Ел дамуы – Елбасы назарында
Ел дамуы – Елбасы назарында
5,146
оқылды

Аймақ гүлденсе, ел дамиды. Әр өңірдің даму жоспары талапқа сай дайындалса, «Ұлт жоспарының» жү­зеге асқаны. Осыған орай, Ел­ба­сы 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан мен қала, облыс үшін да­му бағдарламасын әзірлеуді тап­сырды.

Nur Оtаn пар­тия­сы фрак­­ция­сының мү­ше­лері қатыс­қан кеңесте Ел­­ба­­сы түрлі өзек­ті мәселе кө­те­­ріп, басым бағытты анық­та­ды. Жиында «Қа­зақстан – 2021: Бірлік. Тұ­рақ­тылық. Жа­сам­паздық» сай­лауалды бағдар­­ла­­ма­сы­­ның орындалу бары­сы мен «100 нақ­ты қадам» Ұлт жос­­­­­пары бағдар­лама­сы қарал­ды. Ел үшін өзекті болып отыр­ған бағдарламалардың осы кезеңге дейінгі нәтижесіне баға берілді. Кем-кетігі ескеріліп, жобаның алдағы кезеңіне жоспар құрылды. Шығын мен кіріс есептеліп, мақсат пен міндет айқындалды.

«Тапсырмаларды сапалы орындау және нақты нәтижеге қол жеткізу үшін екпінді іс-қимылдардан тұратын жол картасы әзірленді. Партияның парламенттік фракциясымен үйлесімді жұмысының арқа­сында сайлауалды бағдар­ла­масындағы барлық міндет-мақсаттарға өз уақытында қол жеткізуге мүмкіндік жа­­салды. Осы ретте фрак­ция­­мен бірлесіп жүзеге асы­ры­лып жатқан шаралар Nur Otan партиясының халық ал­дын­дағы сайлауалды міндет­­те­­мелерін толығымен орын­дап, қоғамда тиімді ше­шім қа­был­дайтын нақты іс пен ха­­­лық бір­лігі партиясы ре­тін­дегі беделін күшейтуге үлес қосуда. Партияның сай­лауалды бағдарламасы бойын­ша іс-шаралар жоспары іске асырылып жатыр. Тұғыр­на­маның барлық бағыт­тары ең көкейкесті мәселелерді шешуді қамтиды» деді баяндамасында А.Мамин.

Сондай-ақ Үкімет басшысы пар­тияның сайлауалды бағдар­ламасы бойын­ша 112 іс-шара жоспары жүзеге асы­рылып жатқанын айтты. Оның ішін­де бүгінгі күні 31-і орындалса, 81 шара кезек күтіп тұр. Оған қоса мемлекет бар­лық әлеуметтік міндеттемелерді то­лық көлемде орындайтынын алға тарт­ты. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы әзірленіп жатқанын баяндады. 2020 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақ­тандыру енгізетінін жеткізді.

Премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары және Қар­жы министрі Әлихан Смайылов баяндамасын бел­сен­ді халықтың 30%-дан аста­мы шағын және орта биз­нес­­те жұмыс істейтінінен бас­­­та­ды. Соңғы 5 жылда ша­­­ғын және орта бизнес су­бъек­­ті­­лерінің саны 1,5 есе­ге өсіп, 1,3 миллионнан ас­­­қа­­нын мәлімдеді. Дү­ние­­­жү­­зі­лік банктің Doing Business рейтингінде Қа­зақ­­стан Франция (32), Жа­по­­ния (39), Түркия (43) си­яқ­­­ты Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы елдерінен озып, әлемдегі 190 елдің ішінде 28-орынға көтерілгенін қуана жеткізді. ОЭСР стандарттарына сәй­кес бәсекелестікті дамыту бойынша жұмыстар атқары­лып жатқанын қосты.

– Шағын және орта биз­несті қолдаудың ең тиімді құралы ретінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ла­масы іске асырылуда. Осы бағдарламаны іске асы­ру жылдары 14 мыңнан ас­там жобаға 2,5 трлн теңге сома­сын­дағы кредиттерге 241 млрд теңге субсидия бөлінді. 6 мың жоба бойынша 230 млрд теңге сомасындағы кредиттерге кепілдік берілді. Жаңа бизнес-идеяларға 3 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант беріледі. Атап айтқанда, 2,5 мыңнан астам жоба бойынша 5,7 млрд теңгеге грант бөлінді. Кәсіпкерлікке үйрету үшін 200 мың адам оқытылды. Бағдарламаға қатысушылар 95 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 19 трлн теңгеге өнім өндірді және 1,2 трлн теңгеден астам салық төледі. Жалпы бағдарлама бойынша, 1 теңге субсидия қатысушыларға 100 теңге түсім және бюджетке 6 теңге салық әкеледі. Осы бағ­дарламаның жоғары тиім­ділігін ескере отырып, оның мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады. Бағдарламаны іске асыру үшін алдағы 3 жыл­да мемлекеттік бюджеттен 270 млрд теңге бөлінеді, – деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің орын­басары Б.Сапарбаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарлама­сын­дағы әлеумет­тік салаға қа­тысты ой білдірді. Бағдарлама халықтың жағдайын жақ­сарту, еңбек етумен бай­ла­нысты екенін айта келе, тапсырмалардың рет-ретімен орындалып жатқанын айтты. «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары қадам-қадамымен іске асып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ азаматтардың ахуалын жақсарту үшін ең қажеттісі жұмыспен қамту екенін алға тартты. Өңірлерді аралап, халықпен кездескенде табыс табу, жастарды қолдау, әлеуметтік көмекке тең жағдай жасау мәселесі азаматтарды көп толғандыратынын айтты.

Nur Otan партиясының сай­лауалды бағдарламасында әлеуметтік салаға қатысты 31 шара қарастырылған. Атал­­ған шараның 17-і орын­­­­далды, 14-і орындалу үс­ті­н­де. «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының 78-қадамы – ЖОО-ның академиялық және басқару тәуелсіздігін арт­тыру бойынша бақылау кү­шейтілді. Жыл соңына дейін 2 ЖОО біріктіріліп, 5 оқу орнының лицензиясын алу мәселесі қарастырылады» деді Б.Сапарбаев.

Ал Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр баян­дамасында пар­тия­ның сайлауалды бағдар­ла­масы және Елбасы тап­сыр­малары бойынша Көлік инфрақұрылымын да­мы­ту жайын айтты. 2015-2019 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен басқа да өзекті мәселенің басын қайырды. Алдағы 3 жыл ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қаласында жұ­мыс істейтін жастарға 3 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілетінін айтты. Өт­кен жылдан бастап сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін қаржыландыру 100 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын мәлімдеді.

«2,4 мың шақырым рес­пуб­­ликалық маңызы бар авто­мобиль жолдары салынды және қайта құрылды. 1,3 мың шақырым жаңа теміржол пайдалануға берілді. Қытаймен шекаралас терминал инфра­құрылымының өткізу қабілеті жылына 40 млн тоннаға дейін ұлғайтылды. Ақтау портының кеңеюіне және Құрық пор­тының құрылысына байла­ныс­ты Каспийдегі порт ин­фра­құрылымының өткізу қа­­бі­леті жылына 27 млн тон­­­наға дейін ұлғайтылды. Нұр-Сұлтан қаласында жаңа темір­жол вокзалы және жаңа әуе­жай терминалы са­лынды. 15 әуе­жайда ұшу-қону жолағында қай­та құру аяқталды», – деді Р.Скляр.

Елбасы көтерген мәселелер шешімін тапса, партия мен ел игілігіне жарайды. Жоғарыда құрылған жоспар мен нәтиже партияның нақты бағытын айқындайды. Сайлауалды бағдарлама мен Ұлт жоспары біріккенде жүйе толыққанды жүзеге асады.