімшілік кодекстің атақты 425-бабына сәйкес айыппұлмен жазаланды. Бұдан бөлек, Ақтөбедегі рейд барысында сол аудандағы тағы бір мейрамханада 60 адамға арналған той тоқтатылды. Сөйтіп, шектеу шараларын елемегендердің тойының шырқы бұзылды. Түркістан полицейлері де карантин талап­тарын аяқасты еткен азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Қалада күнделікті рейд жүргізіліп, карантинге «түкіргендерге» қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынып жатыр.
«Алайда жергілікті тұрғындар арасында шектеу шараларына қарамастан отбасылық іс-шаралар ұйымдастырып, той өткізу саны азаяр емес. Мысалы, «Шымкент-Жетісай» тасжо­лының бойында орналасқан мейрамхана иесі бесік той рәсімін өткізу үстінде ұсталды. Рейдтік іс-шара барысында тағы бір жергілікті тұрғынның дәмхананы жалға алып, «құдалық» өткізіп жатқаны белгілі болды. Мобильді топ Құркелес ауыл­дық округінде жұмыс істеп жатқан той­хананы, екі бірдей тұсау кесу рәсімін әш­керелеп, тосқауыл қойды», – деді жергілікті полиция органы.
Қоғам белсенділері Үкіметке мейрамхана және той иесін ғана жазаламай, барлық той қонақтарын да әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынуда. Сонда үлкен айыппұл арқа­ламау үшін тойқұмар жандардың өзі тойға барудан бас тарта бастамақ.  

Айхан ШӘРІП