Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан Ғылыми-сараптамалық кеңестің құрылғанына 10 жыл толды. Ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған кеңестің сараптамалық жұмысы қоғам үшін өте қажет.
Жалпы, кеңес құрамында 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, сондай-ақ институт басшылары, қоғам қайраткерлері өзекті мәселелерді талқылайды. Сонымен бірге аймақтардағы ғылыми-сараптамалық топтардың 262 білікті маманы кеңестің жұмысына белсене араласады.
Ғылыми-сараптамалық кеңеспен бірлесіп, ҚХА-ның орталықтары мен ЖОО-дағы кафедралар тиянақты жұмыс атқарып жатқан жайы бар. Бүгінгі таңда ҚХА-ның 42 кафедра-орталықтары еліміздің ЖОО мен колледжінде жастарға мемлекеттік этносаясаттың артықшылығын түсіндіруде маңызды рөл атқарып отыр.
Басты мақсат – ассамблеяның шеңберінде көтеретін мәселелерге ғылыми-сараптамалық шолу жасау, бірлесіп проблеманың шешімін табу. Кеңестің міндеті – елдегі этносаяси, әлеуметтік-экономикалық және конфессиялық даму үрдістерін кешенді сараптамалық бағалау, осы үдерістердің елде және әлемде дамуын болжау, этносаясаттың өзекті бағыттары бойынша ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу, этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру, демократияны дамытуда, қазақстандық қоғамның тұтастығын нығайтуда, жалпыұлттық келісімге қол жеткізуде саяси және азаматтық институт ретінде ҚХА рөлін күшейтуге жәрдемдесу.
Биыл Ғылыми-сараптамалық кеңес Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгеруші-сі – Ж.Түймебаев, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы А.Сәдуақасова төрағалығымен бірқатар кездесу мен отырыс өтті. Жиындарда қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі мәселелері талқыланды. Қазақстан қоғамының даму тенденциялары мен этноәлеуметтік құрылымы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары бойынша жүргізетін жұмыстардың нысаны айқындалды. Осы орайда, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңес республика ішінде де, шет елдерде де көптеген ғылыми институт, мұрағат және кітапханалармен тығыз қарым-қатынаста екенін атап өткен жөн.
Он жыл ішінде атқарылған жұмыстың нәтижесінде, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңестің ғалымдары мен сарапшыларының бірқатар ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Нақтырақ айтқанда, А.Абуов «Совершенствование казахстанской модели государственно-конфессиональных отношений и межрелигиозного согласия», А.Ахметова «Ғасыр ғибраты», Н.Калашникова «Евразийская экономическая интеграция: энциклопедический справочник. К 25-летию Евразийского проекта 1994-2019», К.Мами, И.Рогова және В.Малиновская «Республика Казахстан: хроника утверждения конституционализма». «Қоғамдық сананы жаңғырту контексінде Н.Назарбаевтың жалпыұлттық келісімі мен бірлігінің қазақстандық моделі», «Алаш идеясы» және «Туған жер» бағдарламасы мен қоғамдық сананы жаңғырту контексінде «Мәңгілік ел құндылықтары» тақырыбында зерттеулер жүргізілді. Бұл зерттеудің авторы – А.Башмаков және С.Сыздықов.
Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері тұрақты негізде түрлі іс-шараларға қатысады, осылайша, олар 60-тан астам халықаралық ғылыми конференция, дөңгелек үстел, пікірталас алаңына және этникааралық және конфессияаралық қатынастар саласында теориялық жұмыстар мен практикалық тәжірибе алмасу жөніндегі басқа да ірі іс-шараларға қатысты. Оның ішінде тарихи оқиға – халықаралық ынтымақтастық аясында Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жастар арасында түсіндіру үшін кеңес пен топ сарапшылары студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған оқу бағдарламаларын әзірлеген болатын. Бүгінде осы бағдарлама оқу пәндерін жүргізуге арналған тиімді құралға айналды. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Қазақстанда біріктіруші жалпыұлттық тарихи сананы нығайтуда маңызды жұмыстар жүргізілуде. Бастысы – Қазақстан халқын біріктіретін құндылықтар қалыптастырылуда.
Баршамызға аян, қоғамды жаңғыртуға ықпал ететін дәстүрлер, ұлттық-мәдени тамырлар тарихтың іргетасында жатыр. Бұл дәстүрден шеттеп қалмай, Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің рухы мен мазмұны жағынан рухани жаңғырту идеясына сәйкес келетін ауқымды мәдени-ағартушылық «Қазақтану» жобасын көпшілікке танытты. Жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Жобаның арқасында қазақстандықтар тарихты терең ұғынып, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуда. Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты дамытуға, жалпықазақстандық құндылықтар мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға және нығайтуға үлесті.
«Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыру мақсатында, 21 сарапшы мен кеңес мүшелері Көкшетау, Макинск қалаларындағы және Ақмола облысының Бурабай, Зеренді кентіндегі 15 мекемеде, кәсіпорындарда, жоғары оқу орындарында және мектептерде дәріс өткізді. Сонымен қатар Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы қалалар мен ауылдарда дәріс оқыды. Бұл үрдісті Қазақстанның басқа аймақтарында да жалғастыру жоспарланып отыр.
Аймақтардағы Ғылыми-сараптамалық кеңес пен топтардың басты мақсаты – қоғамдық сананы, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарын біріктіретін әлеуетті енгізу үшін жүйе құру, азаматтық қоғамды дамыту. Сол себепті ассамблея аясында атқарылатын жұмыстар тек халық үшін, елдің татулығы мен толерантты қарым-қатынасы үшін, ел игілігі үшін жүзеге асырылмақ. Ғылыми-сараптамалық кеңестің онжылдық тарихында атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Шерзод ПУЛАТОВ,
Қазақстан халқы ассамблеясы
Төрағасының орынбасары