81 жастағы велосипедшіні қағып өлтірді

81 жастағы велосипедшіні қағып өлтірді

Талдықорған қаласының шы­ғыс жағынан өтетін Қа­ра­­тал өзенінің үстіндегі кө­пір­дің қасында қарт вело­си­пед­ші­ні қағып кеткен авто­көлік жүр­гізушісі құлаған жанға көмектесудің орнына оқиға бол­ған жерден дереу таба­нын жалтыратып, қашып кет­кен.

Қалалық полицияның жедел басқару орталығына келіп түскен шұғыл хабардан соң оқиға орны­на жеткен тәртіп сақшылары авто­көлік қаққан велосипедшінің 81 жастағы қарт адам екенін және сол жерде бірден қаза тапқанын анықтайды. Жол-көлік оқиғасы орнын тексеру барысында кри­миналистер автокөлік бамперінің сынып түскен шағын бөлігін тауып алып, сол арқылы із жасыр­ған жүргізуші мінген автокөліктің «Мерседес Бенс» маркалы екенін және сыртқы бояуының түсін де анықтаған. Дереу қалалық по­лицияның кезекші бөлімі ар­қылы «қашқын» мінген автокө­ліктің түрі мен түсі барлық тәртіп сақшыларына хабарланып, тез арада анықтап, ұстау туралы дабыл қағылған.

Жедел іздестіру шарасы барысында жол-көлік оқиғасына себеп болған автокөлігін жеке­меншік тұрағына тығып, Алма­тыға кетіп қалған 42 жастағы жүр­гізуші белгілі болды. Тұрақтағы автокөліктегі ақаулар мен оқиға орнынан табылған сынық бөл­шектер қария қаза тапқан жерде осы машинаның бол­ғанын бұлтартпастан дә­лел­­деуге мүмкіндік берді. Қазіргі кезде күдікті ұсталып, Талдықорған қа­ла­лық полициясына жет­кізіл­ді, – деп хабарлайды Алматы облыстық полиция департаментінің баспа­сөз қызметі.

Қолға түскен жүргізуші қарт велосипедшіні басып кеткенін мойындап, оқиға орнынан қашып кетуінің себебін көлікті мас күйін­де жүргізгенімен түсіндіруге ты­рысты. Оған қатысты Қыл­мыс­тық кодекстің 345-бабы (көлік құралдарын басқарушы тұлғалардың көлік құралдарын пайдалану және жол қозғалысы тәртіптерін бұзуы) және 347-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы