Қоғам белсенділері Парламент Мәжілісінің алдағы сайлауы айрықша маңызды деп санайды. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдарованың пікірінше, алдағы сайлау бұған дейінгілерден мүлдем өзгеше болмақ.
– Мәжіліс депутаттарын сайлау елдегі азаматтық қоғамның белсенділігінің артуымен сәйкес келіп тұр. Бұл алдағы сайлаудың бұрынғыдан гөрі басқаша болатынын көрсетеді. Қазақстандық қоғам да одан оң өзгерістер күтеді. Жаңа үрдістер, жаңа бағыт, жалпы осылардың барлығы сайып келгенде жарқын бастамаларға жол ашады, – дейді Әсем Қайдарова.Белгілі телерадиожүргізуші Айгерім Есенәлі де кезекті сайлауға ерекше сеніммен қарайды.
– Биыл Қазақстан тарихында алғаш рет Праймериз өткізіліп, республиканың барлық өңірінде жаңа саяси процесс іске қосылды. Оған естеріңізде болса, өз бағдарламаммен мен де қатыстым. Праймеризге тіркелгендердің 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екен. Шыны керек, бұл партияішілік сайлау белсенді әрі сауатты жастардың саяси өмірге араласуына жол ашқанын аңғартады. Енді алдағы Парламент сайлауынан кейін дәл сол жас депутаттар да іске кіріседі... Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы кезекті Парламент сайлауының датасын бекітті. Биыл сегізінші рет өтейін деп отырған бұл сайлау бұрынғылардан өзгерек болатынға ұқсайды. Ең бастысы, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам», – дейді журналист.Айта кетейік, 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттардың кезекті сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтеді, ал ертеңінде Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан түсетін депутаттардың сайлауы болады.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ