Қылышын сүйреткен қыс айы да таяп қалды. «Балапанды күзде санайтын» билік бұл кезде қыстың қамын ойлайтыны белгілі. Алайда бәрі ойдағыдай шығып жатпайтыны тағы бар. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе күн тәртібіне көтеріліп, аймақ басшысы «қыстың қамын жаз ойламағандардың» жұмысын қатаң сынға алды. Жалпы облыста пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзақтығы 3175 шақырымды құрайды. Ал осы жолды қысқы күтіп-ұстауға 173,7 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда 196 бірлік жол техникалары мен жабдықтар, 6280 тонна құм (жоспар – 11 380 тонна), 1123 тонна тұз (жоспар – 1545 тонна) дайындалған. Сондай-ақ қыс мерзімінде 78 жылу пункті және 16 өндірістік база қызметі құрылған. Алайда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізген зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып отыр. Атап айтсақ, Қордай ауданы жолды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына қаржы бөліп, мердігер анықтауға мүлде көңіл бөлмеген. Нәтижесінде қажетті инертті материал жинақталмай отыр.
Осы орайда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков аталмыш мердігердің аудандық маңызы бар автожолдарды өз деңгейінде күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізе алатындығы алаңдатып отырғанын ашып айтты. Сол сияқты Талас, Шу, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында жоспардағы инертті материалдар (құм, тұз) толық дайындалмаған. Тағы бір мәселе – Жамбылда қыс айларында қар басып қалу қаупі бар жол учаскелерінің ұзындығы 35 шақырымды құрап отыр. Бұл ретте облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бахыт Ратаев қыста облыстың автожолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында облыстың автожолдарында 660 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 107 адам қаза тауып, 1 009 адам жарақат алған.Ал Мойынқұм ауданында автожолдарды қысқы күтіп-ұстауға мемлекеттік сатып алу конкурсы баға ұсыну тәсілімен жүргізіліп, жеңімпаз болып Алматы қаласының «Галакси трейд ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған. Алайда аталған серіктестіктің мүмкіндігі қандай, қажетті техникасының бар-жоғы белгісіз.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы.