«Азаматтық» гранттар: ел ақшасын кімге үлестіруде?
«Азаматтық» гранттар: ел ақшасын кімге үлестіруде?

Үкіметтік емес ұйым­дарға мемлекеттік грант беру са­ласы көп сыналады. Ша­ғым­дарға құлақ түрсек, «гранттар тамыр-та­ныстық­пен тараты­лады» дегенді айтады. Сон­дай-ақ мемлекет жобаны бас­тауға көмекте­седі, әрі қарай жалғастыруға қаржы бер­мейді. Салда­рынан жоба­лар жабылып қалады. Бұдан бөлек, тіпті шағын жоба үшін көп есеп талап етіп, зықысын шығара­тын көрінеді. Әрине, жауапты тұлғалар мұның бәрін жоққа шығарады.

ҮЕҰ-ларды қолдау, сөзсіз,қажет іс. Бұл дамыған елдерде де бар. Дамымаған, артта қалған елдер бұл тетікті қоғамдық ұйым­дарды тізгіндеп ұстау және жазалау құралы ретінде пай­даланады: би­лікке жақпай қалған ұйым қара­жат­тан қағылады, жабылып ты­нады. Кейде қазақстандықтар «қо­ғамдық ұйымдарға бюджеттен ақша беруді тоқтату керек» деп ашу үстінде талап қойып жатады. Бұл, – азаматтық қоғамды дамыту қағидасына жат. Оның үстіне, егер отандық ұйымдарды мем­лекет қаржылай қолдамаса, оны шетел жасайды. Ендеше ҮЕҰ-лар ұлардай шулап, жат елдердің сөзін сөйлеп, сойылын соғып кетпек. Онда ел жат пиғылдардың сынақ алаңына айналады. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (АБҚО) ком­мерциялық емес АҚ-ы – ҮЕҰ-ларға мембюджеттен грант беру­ші жалғыз оператор саналады. 2019 жылы ол 1 миллиард 59,5 миллион теңге бөлді.

Орталық пен сарапшы неге араздасты?

Ақша жүрген жерде дау-жан­жал, өкпе-реніш өріп жүретіні мәлім. Мысалы, 2019 жылғы жел­тоқсанда Павлодардың №2 қыл­мыстық істер жөніндегі қалалық соты белгілі психиатр-дәрігер, Семей  медициналық  университе­тінің ассистенті, ҮЕҰ саласының сарапшысы Сергей Молчановты Қылмыстық кодекстің 130-бабы бойынша соттады (Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылғы 26 маусымдағы жаңа заң арқылы бұл бап жойылғаны бел­гілі). Молчановты Азаматтық бастамаларды қолдау орталы­ғы­ның басқарма төрайымы Бәтима Мукина «жала жапты» деп сотқа бер­ді. Себебі жоғары санатты пси­хиатр әртүрлі инстанцияларға – Үкімет басшысы Асқар Ма­минге, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тө­рағасы Алик Шпекбаевқа, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке шағым жазған. Оның байла­мынша, гранттарды үлестіру үдерісінде «үлкен коррупциялық тәуекелдер бар», ал «квазимем­лекеттік сектордың аталған эле­менті бюджет қаржыларын ұтым­сыз пай­далануда».
«Халыққа жақсы таныс емес үкіметтік емес ұйымдардың ең көп балл жинайтыны мені қайран қалдырады. Кейін олардың ат­қа­рылған жұмыстар туралы есебін қарап отырсаң, бюджет ақшасы­ның заяға кеткенін түсінесің. Көп­­теген талдау есептері мен зерт­­теулер – интернеттің шетел­дік бөлігінен алынған материал­дар болып шығады. Оны тіпті дұрыс талдамаған және қазақ­стан­­дық өмір шындығына бейім­демеген» деп жазады Сергей Молчанов.
Бұл сөздер Б.Мукинаға ұна­мады, сондықтан ол АБҚО қыз­меткерлерінің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау үшін 2019 жылғы 23 қыр­күйекте Молчановтың үстінен павлодарлық сотқа жүгінген. Әрі қарай 5 қарашада Молчановты «жала жабу» бабы бойынша қыл­мыстық жауапқа тарту туралы жеке шағым берілді. Павлодар соты үкімді өткен жы­лы шығармақ болды. Алайда бей­неконференциялық байла­ныс­тың сапасы процесті жарға жығыпты: Нұр-Сұлтаннан қосылған жеке айыптаушы айыпта­лушы адвока­тының сұрақтарын естімеген. Ал Павло­дардағы қатысушылар елорда жақтан не айтылып жатқанын ұға алмаған. Нәтижесінде, сот отырысы биылға ауыстырылды. Дегенмен ор­талық төрайымы райынан қай­тып, 28 қаңтарда шағымын кері алып қойды. Осыдан кейін Сергей Молчанов орталықпен ынтымақтастығын әрі қарай жалғастырмақ болады.
«Мені АБҚО қолдауымен іске асырылған жобаларға қоғамдық мониторинг жүргізуге тартамыз деген. Әйтсе де, орталық хабарласар емес. Мысалы, «Жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу» деп аталатын жобаға мониторинг жасамақ болғанмын. Өйткені менің білуімше, осы жобаға бөлінген 17 миллион теңгенің 11 миллионы жа­лақы ретінде шығындалған. Қал­ған 6 миллион теңге «үлкен деректер­мен» (Big data) жұмысқа, қарапайым тілмен айтқанда әлеу­меттік желіні мониторингтеуге жұм­сала салынған. Осы жобаның нә­тижесі қандай екені қызықты», – дейді ол.
Жақында Б.Мукина ресми блогы арқылы оған жауап қатты: жала жапқаны үшін АБҚО-ның онымен соттасқанын есіне салды.

Қаржы қайда кетуде?

Биылғы пандемия грант алған ұйымдардың «картасын бы­тыс­­­тырып» жіберді. Олар әдетте грант ақшасын аларда: «мұнша миллионға залдарды жалдап, мұнша адам жиып, семинар не тренинг өткіземін», «мұнша миллионын іссапарға шы­ғындаймын» деп үйреншікті схе­мамен айдайтын. Кейін солай деп есеп беретін. Ал коронавирустың таралуы бұл схемаларға нүкте қойды: адам жинап, жабық залда жиын өткізуге де, өңірлер арасында сапар­лауға да шектеу қойылды. Осы орай­да, кейбір ұйым АБҚО-ға өтінішпен шығып, зал жалдауға, іссапарға көзделген қаржыларға компьютер, ноутбук, планшет алып, аз қам­тылған отбасыларға таратуды ұсы­ныпты. Орталық оған рұқсат еткен. Неге үнемделген қаржыны бюд­жетке қайтармаған? Грантты толық игер­месе, аудиторлар кінә тағып, іс қозғалуы мүмкін. Әйтеуір, игерсе болды.
– Біздің орталықтың гранттық қаржыландыруы арқасында жыл сайын шамамен 80-100-ден аса ұйым әртүрлі әлеуметтік жобасын іске асырады. 2019 жылы – 128, ал биыл 119 әлеуметтік жоба аяқталды. Қар­жы­­ның 10 пайызы ұйымды мате­­­риалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалады. Яғни, ұйым компьютер, үстел, қажетті басқа да техника сатып алады. Сондай-ақ қаржы жұмыс орын­дарына, еңбекақы қорына кетеді. Бұл – бухгалтердің, жоба басшыларының, менеджер­лердің, үйлестіруші-координаторлардың, СММ-менеджерлердің жалақысы деген сөз. Сондай-ақ қаржының бір бөлігі салық төлеуге бағытталады, – дейді АБҚО басқарма төрайымы Бәтима Мукина.
Ол грант қаржының бекер кетпейтініне, әлде­кімнің қалтасына түс­­пейтініне, қайта адамдарды еңбекпен қамту, ҮЕҰ-ларды қолдау арқылы әлеуметтік тиімділік әке­летініне сенімді. Мекеме басшысы «әрбір жобаның нәтижесін, қайтарымын жұртшылық көруі тиіс» деген байламмен келіседі. Тиісінше, грант игеріп жатқан ҮЕҰ-ларға «өз сайты, әлеуметтік желілер көмегімен жұмыс нәтижелерін, әлеуметтік жобаларының жетістіктерін дұрыс паш ету» жүктеліпті. Көбісінің көрсетпей отырғанына қарағанда, көрсететіні де жоқ болуы ғажап емес.

Сыйлыға – сый, сыйсызға – өкпе

Сарапшылар бұл саладағы «кө­леңкелі» тұстарға назар аудар­тады. Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың өмірін жақсартумен шұғылданатын қоғамдық қордың басшысы Виктор Дак бір келең­сіздікке маңдай соққанын әңгіме­леді. Былтырғы 1 шілде мен 1 қыр­күйек аралығында ҮЕҰ-ларға арнал­­­­ған сыйлықақыға өтінімдер қабыл­даныпты. Оның қоры бақ сынауға бел буады.
«Сыйлықақы тағайындалған үміткерлер тізімі уәкілетті органның интернет-ресурсында жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей жария­лануы тиіс. 2019 жылғы 3 желтоқ­санда көрсетілген теле­фонға қоңы­рау шалып, жеңімпаз ҮЕҰ-лар тізімі қашан шығатынын сұрадым. Белгіленген мерзім бұзылды ғой. Қызметкер тиісті комиссияның оты­рысы тек 5 желтоқсанда өтетінін жеткізді. Бұл нөмірге келесі жолы тек 10 желтоқсанда хабарласа алдым. Сол қызметкер тізім кешірек жария­лана­тынын, алайда комиссия «есеп­ке қойылған адам­дарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде пробация қызметтеріне жәрдемдесу» ба­ғыты бойын­ша 2019 жылы сый­­лықақы тағайын­дамау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мұндай шешімге не негіз болғанын ол айта алмады. 12 желтоқсанда жеңім­­паздарды марапаттау салта­наты өтті, бірақ тізім бәрібір жария етілмеді», – дейді В.Дак.
Әрине, оның өкпелейтін негізі жоқ: қоғамдық қор 2016 жылдан бері бюджеттен қаржы алып, түрмеден шыққандарды әлеуметке кіріктіру жо­баларын жүзеге асырып келді. АБҚО-ның қаржылай қолдауымен ШҚО, Павлодар және Қарағанды облыстарында әрекет еткен. Мем­лекет қаржы беруін тоқтатса, мұндай қоғамдық ұйымдар да қызметін доғарады, дағдарады. Яғни, бюджет мойнына масыл болып отыр. Басқаша айтқанда, аты – «үкіметтік емес» болғанымен, заты – «үкіметке қол жаятын ұйым». Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, ҮЕҰ-ларға арналған сыйлықақы (пре­мия) – оларды мемқолдаудың жаңа тетігі. Ол республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мін­деттерді шешуге үлес қосқан ҮЕҰ-ларға 2017 жылдан бері беріліп келеді.
«2019 жылы барлығы 134 өтініш келіп түсті. Соның ішінен 15 бағыт-номинация бойынша 120 өтініш қарауға қабылданды. Ең көп өті­ніш – әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау (31), білім, ғылым, ақпарат, денешынықтыру және спорт салаларындағы мақ­саттарға қол жеткізу (15), аза­маттық қоғамды дамытуға жәрдемдесу және ҮЕҰ қызметінің тиімділігін арттыру (11), жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау (10) бағыт­тарына тиесілі. Өтініштер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті, оларды бағалауға 75 сарапшыдан тұратын жұмыс тобы тартылды», – дейді ведомство.
«Пробация қызметтеріне жәр­демдесу» деп аталатын 13 бағыт бойынша тек 2 өтініш беріліпті. Бұл өтініштердің жинаған балы «аз қамтылғандарды қолдау» жөніндегі 6-бағыттағы өтініштердің балынан әлдеқайда аз болып шыққан. Сол себепті комиссия 13-бағыттың қара­жатын 6-шыға қайта бағдарлаған жөн деген ұйғарымға келіпті. Қоры­тындысында 6-бағыт бойынша үміткер 31 ҮЕҰ-ның көбіне – 15-іне сыйлықақы тағайындалды.  

Елдос СЕНБАЙ