2019 жылғы Президент сайлауынан кейін Парламенттің кезектен тыс сайлауы болатынына ешқандай күмән болмаған. Саяси сарапшылардың басым бөлігі Президент сайлауынан кейін мемлекетте ауқымды саяси-экономикалық өзгерістердің басталатыны туралы және кезектен тыс парламент сайлауы өткізілетінін айтқан. Бірақ саясаткерлердің болжамы расталмады. Оған себеп, Елбасының 2019 жылдың тамызында Nur Otan партиясы саяи кеңесінің кеңейтілген отырысында "Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге негізделген аргумент жоқ, тек талқылау ғана" деп бұл тақырыптың соңғы нүктесін қойған болатын.
Бұған дейін парламент сайлауы жеті рет өткен, оның бесеуі кезектен тыс, қазіргі алтыншы сайланымның өзі де кезектен тыс сайланғандар. Ал, 2021 жылғы Парламент сайлауы сегізінші болмақ. Бүгінде төменгі палата 107 депутаттан тұрады: оның ішінде 98 депутат саяси партиялардың тізімі бойынша, ал қалған 9 депутат. Қазақстан халқы Ассамблеясынан тағайындалады. Соңғы кезектен тыс Парламент сайлауында 6 партияның үшеуі ғана сайлаушылардың 7 % -дан астам дауысын жинап парламенттің төрінен орын тапқан. Жалпы алдағы сайлауда "Кімдер жеңіп, кімдер келмеске кетеді?" деген сұрақ туады...Оның жауабын екі айдан соң біле жатармыз. Елбасы партияны алдағы парламенттік сайлауға дайындағаны белгілі. Nur Otan кадрлық құрамын жаңарту арқылы жұмысын жүйелі түрде бастап кетті. Партия парламенттегі мандаттық басымдығын жоғалтпайды, бірақ жақында өткен партияішілік іріктеу жүйесі мәжілістегі депутаттардың құрамына өзгеріс әкелетіні анық. Оған праймериз өз үлесін қосатыны сөзсіз. Елбасының өзі праймериздің өту барысын мұқият қадағалап, белсенді әрі сауатты жастардың елдің саяси өміріне араласуын бақылап отырды. Біраз праймеризшілер мәжіліс кабинеттеріне жайғасуға мүмкіндік алатын болды. Ендеше, алдағы сайлау ашық және әділ өтуі үшін билік барлық жағдайды жасауы тиіс. Әділдік қоғамды алға сүйрейтін үлкен күш – Еліміздің тыныштығы мен саяси тұрақтылығы өте маңызды.Сонымен, Парламенттің "отымен кіріп, күлімен шығатын" мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуға таяу. Демек, кезекті Парламент Мәжілісінің сайлауы 2021 жылдың 24 қаңтарынан кешіктірілмей өтуі тиіс. Сәйкесінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің сайлауын 2021 жылдың 10 қаңтары деп бекітті. Бұл сайлаудың Ата заңмен бекітілген уақытта өтетіні өте дұрыс шешім. Еліміздегі демократияны нығайтуға, халықтың бірлігін, сенімін, белсенділігін күшейтуге бағытталған саяси қадам деп түсіндім.