Навальныйды улаған Ресейдің арнайы қызметі
Навальныйды улаған Ресейдің арнайы қызметі
Жақында дәл осындай мәлімдемені Батыс елдерінің бірнеше арнайы қызметі жа­риялады. Германия, Фран­ция, Ұлыбритания өкілдерінің пікірінше, Ресейдің арнайы қызметі оппозиционерді өл­тіруді көздемеген, тек елден кетуге ықпал еткісі келген. Бір өлімнен қалған А.Навальный аталған қауіпті «ымды» түсінді ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ ол Отанына әлі оралмады. «Навальныйды улау үшін Ресей­дің арнайы қызметі «Новичок» жүйке жүйесін сал қылатын улаушы затқа жүгінгені бекер емес», – дейді аталған елдердің өкілдері. Оған себеп көп. Соның бірі – бұған дейін «Новичокты» Батыста қолданып көрді. Ресейден қашқан экс-агент Сергей Скрипальды Англияда аталған «қарумен» улаған еді. Яғни, Мәскеу өз мақсатына жету үшін атышулы химиялық қаруға жүгі­нуден бас тартпайтынын тағы бір рет жеткізгісі келгендей. Жалпы, Ресей оппозиционеріне жасалған химиялық шабуылды Еуропа қауіпті қатер деп бағалап, бірден оны құтқаруға көшті. Ал­дымен ес-түссіз жатқан Наваль­ныйдың Омбыдан Германияға жет­кізілуіне қолғабыс жасады. Кейін емделуіне Берлиндегі «Шарите» кли­­никасын ұсынды. Алайда мұның барлығы тегін емес екен. Мәселен, Навальныйдың аталған клиникада емделу құны 49 900 еуро болған. Оны кәсіпкер Е.Чичваркин, экономист С.Алексашенко және «Яндекс» қызметкері Р.Иванов бірлесіп тө­­леген. Сондай-ақ арнайы әуе тран­спортымен Германияға жеткізу құны да аз болмаған, 79 мың еуро. Ол шығынды кәсіпкер Борис Зимин өз мойнына алған. Еуроодақ мұндай қатерді на­зардан тыс қалдырмайтыны белгілі. Сондықтан Навальныйдың ула­нуына қатысы болуы мүмкін деген Ресей шенеуніктеріне қарсы санк­циялар жариялады. Олардың қа­тарында Ресей президенті әкім­­ші­­лігінің басшылары, ФСБ дирек­торы, қорғаныс министрінің орын­ба­­сарлары, президенттің Сібірдегі уә­кілетті өкілі және Мемлекеттік ор­га­никалық химия және тех­нология ғылыми-зерттеу институты бар. Әрине, санкциялық тізімге азамат­тарды тегіннен-тегін енгіз­бейді. Нақты дәлел болуы тиіс. Сондықтан аталған тізімге қарап, Навальныйды улау операциясына бірнеше мем­лекеттік органның қатысы бол­ғанын байқауға болады. Енді бұл адамдар Еуропаға кіре алмайды және егер сонда есеп­­шоттары болса, олар бұғат­­талады. Ал әлгі ғылыми-зерттеу институтында «Новичок» жасалған деген болжам бар. Алексей Навальныйдың нақ «Новичокпен» уланғанын Герма­нияның қарулы күштеріне қарасты зертхана сарапшылары дәлелдеді. Дәл осындай тұжырымға Франция мен Швеция мамандары келді және үш ел зерттеуді бөлек жүргізген. Соңында бұл қорытындыны Хи­миялық қаруды таратуға тыйым салу ұйымы растады. Дегенмен осын­шама дәлелге қарамай, Мәскеу әдеттегідей барлық айыптарды мойын­дамай отыр. Олардың пікі­рінше, мұның барлығы қойылым, іс қолдан саясиланған. Ал Химиялық қаруды таратуға тыйым салу ұйымы өз мандатын асыра пайдаланып отыр-мыс. Ресейдің сыртқы істер министрлігі осы тұста 2017 жылы уланған Скрипальдың да оқиғасын еске алып, оны да ұйымдастырылған қойылым деп атап кетті. Мәскеу өз ұстанымын дәлелдеу үшін дәстүрлі әдіске көшті. Мем­ле­­­­кеттік телеарналар арқылы На­валь­­­­­ныйдың өзге де себептермен ден­саулығы нашарлағанын дәлелдеп бағуға тырысып жатыр. Бұдан бөлек, улану фактісі тіркелген 20 тамыздан бері 2 ай өтсе де, Томск қаласында әлі де қылмыстық іс ашылмаған. Жақында есін жиған оппо­зиционер 20 тамызда Томск қала­сында қонақүйде ішкен суына «Новичок» уы қосылғанын айтып отыр. Оның салдарын Навальный ұшақта сезіп, есінен танған. Осы жайттан соң ұшқыш ұшақты Ом­быда қондырған. Кейін науқасқа жергілікті жедел жәрдем көмек­тескен. Навальныйдың пікірінше, осы шешімдер оның өмірін аман сақтап қалған. Алексей Наваль­ныйдың айтуынша, оның қолында бұл химиялық шабуылды Кремль ұйымдастырғаны туралы барлық дәлел бар екен. Егер оппозиционердің айтып отырғаны рас болса, Ресей билігі оны елден қуып, қоғамға ықпалын азайтқысы келгендей. Себебі оның Twitter-дегі парақшасы Ресейде көш бастап тұр. Ал YouTube-тағы жеке кана­лына жүктеген видеолары бір­неше миллион қаралым жинай­ды. Түсір­ген деректі фильмдері дау-дамайға ұласып, саясаткер, оли­гархтарды әшке­ре­лейді. Яғни, осы процесті тоқтату үшін Кремль аталған улау деген қауіпті қадамға барған сыңайлы. Олар мұның соңы Батыстың кезекті санкциясына, қоғамдағы қарсы­лықтың өршуіне ұласатынын бол­жаған шығар. Алай­да А.Наваль­ныйдың Ресей қоға­мындағы таны­малдығы мен ық­палы артып бара жатқаны сон­ша билік болуы мүм­кін саяси, дип­ломатиялық, санк­циялық тәуекел­дерді біле тұра, аталған опе­рацияны жүзеге асыр­ғанға ұқсайды.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА