Агенттік блогерлерді ақшадан қақты
Агенттік блогерлерді ақшадан қақты
122
оқылды

«СҚ-Фармация» пәтер жалдауға, іссапарларға, бейнероликтер мен блогерлер арқылы пиар жүргізуге, буклеттер шығаруға 239,7 миллион теңгені босқа шашпақ болыпты. Құзырлы органның араласуымен, бірыңғай дистрибьютор амалсыз ол шығынынан бас тартты. Қазіргі кезде кор­рупцияға қарсы орган оның қызметін қадағалауға алыпты.

Осы орайда, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев кеше жемқорлыққа қарсы агенттіктің аппараттық кеңесінде есеп берді. Ком­панияны бақылауға қоғамның 20-дан астам өкілі, соның ішінде Р.Ошақбаев, Ә.Сүлейменов, С.Тауке­ловалар қатысуда. Е.Есқалиевтің айтуынша, сатып алуды жетілдіру үшін оны электронды форматқа толық көшіруге, тендерлік рәсімдерді автоматтандыруға басымдық берілді. Оны өткізу мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін азайту және әлеуетті жеткізушілер ұсынатын тендерлік құжаттама санын 15-тен 2-ге дейін қысқарту жос­парланған. Пандемияның екінші толқынына дайындық ая­сында «СҚ-Фармация» 5,96 миллиард теңгеге 37 дәрі-дәрмек түрін сатып алды. Стационарларға жалпы құны 18,1 миллиард теңге болатын 91 дәрі-дәрмек түрі жет­кізілді. 10 миллион бетперде, оның ішінде 392 миллион теңгеге 500 мың балалар бетпердесі сатып алыныпты. Дәріханалар коммерциялық ұйым ретінде дәрі-дәрмекті өзі сатып алуы тиіс. Соған қарамастан, пан­­демияның бірінші толқынындағы тәжірибені ескере отырып, енді Үкімет қаулысымен «СҚ-Фармация» ЖШС-не дәрі-дәрмекті көтерме сатып алып, әрі қарай бөлшек сауда желісіне сату бойынша өкілеттік беріліпті. Бұл тетік COVID-19 препараттары тапшылығы туын­даған жағдайда іске қосылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұрт­шы­лықпен бірлесіп, «СҚ-Фармация» мен Денсаулық сақтау басқармалары қоймаларындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемінің болуына мониторинг жасауды жалғастырады. Сонымен қоса бағаны негізсіз қымбаттатпауы үшін коммерциялық дәріхана желілері мен медұйымдар жанындағы дәрі­ханаларға да мониторинг жүргізілуде. Биылғы шілде айынан бері елге 10 миллионнан астам медициналық бетперде мен респиратор, 3,6 мил­лион қорғаныш костюмі мен құралдары, 370 мың ПТР-тест, 29 ӨЖЖ аппараты келді. Айта кетейік, бұған дейін антикоррупциялық агенттік «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орта­лығына да талдау жүргізді және оның да шығындарын оңтайландырды. Нәтижесінде, мемлекеттік бюджет жыл сайын 1,3 миллиард теңге үнемдейтін болады.  

Айхан ШӘРІП