Ұрылар ұлысына айналмасақ игі
Ұрылар ұлысына айналмасақ игі
122
оқылды

Қазына қаржысын жымқыру қалыпты өмір салтымызға айналып барады.  Сырт көзге сыпайы көрінген көп шендінің сыбайласып ақша ұрлағанын байқамай қалып жатырмыз. Олар құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері майлы жіліктің қай салада екенін жақсы біледі.  Не десек те, қазына қаржысына қол салуды көздегендер айласын асырып-ақ  жатыр. Арам пиғылын жүзеге асыру үшін 200-ден астам жоспар құрған топ жыл басынан бері жымын білдірмей 360 млрд теңгені үптеп үлгеріпті. Иә, қағыс естіген жоқсыз.   Соңғы 9 айда бюджет пен квазимемлекеттік сектордан 360 млрд теңге ұрыланған.  

Ақша ұрлайтынын ешкім ашық айтпайды

Бұл дерек бюджет қаражатын жым­қыру дерегін анықтауға арналған «Қа­зына» жедел алдын алу шарасы кезінде анықталыпты. Өкінішке қарай, ол қаржы қазынаға қайта ма, жоқ па,  дөп басу қиын. Қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шыққаннан кейін ғана бір жауабы белгілі болар. Мұндайда қаржы айналымын бақы­лаушы органдар  жемқор топтың жолын кесудің бір амалын неге жасамайды деген сұрақ туындайды. Алайда алдын ала  ешкімнің ақша жымқыратынын ашық айтпайтыны есіңе түскенде  әлгі сұрағың үшін ұялып қаласың. Бір мысал, былтыр  Түркістан облысының 4 азаматы «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына   қатысушы ретінде ШҚО-ның Тарбағатай ауданының Еңбекпен қамту орталығына жалған құжаттар ұсынған. Таратып айтқанда, Тарбағатай ауданындағы тұрғын үйлерді сатып алу туралы ниет шартын тапсырған. Олардың ерікті түрде көшуі үшін қарастырылған ақша есепшотына түскеннен кейін бұрынғы тұрғылықты жеріне – Түркістан облысына көшіп кеткен. Ал сатып алу туралы ниет шарты нотариалды түрде ресімделген тұрғын үй иелері  үйлерін ешкімге сатқан емеспіз деп отыр. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты бюджет қаражатын талан-таражға салу дерегі бо­йынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы бо­йынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жа­тыр. Бұл деректе ШҚО бойынша Эко­номикалық тергеу департаменті облыстық про­куратурамен бірге «Қазына» жедел алдын алу іс-шарасы аясында анықтаған. Дәл осындай қылмысты күні бұрын болжау мүмкін емес. Себебі түркістандық төрт азаматтың ШҚО-ға көшіп келудегі түпкі ойын сыбайластарынан өзге ешкім білмейді. Баспана сатып алуға берілген қаржыны қалтасын басып, туған жеріне тайып тұрғаннан кейін ғана  олардың бар ойы бюджет қаржысын жымқыру бол­ғанын түсінесіз. Әрине, олар бұл істе жалғыз емес. Жоғарыда аталған  бағ­дарламаға жауапты қызметкерлердің қа­тысы болуы мүмкін.  Әдетте қаржы жым­қыруды көздейтін топ әккі болып келеді.

 Жалған шот-фактура жазатын 60 топ анықталды

Қаржы министрлігі Қаржы мони­торингі комитетінің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі басқарма басшысы Арман Жүнісовтің айтуынша, комитет бюджет қаржысын жымқырудың алдын алуда қол қусырып отырған жоқ.  Мысалы, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдарымен біге жалған шот-фактураларды жазып беру мен ақша қаражатын қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдырумен күреске  бағытталған «STOP-ОБНАЛ» жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр екен.  Осы іс-шараның  пайдасы сол, жалған шот-фактураларды жазып беру мен криминалдық қолма-қол ақшамен айналысатын 60-тан астам ықтимал қылмыстық топ анықталды. Олар 1 200-ден астам бақыланатын компания құрған. Олардың қаржылық айналымы 2 триллион теңгеден асады. «Ал мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына қарсы тұру үшін   Barrel  жедел алдын алу шарасы іске асып жатыр. Қазіргі таңда еліміздің 5 аумағында осы саладағы фактілер тергеуге алынды. Олардың «көлеңкелі» айналымы 25,1 млрд теңгені, яғни 140 мың тоннадан астам жанар-жағармайды құрайды», – дейді ол. Ал «Стоп-игра»  шарасы аясында 206 заңсыз ойын орнының қызметі тоқтатылып, 7 жасырын казино мен 30 букмекерлік кеңсе анықталып, жойылған.  Заңсыз айналымнан 2 660 ойын автоматы, терминалдар мен покер үстелдері тәркіленген. Жалған алкоголь өнімін өндіретін 25 жерасты цехы анықталып, заңсыз айналымнан 620 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 140 мыңнан астам литрге жуық спирт және 60 мыңнан астам жалған есепке алу-бақылау маркалары алынған.  Мұның барлығы жыл басынан бері ғана тіркелген дерек. Өкінішке қарай, осындай заңсыз кәсіппен айналысушылар көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып отыр.  

Көлеңкедегі бизнес – қаржы жымқыру құралы

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша,  қаржы жымқырушылардың жолын кесу үшін көлеңкелі бизнеске жол бермеу керек деп санайды.  Оның пікірінше, көлеңкелі бизнес экономикалық реттеушілердің бақылауынан тыс қалған экономиканың бөлігі. «Көлеңкелі экономиканың дамуы ең алдымен мемлекеттік реттеуге байланысты. Мемлекет тарапынан болатын шектеулер кәсіпкерлер үшін қолайсыз болса, бизнес оны бұзуға мәжбүр болады, осылайша жосықсыз бизнес санатына енеді. Яғни, белгілі бір жағдайлар бизнесті кө­леңкеге итермелейді. Адам белгілі бір кәсіппен пайда табу үшін айналысатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан бизнес үшін қолайлы жағдай жасау керек» деген ол мұндай бизнес субъектілері қаржы жым­қырудың құралына айналатынын айтады. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша ішкі жалпы өнімдегі көлеңкелі экономика деңгейін Экономикалық ынтымақтастық  және даму ұйымы елдерінің деңгейі­не –  15-17%-ға дейін төмендету мақ­сатында көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы құжатта  шағын және орта бизнес субъектілерін «көлеңкеден» шығару  жұмысын күшейту көзделген. Мысалы,   қолма-қол ақшасыз айналымдар үлесін ұлғайту, салық-кеден саясатын  жетілдіру,   бақылауды күшейту деп кете береді. Соның ішінде салық заңнамасын жетілдіру бойынша «Электронды шот-фактура»  ақпараттық жүйесіндегі «Виртуалды қойма» модулінде кіріске алуға міндетті тауарлар тізбесін кеңейту ретінде бірқатар норма шығару бастамалары қабылданған. Сондай-ақ  BigData әдісін пайдаланатын «Тәуекелдерді басқару жүйесі» енгізілді, «Таңбалау» жүйесіндегі таңбаланатын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Астананың, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың аумақтарында орналасқан мұнай өнімдерін өндіруші зауыттарда және ЖМҚС-да («Мұнай өнімдерін есепке алу жүйесі» АЖ) есепке алудың бақылау аспаптары енгізіліп жатыр.  Тауарларды қадағалау жүйесі экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғайды. Мысалы, «Электронды шот-фактуралар»  жүйесі тауарлар қозғалысын соңғы тұ­тынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді, ал 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген «Виртуалды қойма» модулі та­уарлық емес операцияларды жасауға және жалған шот-фактураларды шығаруға жол бермейді. Биыл жаппай қолданысқа енгізілген онлайн-БКМ көлеңкелі эко­номика деңгейінің айтарлықтай тө­мендеуіне әсер етуі керек. Мұның барлығы қаржы жымқыруды көздеген қылмыстық топтың осал тұсын табуға септеседі. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Соңғы бес жылда қолма-қол ақшаны алу деңгейінің 39%-ға азайғаны соның бір мысалы. Сарапшылар қаржы жымқырудың ал­дын алуда мемлекеттік қызметтер мен қол­дау шараларын алу, өтінім беруден бас­тап  бүкіл процесті цифрландыру маңызды рөл атқарады деп санайды.  Ұлттық палата ұсынып жүрген  «Бизнеске арналған үкімет» жобасы  осы мақсатты көздейді екен. «Біз кәсіпкерлер туралы барынша толық және сенімді ақпарат беретін сервис жасауға дайынбыз. Бизнес «бір терезе» арқылы өз клиенттері мен жеткізушілерін көре алады, олардың сенімділігін бағалай алады, ал тұтынушылар сапалы тауар, жұмыс пен қызметті алады. Күдікті компаниялар жария болғанда, олардың қызметіне деген сұраныс күрт төмендейді және тиісінше, мұндай компаниялар нарықтан кетеді. Осылайша, мемлекет өзін-өзі бақылаудың тиімді жүйесіне, көлеңкелі экономиканы, корпоративтік сыбайлас жемқорлықты төмендетудің тиімді жүйесіне қол жеткізе алады», – дейді Р. Жүрсінов.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ