Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі туралы заң жобалары мақұлданды.
Құжаттар Мемлекет басшысының Жолдауларында және Жарлықтарында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. 2021-2023 жылдар бюджетінің жобасында педагогтер мен медицина қызметкерлерінің жалақысын және мәртебесін көтеруге, мектептерді жан басына қарай қаржыландыруға, халықты таза ауызсумен қамтуға, жергілікті жолдарды салуға, жастар мен көпбалалы отбасыларға баспана беруге шығыстар қарастырылды. Мәжіліс депутаттары ауылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесіне назар аударды. Президенттің биылғы Жолдауында 3 жыл ішінде барлық ауылды фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен жабдықтау жүктелді. Соған қарамастан Үкіметтің Мәжіліске енгізген үш жылдық бюджет жобасында бұл мақсаттарға ақша көзделмепті.– Мәжіліс депутаттары «Nur Otan» партиясы фракциясының жиналысында осы проблеманы жария еткеннен кейін ғана Денсаулық сақтау министрлігі «наркоздан оянғандай» болды. Ал Қаржы министрі ауылдағы медицинаны дамытудың бастапқы шараларына әзірге 1 миллиард 68 млн теңге тауып отыр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.Оның байламынша, бұл жерде орталық пен өңірлер арасында өзара іс-қимылдың үйлеспегені бетке ұрып тұр. Әйтпесе, осы саладағы мұқтаждық, қаржы қажеттілігі туралы ақпарат дер кезінде және толық көлемде ДСМ-ге ұсынылғанда, барлық нысанды қаржыландыруға мүмкіндік туатын еді. Ол болмаған соң қазіргі уақытта өңірлерде тек 7 объекттің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Республикалық бюджет жобасына сәйкес, алдағы 2021 жылы тек әлеуметтік саланы дамытуға ғана 7 триллион теңге шығындалмақ. Бұл қазіргімен салыстырғанда 454 миллиард теңгеге көп. Нұрлан Нығматулин бюджет жобасының «Nur Otan» фракциясының отырысында алдын ала талқылануының маңыздылығына тоқталды. Онда Елбасының, партия Лидерінің тапсырмаларын және партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру әңгіме болғаны белгілі. Депутаттар экономиканың нақты секторларын, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға 1,7 триллион теңге бөлгізді. Жалпы, 2021 жылы ІЖӨ өсімі 2,8% болады, ал одан кейін 2025 жылға қарай 4,6%-ға дейін өседі деп күтілуде. Үш жылда инфляция 4-6% шегінде белгіленді. Бюджет кірісі 2021 жылы 6 трлн 925,7 миллиард теңге болмақ. Бюджет шығысы 2021 жылы – 14 трлн 49 млрд, 2022 жылы – 13 трлн 873,1 млрд, 2023 жылы 13 трлн 888,5 млрд теңге көлемінде болжануда.
Айхан ШӘРІП