«Жер жұмыс істейтін болса, жұмыссыздар саны азаяды» – Бекет Әбішев
«Жер жұмыс істейтін болса, жұмыссыздар саны азаяды» – Бекет Әбішев
162
оқылды

Қапияда келген коронавирус індеті сегіз айдан бері еліміздегі біраз саланы тұқыртты. Наурызда жарияланған төтенше жағдай режимі орта және шағын кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салса, ірі бизнес өкілдері де бұл қиындықтан төрт құбыласы тең шықпайтынын айтып, дабыл қағуда. Талай жылдан бері еліміздің ауылшаруашылық саласында еңбектеніп жүрген кәсіпкер Бекет Әбішев те карантиннен кейін көп мәселенің ұшы анық көрінгенін айтады. Несібесін жерден тауып жүрген ол ерте көктемдегі дақылдардың уақытылы себілмеуінен диқандардың бейнеті еселене түскенін жасырмайды. «Айқынға» сұхбат берген бизнесмен бұл саладағы көкейкесті мәселелерге тоқталып, ауылшаруашылығы мен ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға арналған өз ұсыныстарымен бөлісті.

– Бекет мырза, сіздің бұл саладағы тәжірибеңіз айтарлықтай көп. Ауылшаруашылығындағы олқы тұстарды бес саусақтай білесіз. Биыл әлемді есінен тандырған індет сіздің кәсібіңізге қалай әсер етті? – Бұл біздің ғана емес, бүкіл әлемнің басындағы жағдай. Сондықтан, азды-көпті қиындық көрсек те, «кемедегінің жаны бір» болған соң, бұған да көндігуге тура келеді. Қазір біз індетті алға тартып, қол жайып отыра бермей, бұл жағдайға бейімделуге, мейілінше, қиындықтан тезірек құтылу жолдарын қарастыруға тиіспіз. Әрине, төтенше жағдай режимі мен карантин шараларының бәрімізге ауыр соққаны рас. Бүгінде мемлекет барынша қолдау көрсетіп, шағын және орта кәсіп пен жалпы бизнес өкілдеріне жеңілдіктер жасауда. Жеке өзіме келер болсам, мен бірнеше жылдан бері еліміздің үш облысында қарақат пен таңқурай егуді қолға алғанмын. Кез-келген жеміс-жидек пен көкөніс тезірек өнім беру үшін олардың көшеттері ерте көктемде отырғызылады. Біздің диқандар наурыздан бастап кетпенін арқалап, егіс алқабына кетеді ғой. Өкінішке қарай, биыл төтенше жағдай режиміне байланысты дақылдар ерте егілген жоқ. Ал кейін алқапты арамшөп пен қурай басып кетті де, ауыртпалық жүгі айтарлықтай сезілді. Бұл диқандардың басында кездесетін есебі жоқ проблемалардың бірі ғана. Осындай кезде тиісті органдар мен басшылық түсіністік танытып, біздің жағдайымызға дұрыс баға берсе деген тілек бар. – Өзіңіз айтып өткендей, ес білгелі жер анамен жұмыс істеп келесіз. Бұл саладағы кемшіліктер мен шаруаларға қиын соғатын жайттарды жақсы білетін шығарсыз... – Әрине, кемшіліксіз сала болмайды. Шаруалар мен диқандардың жай-күйін жаныма жақын санағасын, олардың басындағы проблемаға атүсті қарай алмайтыным тағы бар. Біздегі ауылшаруашылық саласы көптеген өзгерістерге зәру. Солардың бірі – шарулардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, несие беру процесін жеңілдету. Өйткені, жер алып, кетпенін арқалаған диқанға көлденең келетін дүниелер көп. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін несиені алу үшін қарапайым диқан қаншама кедергіге тап болады. Менің ең үлкен мақсаттарымның бірі – шағын бизнес үшін берілетін несиедегі кепілдікті алып тастау. Оның орнына шаруаларды 10-12 адамнан тұратын ұжымдарға біріктіріп, арнайы Декларация бойынша бақылап отыру қажет. Бұл диқандардың да, басқалардың да жұмысын едәуір жеңілдететін еді. Одан бөлек, ауылшаруашылығы саласындағы заңдар мен ережелер әрбір басшы, әрбір министр ауысқан сайын өзгеріп тұратыны да қиын. Бір ережеге енді үйрене бастағанда министр ауысады да, ол өз ойын тықпалайды. Бұл, әрине, басшылыққа қиын емес. Бірақ қарапайым диқан үшін үлкен проблема. – Сөз арасында жермен жұмыс істейтін шаруаларға несие беру ісін жеңілдету қажеттігін айттыңыз. Осы ойыңызды толықтырып өтесіз бе? – Несие мәселесіне тоқталмас бұрын, жер туралы айта кеткенім дұрыс шығар. Мен «жер жұмыс істеуі керек» деген қағиданы ұстанатын адаммын. Бізде қолданылмай, бос жатқан жерлер көп. Олардың көпшілігі банкте кепілде тұр, шамамен 30 пайызы шетелге көшіп кеткен және өмірден озған адамдардың атында. Мемлекет осы бос жатқан жерлерді шаруаларға тиімді әдіспен берсе, бұдан ұтатын нәрсе көп болмақ. Бірақ шаруаларға берілетін несиенің пайызы төмен әрі кепілсіз болса, іс одан әрі алға басады. Әрине, кепілзат болмаған соң, шаруаның жауапкершілігіне ғана сеніп, несие беру көңілге қонбайтын дүние. Бірақ қазіргі несиелендіру жүйесі бойынша ауылдағы қарапайым шаруа мен диқанның кепілзаты жоғары бағаланбайды да, несие жоғары пайызбен беріледі немесе мүлде берілмейді. Міне, осындай жағдайлардың алдын алу үшін несиені кепілзатсыз және қандай да бір бюрократиясыз берген дұрыс. Ол үшін шаруалар заңды тұлға астына бірігіп, ұжыммен бірге кепілзатсыз несие алу жауапкершілігін мойнына артады. – Ал шаруалар мен диқандар үшін міндетті болуы тиіс Декларация жөнінде не айтасыз? – Декларация дегеніміз жақсы дүние. Жермен жұмыс істегісі келетін әрбір диқан мен шаруадан біз Декларация аламыз. Ол бұл құжатқа қол қойып, алдағы үш немесе бес жылда не істейтінін толық баяндайды. Егер бәрі уәде етілгендей болмай, жер жұмыс істемей, тұрып қалса, жерді шаруадан қайтарып аламыз. Декларация шаруалардың жұмыс істеуіне де серпін береді. Одан бөлек, жауапкершілікті ұмыттырмайды. Әсіресе, жерді қайтару қаупі туындаған шаруа үшін бұл екінші мүмкіндік болмақ. Жалпы алғанда, бұл шара  айналымдағы ауылшаруашылығы жерлерін ұлғайтуға көмектеседі. – Түптеп келгенде мұның бәрі ауылшаруашылығы саласының алға басуына, ауыл тұрғындары жағдайының жақсаруына көмектеседі ғой... – Әрине. Мені еліміздің азаматы ретінде ауыл тұрғындарының жағдайы алаңдатады. Ал ауылдағы ағайынның көпшілігі жерден нәпақасын тауып отырғаны жасырын емес. Егер халыққа жұмыс істейтін жер берсек, олар табыс таба бастайды, тиісінше, әлеуметтік жағдайы да жақсара түседі. Осы орайда, жермен жұмыс істейтін шаруалардың білімін жетілдіру, олардың өнімін сатуды жолға қою мәселелері де шешіліп тұр. Еліміздегі «Агросауат» бағдарламасы әр диқанға өз аймағының климаттық ерекшеліктеріне байланысты қандай дақыл егу керектігін үтір-нүктесіне дейін түсіндіріп береді. Бұл жерде білімнің де қатар жүру керектігін ұмытпауымыз қажет. Білімсіз жасалған дүние жақсылыққа апармайды, табысқа кенелтпейді. Егер осының бәрі орындалатын болса, біз қандай да бір індетке де, карантинге де мойымайтын мықты агроөнеркәсіптік кешенге ие болар едік. – Әңгімеңізге рахмет!