«Барселонада» ойнағым келеді». «Астананың» үздік футболшысы ағынан жарылды
«Барселонада» ойнағым келеді». «Астананың» үздік футболшысы ағынан жарылды

Олармен тек бір тілде сөйлейтініміз үшін ғана араласамын

«Астана» клубының жартылай қорғаушысы Марин Томасов Kazakh TV арнасына сұхбат беріп, отбасы, арманы, Қазақстан чемпионаты және Қазақстанға бейімделу туралы айтты.

Футболшы «Астана» сапында 2017 жылдың жазынан бері ойнап жүр. Сол уақыттан бері ҚПЛ-да 15 гол соғып, 14 нәтижелі пас берген. Ал Еуропа лигасында 7 гол соғып, 2 пас асырған.

- Спорттық бабыңыз туралы не айтасыз? Әр ойын сайын алаңға шығуға дайынсыз ба?

- Иә, әрине. Бастысы – жарақат алмау. Қаншалықты мүмкін болған сайын соншалықты жиі ойнауға дайынмын. Тек дайын ғана емеспін, әр матч сайын ойнауды қалаймын.

- Былтырғы маусымға қарағанда биыл мықтырақ көрінген сияқтысыз?

- Иә, сізбен келісемін. Алғашқыда мен Станимир Стойловтың қол астында ойнадым. Мүлде басқа ел, басқа мәдениет. Мұның бәрі ойынға әсер етеді. Жаңа елге бой үйрету үшін кәдімгідей уақыт керек болды. Осының бәріне қарамастан Қазақстандағы карьерам үшін қуаныштымын. Менің ойыншылық мансабымда мұншалықты гол мен нәтижелі пас болған емес. Бұл менің карьерамдағы ең үздік кезең.

- Биыл чемпиондыққа талас бәсекеге толы өрбуде. «Астана» әлсіреді ме, әлде қарсыластар қарқынды ойнап жатыр ма?

- Мен чемпионатты жеңетінімізге сенемін. Егер бұлай болмаса, онда бұл біздің ғана кінәміз емес. Иә, біз үздік төрттікке де кірмейтін командалармен ойнап, ұпай жоғалттық. Осында келгелі дәл бұлай жеңілгеніміз есімде жоқ. Демек, бізде қандай да бір кінәрат бар деген сөз. Бірақ бәрі өзінің ойыншылық сапасы мен деңгейін көтеруге әркез тырысады. Шындап келгенде бәрі біздің қолымызда. Нақты себебі не екенін тап басып айта алмаймын. Мүмкін бабымыз келіспей жүр, мүмкін қарсыластарды лайықты бағаламадық.

- Сізді биыл қай команда таңғалдырды?

«Тобыл». Олар осы деңгейге ұзақ уақыт жоспарлы түрде даярланып жеткен сияқты. Әр позицияда керемет орындаушылар бар. Биыл олар жақсы жұмыс істей білді.

- Қазір сіз команданың лидерісіз. Киіну бөлмесіндегі атмосфера қандай?

- Атмосфера керемет. Біз Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап, чемпиондыққа таласып жатырмыз. Әкімшілік, клуб президенті бізді қолдап отыр. Киіну бөлмесінде өте көңілдіміз. Шомко үнемі әзіл айтып жүреді. Оны Мубеле мен Ротариу түсінбейді. Бізде үш тіл бар – қазақша, орысша және ағылшынша.

- Командадағы ең жақын досыңыз кім?

- Бұған жауап беру қиын. Көбіне уақытымды Эричпен, Рукавинамен өткіземін. Сосын Шимунович пен Томашевич бар. Бірақ олармен тек бір тілде сөйлейтініміз үшін ғана араласамын. Олар Сербиядан. Бірақ біздің тілдеріміз өте ұқсас.

- Ресейде өткен әлем чемпионатында Хорватия құрамасы қарымды ойын көрсетті. Қазір команданың жағдайы өте жақсы. Нағыз алтын құрам деп айтуға болады. Басқа уақыт болса құрамадан міндетті түрде орын алар ма едіңіз

- Әрине. Әр футболшы ұлттық құрамада ойнауды арман етеді. Қазіргі құрамның бірге ойнап жүргеніне біраз уақыт болды. Жастар да келіп жатыр. Бірақ құраманың негізгі тірегі – бұрыннан келе жатқандар.

- Отбасыңыз қайда? Сізбен бірге ме?

- Алғаш келген кезімде олар менімен бірге тұрған. Бірақ қызым мектепке баратын болған соң біз оның өз отанында білім алғанын дұрыс көрдік. Мен бұл жақта қаншалықты ұзақ уақыт тұрақтап қалатынымды білмеймін ғой. Бастапқыда жергілікті мектепке бергіміз келді. Алайда күтпеген жерден клуб ауыстыратын болсам балаға қиын тиеді деп ойладым. Қазір оған жиі ұшып барып тұрамын. Бұл әрине қиын. Бірақ, амал қанша. Үш балам бар. Бір қыз, екі ұл. Қызымның жасы 8-де, ұлдарым 4-те және екі жарымда. Осындай балалар сыйлағаны үшін Жаратқанға алғысым зор. Отбасы – менің басты байлығым. 

- Хорватия БАҚ-тары сіздің табыстарыңыз туралы біле ме?

- Олар тіпті менің әрбір голымды жаңалық етіп жазады. Чемпионаттағы статистикамды да жиі жариялайды. Хорватия «Астана» туралы жақсы біледі.   

- Хорватия ұлттық құрамасына енуге мүмкіндігіңіз бар ма?

- Иә, мен ұлттық құрамаға шақырылатындай еңбек еттім. Бұл менің пікірім. Тек үміттену ғана қалды. Бұл туралы біздің журналистер де жазған. Менің жұмысым – жаттығу жасау, еңбектену, жасыл алаңда өзімді көрсету.

- Бұрын қай командада ойнағыңыз келетін?

- «Барселона». Бала кезімнен осы команданың әр ойынын қалт жібермейтінмін. Егер таңдау мүмкіндігі болса онда мен «Барселонаны» таңдаймын.

- Қазақстанда өмір сүру сіз үшін қаншалықты ыңғайлы?

- Мұнда келген кезімде қаншалықты ұзақ уақытқа қалатынымды білмедім. Бірақ бірте-бірте командаға бой үйретіп кеттім. Егер келісімшартты ұзартуға ұсыныс беретін болса онда ойланбастан қол қоямын. Мұнда маған бәрі ұнайды.