Әлемдік пандемия әлем елдерін әбігерге салғаны жасырын емес. Коронавирус індеті жамбылдықтарға да оңай соқпады. Осыған орай Бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығып, күні кешеден бастап шектеу шаралары тағы күшейтілді. Міне, осы талап пен шектеулер жайлы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Салтанат Әлібаева тікелей эфирде жан-жақты түсіндірді.
Жалпы Салтанат Әлібаева тікелей эфир барысында тұрғындардың да сұрақтарына жауап берді. Бұқараның дені 19 қазаннан бастап түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін көшеде жүру шектелгеніне қатысты сауалдарын лек-легімен жолдады. Бас санитарлық дәрігер мұндай шектеу түнгі мезгілде жасөспірімдердің көптеп көшеде жүретіндігіне және жабық ғимартта адамдар 2-3 сағаттан артық отырмауы қажеттігіне қатысты қабылданғанын айтты. Келесі кезекте көпшілік демалыс күндері қоғамдық көліктердің қатынамай жатқанына қынжылыс білдірді. Бұған қатысты Салтанат Әлібаева қоғамдық көліктердің демалыс күндердегі қозғалысына шектеу қоймағандарын алға тартып, бұл мәселемен қала әкімдігіне қайырылу қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек тұрғындар тарапынан мал базарының жұмысы, монша, шаштараз сынды қоғамдық қызмет түрлеріне және бетпердені қай жерлерде тағып жүру талаптарына қатысты көптеген сауалдар қойылды. Бас санитарлық дәрігер барлық сауалдарға тұщымды жауап беріп, егер карантиндік шараларды халық қатаң сақтайтын болса, шектеу шаралары да кезең-кезеңімен алынылып тастайтынын айтты. Яғни жұртшылық шектеу шараларын «шынжырлау» деп түсінбеуі керек. Бұл ең бірінші бұқараның өз денсаулығы үшін жасалып жатқан дүние.Оның сөзіне сүйенсек, қазан айының 19-на дейін 30 коронавирус індетін жұқтырған және 9 пневмониямен ауырған адам тіркеліпті. Науқастардың дені Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарынан анықталған екен. Мұндағы ендігі мақсат шекараны шегендеп, ПТР анықтамасы жоқтарды облысқа кіргізбеу. Дәл осындай вирус жұқтырмағанын растайтын құжаты жоқ 220 адамды жамбылдықтар өңірге кіргізбей, шекарадан кері қайтарып жіберген.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы