Кейінгі 5-10 жыл ішінде гинекологиялық аурулар «жасарып» барады. Бұл жөнінде Belon Medical орталығының директоры Дариға Сабденова ой қозғап, мәселе көтерген еді. Оған қоса, қыз-келіншектер үй жағдайында емделуге әуес екен. Гинекологтер әйелдердің тексеруден өтуді кейінге қалдырып, салғырттық танытатынын айтады. Көбінесе мұның соңы аурудың асқынуы мен бедеулікке әкеледі. Сондықтан дәрігерлер әйелдердің гинекологиялық сауатын арттыруды жолға қоюды ұсынады.
Бақсы-балгерлерге баратындар әлі бар
Гинекологтер тексеруден өтудің, консультация алудың маңызды екенін жиі айтады. Неліктен? Өйткені етеккірдің уақытылы келуі денсаулықта кінәрат жоғын білдірмейді. Гинеколог Дариға Сабденова БАҚ-қа берген сұхбатында 16 жастағы бойжеткеннен де жатыр мойны аурулары анықталғанын айтқан. Демек, уақытылы тексеруден өту – денсаулық кепілі. Себебі қоғамда жатыр мойны жаралары, жатырдағы қатерсіз ісік, жыныстық жолмен жұғатын ауру түрлері көбейген. Сол үшін гинекологтер жүктілікті жоспарлаудан бастап, витамин мен екпе қабылдауды дәрігермен ақылдасып шешкен дұрыс екенін ескертеді."Еліміздегі біраз әйелдің қателігі – өз білгенінше әрекет ету. Жүктілікке жоспарды метронидазол(метрид,метрогил) мен ыстық укол (кальций хлорид) салдырудан бастайды. Мұның арты бірнеше асқынуға алып келетінін білмейді,мәселен жүрек фибрилляциясы,психикалық бұзылулар,депрессия,ауызда бор дәмін сезіну,есекжем,метаболизмдік бұзылу,енгізу орнындағы реакциялар: көктамыр бойлай ауыру және гиперемия. Елден не естісе, соны істеуге құмар. Содан жатырдағы инфекцияға қарамастан бала көтереді. Соңы түсік тастау, ерте босану мен іштегі баланың дамуына кері әсер етеді. Мысалы, қыздар тұрмысқа шыққан соң 1-2 ай бала көтере алмаса, дюфастон препаратын қабылдайды. Ал бұл овуляция кезеңі жұмысын шектейді. Яғни, аталған дәріні ішкен әйелде біразға дейін овуляция болмайды. Ал бала көтеру үшін овуляция кезеңі маңызды. Бала көтере алмау себебін гинеколог тексеруден соң айтып береді. Мәселен, овуляция күніне түспеу немесе ер мен әйелге жай ғана микроэлемент жетіспеген болар», – дейді гинеколог Сымбат Нұрқожақызы.Дәрігердің айтуынша, бала көтермес бұрын кешенді тексеруден өтіп, қан талдамасын жасау керек. Бұл арқылы ағзаға жетіспейтін витаминдер мен кемшілікті анықтауға болады. Әрі ер-азаматтың да қабылдауға келіп, қан талдамасын жасағаны абзал. Өйткені әйелдің де, ер адамның да ағзасында инфекция болуы мүмкін. Сымбат Нұрқожақызының сөзіне мән берсек, бала көтерген соң да дәрігерге бармай, «өзім білемінге» салатындар бар екен. Себебі қазір әйелдер арасында бақсы-балгердің көмегіне жүгініп, өзіндік ем қолданушылардың қатары көп. «Бізде әйелдер бала көтере алмаса, бақсы-балгерлерге барады. Бұл – дұрыс емес. Алдымен қан талдамасын тапсырып, бойындағы кемшілікті білу керек. Мысалы, маған осыған ұқсас оқиғасын айтып бір келіншек келді. Оған қоңыр түсті етеккір келген. Бұл – іштегі балаға қауіп төнгенін білдіретін сигнал. Ал әйел себебін анықтау үшін гинекологқа емес, бақсы-балгерге барған. Ол жатырға массаж жасап берген. Артынша әйел түсік тастаған. Осындай жағдайға тап болмас үшін әйелдердің гинекологиялық сауатын ашып, ақпарат кеңістігін кеңейту қажет», – дейді гинеколог Сымбат Нұрқожақызы.
Комплекс дейтін бір түйін...
Ал гинекологтер айтқан тексеру құны қанша теңге? Мұны қарапайым әйелдің қалтасы көтере ме? Айта кетерлігі, егер бала көтерген әйел өзі тіркелген емханада талдамалардың бірқатарын тегін тапсыра алады. Талдаманы жекеменшік клиникада тапсырғысы келсе, 30-40 мың теңге қаражат керек. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеулесқызының айтуынша, бедеулік себебін анықтау талдамалары 70 мың теңгеден басталады. Әйелдердің дені талдаманы жекеменшік клиникада жасауды құп көреді. Консультация мен кешенді тексерілуде де аталған емханалардың қызметіне жүгінеді. Мәселен, кейіпкеріміз Самал Мақсатқызы бірінші жүктілігінде түсік тастаған. Себебі мен салдарын анықтау үшін өзі тіркелген емханаға барған. «Түсік тастағаннан кейін екінші рет мұндай жағдай қайталанбауы үшін емделуді жөн көрдім. Гармон түріне, инфекцияға және тағы басқаларына талдама жасаттым. Мұның бәрі 70-80 мың теңге тұрады. Алғашында тіркеуге тұрған №17 поликлиникаға бардым. «Отбасын жоспарлау» кабинетіндегі гинекологтер бірнеше сұрақ қойып, жауап алды. Кейіннен олардың жеке кітапшама «жағындыға (мазок) талдама алдым» деп жазғанын білдім. Оның үстіне, алғашқы жүктілік кезінде цистит мазалаған. Сонда гинекологтерден «осы уақытқа дейін қалай емделмей жүрсің?» деп кекесін білдіргені бар. Мұндай атмосферада тексеруден өткім келмей, жекеменшік клиниканы таңдадым», – дейді Самал Мақсатқызы.Салғырт қараудың соңы – бедеулік
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әйелдер арасындағы бедеуліктің 20, ерлер арасындағы бедеуліктің 22 себебін анықтаған. Бірінші кезекте – инфекцияны асқындырып алу мен өзін-өзі емдеу тұр. Ана мен балаұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеулесқызының айтуынша, үй жағдайында ем-шара қолдануға мүлдем болмайды. «35 жасқа дейінгі әйелдер 1 жыл ішінде бала көтермесе, міндетті түрде тексерілуге келуі керек. Ал 35 жастан асқан жандар көп уақыт өткізіп алмай, 6 ай ішінде тексерілуден өтуі қажет. Ерлі-зайыптылар ұзақ уақыт балалы болмаса, «шешімі – ЭКО» деп ойлау қате. Мүмкін, әйел жас кезінде жатырында қабыну болып, оны өз білгенінше немесе толыққанды емдемеген болар. Содан жатыр түтікшелері бітеліп қалғанын білмеуі мүмкін. Неғұрлым себебін ерте анықтаса, соғұрлым жақсы», – дейді гинеколог Гүлнар Тілеулесқызы. Сондай-ақ дәрігер әйелдердің психологиялық күйі де бала көтеру-көтермеуіне әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, іштей дайындықты да гинекологпен бірге бастаған жөн. «Анам 8 бала көтерген жан, менің бала көтермеуім мүмкін емес» деп ойлаудың қате түсінік екенін баса айтты. Өйткені орталыққа келген әйелдердің біразы спортпен айналысатынын, көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін алға тартады екен. «Орталықта әйелдер арасында анонимді сауалнама жүргіздік. Себебі неліктен олардың дәрігер көмегіне кеш жүгінетінін білгіміз келді. Нәтижесін ағылшын тілінде жарық көретін халықаралық журналда жарияладық. Расымен, елімізде әйелдердің гинекологиялық сауаты төмен. Өйткені сауалнамаға жауап бергендердің көбі тексеруден өту жолдары жайлы ақпаратты білмеген», – дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ЭКО бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тілеулесқызы. Жоғары білікті дәрігер жастардың ақпаратпен сусындап, гинекологиялық сауатын көтергенін қалайды. Сонда бедеуліктің алдын алуға, дені сау ұрпақ сүюге мүмкіндік көп екен. Өйткені сәбидің жатыр ішінде 6 айға дейін қалыпты дамуын қадағалау маңызды. Мәселен, жатырдағы нәресте ұл болса, анасы қабылдауға болмайтын препараттарды ішсе, бала крипторхизмге шалдығуы мүмкін. Ал крипторхизм ерлер арасындағы бедеулікке әкеледі. Әрине, мұны да ерте сатыдан анықтап, емдеуге болады. Сондықтан дертті дер кезінде анықтап, шипа табу кімге болмасын қажет-ақ.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ