Сіз кімсіз, Жапаров мырза?
Сіз кімсіз, Жапаров мырза?
161
оқылды

Ол қазан айының басында абақтыда отыр еді. Қапасқа жабылғанына 3 жыл болған. Алайда айдың ортасында бір елдің жаңа басшысы атанып шыға келді. Сырттай қарағанда оны баз біреу қырғыздың Манделасы деп ойлар. Алайда ол апартеидке қарсы күреспеді. Кезінде митинг ұйымдастырып, адамды тұтқындамақ болғаны үшін сотталды. Міне, Жапаров енді Қырғыз Республикасының келесі президенті атануы мүмкін. Қазірше мемлекет басшысының міндетін атқарушы, сәйкесінше бар билік соның қолында. Енді ол өзі уәде берген таза қырғыз елін құра ала ма?

Садыр Жапаровты қатардағы қырғыз азаматы деуге келмес. Жас­­тайынан көзге түскен. Кеңес ар­­миясының үздігі атанған. Елге орал­ған соң совхоз басқарған. Тіпті, 1 жылдай милиция қатарында бол­­ған. Кейін мұнай компаниясына же­текшілік етті. Алайда алған ар­найы білімі терең деп айтуға келе қоймас. 1991 жылы денешынықтыру институтын тәмамдаған. Кейін 2006 жылы парламент депутаты кезінде заң факультетін сырттай оқып алған. Жапаров саясатқа экс-прези­дент Құрманбек Бәкиевтің жақтасы ретінде келді. 2005 жылы төңкерістен соң ол Жогаргу Кенеш депутаты атанды. Бірнеше комиссия мүшесі болды. Ал Бәкиев парламентті та­ратқан соң 2007 жылы оның кеңес­шісі қызметіне тағайындалды. Алайда 2010 жылғы талай жанның қаны төгілген төңкерістен соң бас­шысының артынан ермеді. Елде қалды. Кейін берген сұхбаттарында Бәкиевтің жақтасы емес едім деп одан бас тартып шыға келді. 2010 жылы қырғыз елінің оң­түстігінде болған қырғыз-өзбек қақ­тығысында ол ерекше белсен­ділік танытып, көзге түседі. Бірақ қос та­рапты табыстырушы ретінде емес. Куәгерлер Жапаров қырғыз ұлтшыл­­дығын қоздыруға үлес қос­қан деседі. Ондаған кісі көз жұм­ған қайғылы оқиғадан соң Садыр Жапаров сая­­сат­­кер ретінде қырғыз халқының арасында абырой жиып, қолдауына ие болды. Сол жылғы парламент сайлауында ол жетек­шілердің бірі болған Ата-Жұрт пар­тиясы (төраға­сы Камчыбек Ташиев) 16% дауыс жиып, заң шығару органындағы 28-орынға иелік етті. Аталған депу­таттық тізімде Садыр Жапаров та болды. Дегенмен Жапаров заңға жай дауыс беріп отыратын депутат бол­май шықты. Ол өзінің туған жері – Ыстық-көл облысындағы «Құм­тор» кен орнын мемлекет қарамағына қайтару керегін айтып, бірнеше митинг ұйымдастырды. 2012 жылы осы мақсатта Бішкекте ереуілге шығып, Ақ үйді басып алмақ болды. Бұл әрекеті үшін 1 жылдан соң Ташиев, Жапаровты Бішкектің аудандық соты 18 айға бас бостан­дығынан айырды. Алайда үш айдан соң қалалық сот оларды сот залынан босатты. Бір қызығы, сол 2013 жылы оларды бостандыққа жіберген судья­­лардың бірі алдыңғы аптада президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып тағайындалды. Жапаров өзіне жақсылық жаса­ғандарды ұмыт­пайды екен. Алайда «Құмтор» кен орны оны мазалауын қоймады. Бостандыққа шыққан соң 2013 жылы шілде айында Ыстық-көл облысының орталығы Қаракөлде кезекті митинг өткізіп, облыс басшысы Эмилбек Қаптағаевты кепілдікке алмақ бол­ған. Яғни, Жапаров осы шабуы­лы арқылы өз мақсатына жету үшін қылмыстық әдістен таймайтынын дәлелдеген. Көп өтпей осы әрекеті үшін айыпталады. Оның жақтастары тұтылса, өзі Кипрге қашып кетеді. Тек 2017 жылы Отанына оралған тұста құрықталып, 11 жылға сотта­лады. Аталған кен орны шетел­діктердің иелігінде еді. Жапаров оны үкіметтің бақылауынан бұрын өз қарамағына алғысы келгендей. Сол үшін де талай ереуіл ұйым­дастырған сыңайлы. Жапаров 6 қазан күні жақтастары оны түрмеден күшпен босатқанға дейін Жапаров қапаста 3 жыл жатты. Алайда мұнда да тыныш жүрмеген секілді. Бішкектің ішкі саясатынан хабардар сарапшылар Садыр Жа­паровты қылмыс әлемінің серкесі Камчибек Колбаев қолдап тұр деп есептейді. Егер бұл болжам шын­дыққа жанасса, онда көрші елді қылмыстық топтар басқаруы мүмкін деген ой қылаң береді. Садыр Жапаров соңғы 2 аптада бостандыққа шығып қана қоймай, Қырғыз Республикасындағы бүкіл билікті қолына байлап алды деуге болады. Алдымен жақтастары оны күштеп премьер-министр қызметіне тағайындады. Кейін астанадан қашқан Сооронбай Жээнбеков елді тәртіпке шақыруға тырысты. Бірақ оның шешімдерін парламент депу­таттары қолдамай қойды. Жээн­беков қызметінен кеткен соң заң бойынша оның орнын басуы тиіс парламент спикері ол міндетті атқа­­рудан аяқасты бас тартты. Осы­­­лайша, үкімет басшысы бірден президенттің міндетін атқарушы лауазымына ие болды. Енді Жапа­ровтың негізгі мақсаты – өзінің билігін заңдастыру, жақтас­тарын, яғни Ата-Жұрт партиясының мү­шелерін парламентке өткізу. Бірақ бір кедергі бар. Қырғыз Республикасының заңы бойынша, президент міндетін атқарушы сай­­­­лауға қатыса алмайды. Алайда Жа­­­­паровқа ол да аса үлкен қиындық емес секілді. Себебі жақында берген сұх­батында парламент және пре­­зидент сайлауы туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар еніп жатқанын мәлімдеді. Басқаша айтсақ, депутаттар оның ел бас­­шылығына келуіне құқықтық тұр­­ғы­­да жағдай жасап бермек. Бұдан басқа, оның президент атануына тағы да кедергі бар еді. Ол – Жапаровтың қылмыстық та­рихы, яғни сотталғандығы. Мұн­дай адамның ел басқару түгілі мем­лекеттік қызметке тағайындалуы мүмкін емес. Алайда алынбайтын қамал жоқ екен. Қазан айының бел ортасында Қырғыз Респуб­лика­сының Жоғарғы соты оны барлық бап бойынша ақтап шықты. Енді Садыр Жапаровтың өткен био­графиясы тап-таза, кез келген сай­лауға сай келеді деуге болады. Жапаров бұл күндері жай жатқан жоқ. Үзеңгілестерін лауазымды қыз­­меттерге тағайындауда. Мәселен, өзінің қанды көйлек ескі досы, Ата-Жұрт партиясының жетекшісі Камчыбек Ташиевті мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне төраға етіп тағайындады. Осылайша, хи­­мик-технолог бір күнде арнайы қызметтің басшылығына келді. Ал вице-премьер қызметіне Равшан Сабировты апарды. Бір қызығы, бұл кісі әлеуметтік даму министрі ке­зінде пара алғаны үшін 5 жылға сотталған. Осылайша, көрші қырғыз елі үшінші мемлекеттік төңкерістің салдарын көріп жатыр. Әзірге билікке келген Садыр Жапаров жем­қорлықпен күресіп, офф­шордағы ақшаларды қайтарып, бюджетті толтыруға уәде етті. Ол үшін күмәнді жолмен байлыққа кенелгендерге 30 күн берді. Деген­мен мұндай по­пулистік жоспар өз нәтижесін бере ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Әлихан ИСМАН