Kaspi Bank-ті тонаған кім?
Kaspi Bank-ті тонаған кім?

Елімізде баса-көктеп кіріп, қару кезеніп, адамдардың өміріне қауіп төндіре отыра кинодағыдай банк тонау оқиғалары өте сирек болатыны рас. Сонысымен де елді елең еткізеді. Соңғы болған Kaspi Bank бөлімшесін тонау оқиғасы да қазір ел аузында.

Өткен бейсенбіде Алматының тәртіп сақшы­ларын аяғынан тік тұрғызған бұл оқиға жұмыс уақыт­ының соңында болған еді. Сейфул­лин-Гоголь көшелерінің қиылы­сындағы бөлімшеге медици­налық бетперде киген екеу шабуыл жасағ­ан. Желіде тарап кеткен видеода екі қарақшының бірі кассаның қор­ғаныш әйнегін балтаға ұқсас сайманмен шағып кіріп, кассаны үптеп, ақшаны алып кеткені көрі­неді. Ал ол кезде кассир қыз ка­бинканың ішінде болған. Бір жақсысы бұл шабуылда ешкім зардап шеккен жоқ. Алматы қаласы Полиция департаментінің таратқан ақпаратында аталған фактінің Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3 бөлімімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгені айтылады. Қылмысты ашу және күдіктілерді ұстау мақсатында арнайы тергеу-жедел тобы құ­рылған. Қарулы тонаушылар небәрі 2 миллион теңге ғана әкете алған. Банк хабарлағандай жұмыс күнінің аяғы болғандықтан бөлімшеде ол кезде клиенттер болмаған екен. Кассир қыз дабыл түймесін басып үлгерген. Әзірге бар белгілі ақпарат – осы. Ішкі істер минис­трлігі Қыл­мыстық-про­цессуалдық ко­декс­тің 201-бабының талап­тарына сүйеніп, тергеу құ­пиясына бай­ланысты басқа қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Kaspi Bank-ке тонау мақ­сатында жасалып отырған бұл қарулы ша­буыл оның тарихындағы жалғыз оқиға емес. Естеріңізде болса, 2017 жылы да тамыз айында Талғар қаласындағы бөлімшеге осыған ұқсас тәсілмен шабуыл жасалған болатын. Жұмыс уақыты басталғанға дейінгі таңғы сағат 08.40-та касса кабинкасына төбесі арқылы кірген екеу екі кассирді еденге жығып салып, 40 миллион теңгені алып кеткен. Сол жылы қазан айында Шымкенттегі банк бөлімшесі де тоналып, онда да кассаның әйнегін сындырып кірген қарақшы 23 мил­лион теңгені алып кеткен болатын. Осылайша, 1 жылда бас-аяғы 3 айдың ішінде бұл банктен осындай ең ірі екі сома тоналды. Жалпы, елімізде басқа банктерді де тонау оқиғалары баршылық. Солардың ішінде сомасына қарай бір іріктеп шығар болсақ, 2017 жылғы 27 маусымда Алматыда «Альфа-банк­ке» жасалған қарақ­шылық шабуылдан бастауға бола­ды. Белгісіз біреу кілтін таңдап тауып, банктің қоймасына кіреді де тапаншамен қорқытып отырып, 65 миллион 300 мың теңгені алып кетеді. Осы іс бойынша полиция сол банктің бұрынғы және сол кезде қызметте жүрген қызмет­керлерін ұстады. Олардан пнев­матикалық тапанша, электронды өткізу карточкасы және ұрланған ақша толықтай алынған. Келесі орында 2013 жылы 23 қазанда Ал­ма­ты қаласындағы Абай мен Әуезов кө­­шелерінің қиы­лы­сындағы «Темірбанктен» тонал­ған 37 миллион теңгенің оқиғасын атауға болады. Қылмыскерлер ғимараттың Абай көшесі бетінен жертөле терезесіндегі торды кесіп, касса қоймасына кірген. Сөйтсе, ақша­ның өзі үстелдің үстінде тұрған боп шығады. Бұл оқиғада да банктің қауіпсіздік қызметі қыз­меткері сотталды, бірақ ол ақшаны қайда жасырғанын ақыры айтпай қойды. 2010 жылы Шахтинскіде болған оқиғада үш қылмыскер «Халық банкінің» филиалына шабуыл жасайды. Бірақ күзетшілермен аты­сып, 19 миллион теңгені ала алмай кетеді. Бір инкассатор мен бір қарақшыға оқ тиіп жара­ланады. Кейін белгілі болғандай, олар бұл іске көп дайындалып, банкті ұзақ аңдыған. Ал тонауға барар алдында бір автокөлікті иесін өлтіріп, айдап қашып кеткен екен. Тізе берсе, мұндай оқиғалар сирек те болса болып тұрады. Одан бөлек, банкомат тонау оқи­ғалары да бар. Мұндағы ең үлкен сома 35 миллион теңгені 2009 жылы «Халық банктің» өзінің қыз­меткерлері ұрлаған екен. Банкомат­тарға қызмет көрсететін кассир мен сыбайласы 1 сағаттың ішінде 5 банкоматты үптеп кеткен. Өздері­нің жұмысын жақсы білетін олар банко­маттың қорғаныс жүйесін айналып өтуді де жаман меңгермесе керек. Одан кейінгі орында қыл­мыс­керлер 2012 жылы 12 миллион теңгені Петропавл қаласында қолды қылған оқиға. Олар Интер­на­циональный көше­сіндегі бір дүкен­нің пластикалық есігін күш­пен ашып, тамбурда тұрған «АТФ банк­тің» банкоматын тонап кеткен. Сөз соңында, банк тонаудағы кино сцена­рийіне пара-пар оқиғаны айтпай кетуге бол­майды. Бұл оқиға 2008 жылы Астана қаласында болған. Әккі ұрылар «Цеснабанктің» сейф­тері тұрған орынжайға жердің астымен қазып жетпек болған. Осы­лайша, олар 2008 жылдың тамыз айынан 2009 жылдың қазан айына дейін 14 ай бойы ұзындығы 74 метр болатын тоннель қазған. Олардың бірі қазған топырақты өзінің Nissan Sunny көлігімен қаланың қоқыс жәшіктеріне тасып отырған екен. Жан-жақты дайындалғаны сондай, олар топырақты арбамен тасу үшін тоннельге кішітабанды рельс тартып, тоқ жүргізген. Бірақ ең бір мәресіне жеткенде тонаушылардың бір жыл­дан астамғы еңбегі зая болады. Қазан айының 17-нен 18-не қараған түнде олардың жоспарын банктің қауіп­сіздік қызметі біліп қояды. Кезекті бір шолу кезінде күзетшілер едендегі жарықты байқап, күдіктеніп тек­серген екен. Осылайша, «көр­тыш­қан ұрылар» қолға түседі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі банктерге қатысты тонау қыл­мыстарын екшеп отырсақ, олардың ашылмай қалғандары аз екен. Әйтсе де, кешегі оқиғадан түйгеніміз, қылмыскерлер айылын жиятын емес. Олар ертелі-кеш қолға түсе­тінін біле тұра, мұндай қадамға не үшін барады? Оған роман­тикалық мазмұнда түсірілген Голливуд фильм­­­дерінің әсері де бар секілді. Өйткені жазадан сытылып кететініне сенімді бейнелейтін сцена­рийлері қатты ұқсас. Ендеше кезекті «фильм­нің» ақырын күтелік.

Нұрлан ҚОСАЙ