Түркістан түрленіп келеді
Түркістан түрленіп келеді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. БАҚ өкілдерімен кездесуде өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндалды.

– Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына небәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан Елбасының стратегиялық маңызы зор шешімінен кейін дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы – Түркістан алып құрылыс алаңына айналды,– деді Өмірзақ Шөкеев.

Өңір басшысы құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын айтты. Көне шаһарда өңір әкімдіктері мен ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және медиаорталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ.А.Яссауи мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені салынып жатыр. Сондай-ақ, смарт сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеруде. 

Жыл соңына дейін Түркістан қаласында 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қараша айында 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Айта кететін жайт, биылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмысы қолға алынған. «Жасыл белдеудің» жалпы аумағы 7700 гектар жерді құрайды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу жоспарланып отыр.

Одан бөлек, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Мәселен, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапта азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы «Түркістан агро» инвестициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін машина-трактор станциясы құрылуда. Осы мақсатта АҚШ-нан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауылшаруашылығы техникасы сатып алыныпты.

Өңірде жалпы құны 1,5 млрд теңгеге жуық ауқымды жұмыс «Қазагроқаржы» АҚ-ның тарапынан лизинг шарты негізінде несиелендірілуде. Жоба аясында «1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылады.

Облыс әкімі Арысты қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.

– Биыл 24 маусымда Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғанын білесіздер. Осындай қиын сәтте Қазақстан халқы елдігі мен бірлігін көрсете білді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жедел қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, арыстықтарға Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді, көрсетіліп те жатыр. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді,– деді Ө.Естайұлы.

Еліміздің14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы бірігіп, зақым келген үйлерді қалпына келтірді. Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй (8534 жеке, 103 көпқабатты тұрғын үй) нысандары бар. Оның ішінде, 7163 тұрғын үй жөнделіп, 470 үй қайта салынған. Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтті. Қала көшелеріндегі ақауларды жою бойынша атқарылған іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы 68 әлеуметтік нысанның жөндеу және құрылыс жұмысы қолға алынып, бүгінге дейін 62-сі пайдалануға беріліпті. Жалпы, Түркістан облысында 2019 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 370,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,1% көрсеткен. Оның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 447,5 млрд теңгеге, инвестиция көлемі 248,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үйдің алаңы 424 мың шаршы метрді құрайды.