Жақында Испанияның Малага қаласында TU ONDA атты жас әншілердің халықаралық ән байқауы өтіп, Алматы қаласынан барған 14 жастағы Ұласбек Әмірханов бірінші орынды жеңіп алды.
Халықаралық ән додасына қазақстандық бір топ өнерпазды «Бозторғай» қоғамдық қорының жетекшісі Қарлығаш Әбдікәрімова мен «Сенім» вокалды ансамблінің жетекшісі Тұрсын Кудерина алып барған болатын. Бұл Ұласбектің халықаралық деңгейдегі алғашқы жетістігі емес. Осыған дейін Нью-Йоркте өткен PEARL OF NEW YORK 2017 байқауында, былтыр жазда Италияда өткен CREATIUITA senza FRONTIERE 2018 халықаралық фестивалінде топ жарған. Келешегінен үміт күттіретін жас әншінің талантын былтыр елордада өткен «Шаттық» фестивалінде Халық артисі Бибігүл Төлегенованың өзі жоғары бағалап, табыс тілеген еді.
Кішкентайынан өнер жолына түссе де, Ұласбек мектептегі қоғамдық шаралардан да тыс қалмайды екен. Сынып жетекшісі Мағрипа Саипованың айтуынша, ол тек жақсы әнші ғана емес, тәртіпті, алғыр оқушы.
– Ол алғашқы сыныптан бастап-ақ зеректігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, қатарластарын алға жетелей білді. Бос уақытында математика, ағылшын тілі үйірмелеріне қатысады. Мектепішілік қоғамдық жұмыстарға да етене араласады, – дейді ұстазы.
Халықаралық деңгейде қазақ әнінің құдіретін танытқан балғын өнерпаздың тауы шағылмасын, туы жығылмасын деп тілек етеміз.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ