Мектеп есепшілері қаржы жымқырғаны үшін сотталды
Мектеп есепшілері қаржы жымқырғаны үшін сотталды
Бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы қадағалауда екенін естен шығарғандар елу миллионға жуық ақшаны заңсыз иемденіп, сотталды. Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы «Еңбекақы мен іс-сапар шығындарының төлеу дұрыстығына мемлекеттік аудит жүргізу» аудиторлық іс-шарасы аясында 49 млн 274 мың теңгенің қаржысы көзделген мақсатқа жұмсалмағанын анықтады. Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нариман Таушовтың айтуынша, елеулі қаржы бұзушылық 2016 жылдың 01 қаңтарынан бастап 2020 жылдың 31 мамыр аралығында Атырау облысы, Махамбет ауданы білім бөліміне қарасты мектепте орын алған.

Тексеру комиссиясымен Қ.Қалбеков атындағы Сарытоғай орта мектептің бас есепшісі мен есепшісі электрондық цифрлық қолтаңбаның кілті оған қазынашылық-клиенттің ақпараттық жүйесін қашықтықтан басқарып пайдалануға, конфигурациялауға және пайдалануға мүмкіндік беретіндігін біліп, мекеменің электрондық төлем құжаттарына, атап айтқанда төлем шот-фактураларына және «5-15A» форматындағы алушылардың ағымдағы шоттарына жалақы аудару парағына қол қою, еңбекақы үшін төлемшоты арқылы, жалпы сомасы 49 млн 274 мың теңге көлемінде қаражатты негізсіз еңбекақыдан артық өзіне, басқалай заңсыз жолдармен осы мекеме қызметкерлері мен туыстарына аударып алғандығы анықталған.

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органына жолданып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай базасына тіркелді. Нәтижесінде сот үкімімен «Махамбет аудандық білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің» «Қарабай Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі» КММ-нің бас есепшісі және есепшісін ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының, 4-бөлігінің, екінші тармағымен кінәлі деп материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 6 жылға айыра отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот үкімі қыркүйек айында шықты. Күні бүгінге 49 млн 274 мың теңгенің жергілікті бюджетке 25 млн 100 мың теңгесі қайтарылған.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы