Тіл форумынан не күтеміз?
Тіл форумынан не күтеміз?

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, қазақ тілі қоғамның барлық саласында өз деңгейінде қолданылмай келе жатқаны мәлім. Егемендік алғаннан бастап-ақ Қазақстанда өмір сүре­тін барлық халыққа мемлекеттік тілді меңгеруге, үйренуге толық­тай жағдай да жасалды, мемлекеттік бағдарламалар да қабыл­данды, алайда қазақ тілі толыққанды қызмет атқара алмай келеді.

Бұған «Тіл туралы» заңның осалды­ғы мен Конституцияда көрсетілген орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданатыны түрткі болып отырға­ны белгілі және бұл мәселе зиялы қауым тарапынан соңғы кездері жиі айтылып жатыр. Белгілі ақын Қазыбек Исаның Ұлттық кеңес отырысында «Барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек! Орыс тілі туралы   7-баптың 2-тармағын алатын уақыт жетті» деген ашық ұсынысын мемлекеттік тілге деген жауапкершілік­ті арттыруға бағытталған нақты қадам дей аламыз. Ғалым Анар Фазылжан посткеңестік кеңістіктегі елдерде тіл саясатының заңнамалық базасының өзгеруі қарқынды түрде жүзеге асырыл­ғанын, ал Қазақстанның «Тіл туралы» заңы Кеңес өкіметі кезінде қабылдаған орыс-қазақ қостілдігінің қолданысын толық сақтауға қызмет етіп келе жатқанын айта отырып, «Әр мемлекет тіл саясатында ұлттық мүддесіне үйлесімді, ішкі жағдайына оңтайлы, халқының (бүгінгі және болашақтағы) сұранысына жауап беретін бағыттарды, амал-тәсілдерді таңдайды. Осы таң­дал­ған бағыт пен амал-тәсілдер тіл туралы заңнамада толық регламенттелуі керек» дейді. Қоғам қайраткері Ораз­күл Асанғазы «Қазақстанда да тіла­ралық елеулі үдерістер жүріп жа­тыр. Оның қозғаушы күштері ақпа­рат пен бизнес болып отыр. Мемлекеттік тіл әлем түгілі Қазақ­станның өзінде осы екі салада ұтылып қалып жатқанын күн­де көреміз. Егер осы екі салада елі­міз­де мемлекеттік тілдің басымды­ғын қалыптастыра алмасақ, онда бүгінгіден де ойсырай ұтыламыз деген қауіп зор» дейді. Қазақ тілінің жанашырлары, әсіресе, қазақтілді журналистер, ғалымдар, т.б. зиялы қауым өкілдері тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебе­сін көтеруге бағытталған ұсыныс-пікірлер көптеп айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткізу оңай болмай тұрғаны шындық. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғам­дық өмірдің барлық саласында еркін қолданысқа енбейінше, ұлтара­лық қатынас тіліне айнала қоюы да екіталай.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруге бағытталған жұмыс­тар қарқынды түрде қолға алы­нып отыр. Ал ұлттық жазу реформа­сының сапалы әрі уақытында жүзеге асуы мемлекеттік тілдің толыққанды қызметіне тікелей байланысты болмақ. Осыған орай, Ш.Шаяхметов атындағы «тіл-қазына» ұлттық ғылыми-прак­­ти­калық орталығының ұйым­дас­ты­­руымен 2019 жылдың 24 қазанында «Жа­­һан­дану және ұлттану үдерісіндегі қа­зақ тілінің өміршеңдігі» атты тіл фору­мы өтпек. Форумның басты мақ­саты – қазақ тілінің қолданыс аясын ғы­лым, білім, саясат, БАҚ, бизнес, кә­сіп­керлік, өндіріс, яғни қоғамдық саланың барлығында кеңінен қол­да­ну мәселелерін талқылау, әліпби рефор­масының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосудың жолдарын анықтау. Тіл форумында алты блок жұ­мыс жасап, ашық пікір алаңын ұйым­дастырады:

1) Білім, ғылым және тіл;

2) Бизнес және тіл;

3) Заң және тіл;

4) БАҚ және тіл;

5) Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы;

6) Өңірлердегі тілдік ахуал.

Әр блокта мемлекеттік тілге қатыс­ты өзекті проблемалар талқыла­нып, оны шешудің жолдары сараланбақ. Фо­рум нәтижесінде, қарар қабылда­на­ды.

Мемлекеттік тілдің тұғыры биік бол­сын десеңіз, тіл форумына келіңіз, ашық пікіріңізді білдіріңіз, ұсынысы­ңыз­ды айтып, үлесіңізді қосыңыз!

             

Гүлфар МАМЫРБЕК,
Ш.Шаяхметов атындағы
«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы
Орфография басқармасының басшысы