«СҚ-Фармацияның» 4 өңірге арналған қоймасында дәрі-дәрмек табылмай қалды
«СҚ-Фармацияның» 4 өңірге арналған қоймасында дәрі-дәрмек табылмай қалды
141
оқылды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысындағы «СҚ-Фармация» қоймасында бірқатар бұзушылықты анықтады. «СҚ-Фармация» ЖШС-нің Ақтөбедегі қоймасы батыс өңіріндегі облыстар үшін маңызды нысан. Мұнда 4 облысқа қажетті дәрі-дәрмекті сақтау қоймасы бар. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов және агенттік жанындағы Республикалық арнайы мониторингілік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов өңірге жұмыс сапарымен келіп, мониторинг жүргізді. Тексеру кезінде «СҚ-Фармация» қоймасында вирусқа қарсы «Авифавир» препараты табылмады. Онымен қоса, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің филиал өкілі Нұрлан Жұбанышев көптеген дәрі-дәрмек ауруханаларға жеткізіліп қойғанын айтқанымен, соңғы партиялар қайда және қандай мөлшерде жеткізілгені туралы сұраққа жауап бере алмады. Осыдан кейін батыстың 4 өңірі – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына қажетті екі айлық дәрі қорының жасақталғанынан қатысты күмән туындаған.
«Жұмыс тобы алдымен Ақтөбе медицина орталығына барды. Медицина орталығының қоймасын көріп, дәрі-дәрмек қорының жағдайымен танысты. Негізінен «СҚ – Фармация» серіктестігінен сатып алған 37 түрлі дәрі барлық аурухананың қоймасында болуы қажет. Алайда, мониторинг барысында медицина орталығының қоймасында 8 түрлі дәрі табылмады», - деді «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, биылғы 19 қазанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен аппарат кеңесінде «СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев коронавирустың екінші толқынына толық дайын екендіктерін және қажетті дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталғанын мәлім еткен болатын. Е.Есқалиев өз сөзінде 5,9 млрд теңгеге 37 түрлі атау бойынша дәрі-дәрмек сатып алынғанын айтты. Дәл сол жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Алик Шпекбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша коронавирустың екінші толқынына дайындық дәрежесін анықтауға бағытталған қоғамдық бақылау жүргізілетіндігін жеткізген еді.
«Еске салайық, коронавирустың алғашқы толқыны кезінде Антикор қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге 2500-ден астам дәріханада Covid-19-ға қарсы дәрі-дәрмектердің болуын және осы дәрілердің бағаларының шекті бағадан аспауын тексерді. 400-ге жуық қоймада мониторинг жүргізілді, сонымен қатар «СҚ-Фармацияның» Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы 4 негізгі хабы тексерілді», - делінген хабарламада.